04 Маусым, 2016

Атакәсіп иесі

468 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
image (1)Қатардағы шаруа қожалығының төрағасы республикамыздағы «100 табысты тұлға» тізіміне қалай енді? Тапсырмаға сәйкес тілдестік, жүздестік, қарапайымдылығынан, сабырлылығынан еш таймаған байсалды жан қазақы қалпынан ауытқымай ішкі әлеміне еппен ендіріп те жіберді. Жетісу жерінде есімдері құрметпен аталып, ең бас­тысы, қарапайым халықтың ерекше ілтипатына ие болып жүрген Смайыловтар әулетінің алтыншы перзенті Жұмағали Смайылов «Әкемнен алған тәлімім – еңбек. Ес білгелі көргенім тек сол еңбек болды. Ал анам өмірбақи бала тәрбиесімен айналысты. Бізбен бірге жүріп кетпен ұстап өнім топырағын қопсытып, түптеді. Төл басы Бақыт ағам жаман болса ел сыйламас еді ғой. Еңбегі мемлекеттік деңгейде бағаланып «Құрмет» орденінің иегері болып, көптеген алғыс хаттар мен мерекелік медальдары омырауында жарқырап жүр», деп ағынан жарылған кейіпкеріміз. Жұмағали Смайылов 1985 жылдан бастап үлкен еңбекке аралас­ты. Алғашында ұжымшардағы құрылыс бөлімін басқарып 1994 жылы Қаратал өңірінен тарихи атамекеніне көшкен немістің иелігіндегі шаруа қожалығын толығымен сатып алып, өз бетінше жұмысқа кіріскен еді. Жаңа шаруашылықты жастай шетінеп кеткен ұлы Асқардың аты аталып жүрсін деген қазақы ырыммен «Асқар» шаруа қожалығы деп атады. 2013 жылдан қазақтың ақбас асыл тұқымды ірі қарасын өсіруде. Бүгінде сиыр саны 1000 бастан асты. Сөйтіп, табыстың қайнар көзі болып табылатын еңбекпен етене өскен жан сол еңбекпен келген дүниенің парқын біліп, бағалай білді. Мұндайда қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөзді дәл тауып айтқан ғой. Себебі, бұл әулеттің басы, марқұм Жексембі қария еңбек ұстаханасының хас шебері болғанын көз көргендер үнемі айтып жүреді. Отағасымен бірге 11 бала тәрбиелеп өсірген ардақты ана Мәкен Есжанқызы киелі шаңырақтың ырысы, құты, берекесіне айналып, фәни дүниеден озғанда халық қарақұрым болып жиналып ақ жауып, арулап жер қойнына берген-тін. Ата күші, ана сүтімен перзенттерінің бойына сіңген жақсы бір әдет – қашанда қысылған жандарға қолұшын беріп жүру. «Батамен ел, жауынмен жер көгереді» деп бекер айтылмаған ғой. Жұмағали Смайылов Елба­сы­ның «Кәсіпті атадан балаға мұра болып қалатындай жасау керек», деген сөзін көңіл түкпіріне түйіп алған жан. 2013 жылдан бері Қаратал ауданынан 500 бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңын салып, мал сою цехын жабдықтауда. Әрине, экспортқа ет шығару үшін мал сою цехындағы жабдықтар халықаралық стандартқа сай болуы шарт. Бұл ретте ауыл шаруашылығы саласының кәнігі мамандарымен кеңесіп, бірлесе әрекет ету шаруа адамының бойына сіңісті қасиет. Әманда ұя бұзбайтын ұстамдылығы табиғатында бар екендігі тағы анық. «Құдай қосқан қосағым Светлана Иниятова екеуміз Нұрсұлтан, Алпамыс атты екі ұл тәрбиелеп, өсіріп отырмыз. Үлкен ұл оқудың артына түсіп, заңгерлік мамандықты таңдады. Кіші ұлдың шаруаға қыры бар. Күні-түні қасымнан тастамай малшыларымызды, егіншілерімізді аралап, кейде алқап басында жер жыртып, тұқым сеуіп, жинап жүрген техниканың бір бөлшегін арақашықтығы жүздеген шақырымға созылған қаладан сатып алып апарғанда екінші бір ақауы дайын тұратын сәттер болады. Сондай кездерде бірде-бір рет кейіген емес. Қажет пе, әкеліп беру керек екенін айтқызбай ұғады. Әкелі-балалы болып оңаша отырып сырласқанда таңдауым осы ауыл шаруашылығы саласы. Бастаған жұмысыңызды жалғастырамын деген нық сенімін де білдірді», дейді Жұмағали Смайылов. Адал еңбегінің жемісін елге ашық көрсету, табиғатынан қалыптасқан һәм  бойында бар сабырлылықты сақтап байыппен негізінің мықтылығын таныта білу екінің біріне бұйырмаған бақыт. Бұл ізгіліктің ізін жалғаушы жандардың тәлейіне жазылған. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан» Алматы облысы, Қаратал ауданы