«Ескіге – жаңа өлшеуіш, жаманға – жақсы өлшеуіш», дейді біздің халқымыз. Кешегі кеңестік кезеңде еркіміздің шектеулі болғаны соншалық, қалауымыз қалыптан, тілеуіміз тұйықтан шыға алмай, көнбістікпен күн кешкен едік.
Алланың құдіретімен Тәуелсіздікке жетіп, өз жерімізге өзіміз ие болдық. Бақытты, қуатты дербес ел болу – бабалардың арманы еді.
Мына шексіз ғаламда өз далаң мен өз Отаның болғаны қандай бақыт!
Тәуелсіз Қазақстан таңғажайып жетістіктерге жетті.
Маңдайына қасірет шеккен халқын ұлы өткелден өткізу тағдыры жазылған Н.Назарбаев ұлтының ұлы армандарын жүзеге асыра білді.
Аз ғана жылда аспанның астын жайнатып, Астана-шаһар тұрғызды.
Елдің бірлігі артып, берекесі кірді.
Іргеміз – тыныш. Түндеріміз – бейбіт. Күндеріміз – нұрлы.
Мазасы қашып, ала топалаң болып жатқан елдерді де көріп отырмыз.
Сүйсінген болып, сұқтана қарайтын қарау жұрттың бар екенін де ішіміз сезеді.
Ізгілікті істерімен, ақыл-парасатымен әлемге танылған Президентті Қазақстан халқы қолдайды. Елі Елбасына сенеді.
Ертеңі – кешегіден, келешегі бүгінгіден жарқын болар деп үміттенеді. Сондықтан да, Президенттің жыл сайынғы Жолдауын асыға күтеді.
Елбасының биылғы Жолдауының маңыздылығы – адам өмірін қорғаудың, адам тұрмысын жақсартудың, адам жанын ізгілендірудің жолдарының барынша кең қарастырылғандығында.
Білім сапасын дамытудың, халыққа медициналық қызмет көрсетуді күшейтудің, тұрғын үймен, тұщы сумен қамтамасыз етудің бүгіні мен келешегін меңзеген бағдарламалар – «өңшең ғана жақсы» ойлар жанымызды жадыратты.
Елбасының мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың 2020 жылға қарай, кем дегенде, 95 пайызға жетуі тиіс деуі – тіл тағдырына алаңдайтын ел зиялыларының ойынан шықты деп ойлаймын. Бұл халықтың көкейінде жүрген мәселе еді. Бұл міндет халықтың өзіне де жүктеліп отыр. Қазақстанды Отаным дейтін адамдар үшін қазақ тілін үйрену – қасиетті іс. Жолдаудың бұл жолдарына қаламгер ретінде мен де үлкен үмітпен қараймын. Қазақша кітап оқитын ел боламыз деген ой бізді де ынталандырды. Жаңа, көркем туындылардың жазылуына дем береді.
Мен өзім малға бай, кезінде Талас Қаракөл қой зауыты деп аталған қазағы көп дарқан өлкенің қызымын. Жылдан-жылға тұрғындары қалаға қарай көшіп жатқан Үшарал деген ауылымның тағдыры ойлантатын. Бүгінгі Жолдаудағы халықтың әл-ауқатының көтерілуіне, жұмыспен қамтылуына, ауыл шаруашылығының дамуына бағытталған шаралардың алға қойылуы – менің туған ауылымның ғана емес, бүкіл ауыл-аймақтың қайта гүлденуіне сеп болар деп сенемін.
Ертеңге деген сенім – елдің үлкен тірегі.
Күләш АХМЕТОВА, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.