«Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық форумы биыл Жезқазған-Ұлытау өңірінде өтті
Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған дәстүрлі «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық форумы биыл Жезқазған қаласында өтті. Қолдан жасалған нәубеттер – ел тарихындағы ең азалы беттердің бірі. Алапат аштықтан елімізде 2 миллионға жуық адам қазаға ұшырады. Миллиондаған қандасымыз шетелдерге босып кетті. Елдің бас көтерер азаматтары оққа байланды. Бұл тек қазаққа келген қасірет емес, одан Кеңес Одағындағы көптеген халықтар зардап шекті. Тұтас ұлттар атақоныстарынан күштеп көшірілді. Зұлмат жылдары 1,5 миллионнан астам адам қазақ даласына жер аударылды. Тағдыр тауқыметін арқалаған сан түрлі ұлт өкілдері қазақ жері мен елінен пана тапты.
Форумның алғашқы күнінде Жезқазғандағы Бизнес және көлік колледжінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыс жұмысына Парламент Мәжілісінің депутаттары, ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы мен мүшелері, ҚХА өңірлік хатшылықтарының меңгерушілері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, тарихшы ғалымдар, БАҚ өкілдері қатысты.
Алқалы жиынның жұмысы игілікті шарамен басталды. Аталған оқу орнында Қоғамдық келісім кеңесінің залы салтанатты жағдайда ашылды. Бұл шаруаның басы-қасында жүрген Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты Бекзат Алтынбековтің айтуынша, Қоғамдық келісім кеңесінің залы елімізде тұңғыш рет ашылып отыр екен. «Біздің негізі мақсатымыз – осы жерде елмен, қоғамдық ұйым өкілдерімен емін-еркін отырып, бүгінгі күннің көкейкесті мәселелері төңірінде пікір алмасу, халықпен байланысты нығайта түсу. Сол тұрғыдан келгенде, бәрімізді басымызды қосуға мүмкіндік беретін, ішіне 80 адамға дейін сыятын бұл орынның маңызы өте зор деп ойлаймын», – деді Б.Алтынбеков.
Қоғамдық келісім залының ашылу салтанатында лента қию рәсімін Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов пен колледж директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Светлана Жұмкина атқарды.
Форум жұмысына қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко арнайы сөз сөйлеп, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған іс-шаралар осы форумның мақсат-міндеттерін жүзеге асыруға үлкен септігін тигізетіндігін айтып өтті.
Бұдан соң сөз алған Жезқазған қаласының әкімі Батырлан Ахметов республиканың әр өңірінен және шет мемлекеттерден келген меймандарға алғысын білдіріп, Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінің маңызына тоқталды.
Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов Қоғамдық келісім кеңесінің кеңейтілген отырысында өз баяндамасын Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының қоғамдық келісім кеңестерімен өзара байланысы тақырыбына арнады.
«Қазақстан халқы Ассамблеясының беделі мен салмағы жыл өткен сайын көтеріліп келеді. Мұны Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан Мәжіліске депутат болып сайланған Владимир Божконың Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары болып сайланғанынан да байқауға болады. ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің жергілікті әкімдіктер жанындағы сабағаттық-кеңесші орган екені белгілі. Оның құрамына қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени бірлестіктердің және мемлекеттік органдардың өкілдері енеді. Сіздер мен біздердің міндетіміз ортақ – азаматтық қоғам институттарын біріктіріп, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту», – деді ол өз сөзінде.
Қоғамдық келісім кеңесінің кеңейтілген отырысынан кейін форум делегаттары Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайында болып, одан кейін С.Қожамқұлов атындағы музыкалы-драма театрында «Сәкеннің соңғы сәті» қойылымын тамашалады.
Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған халықаралық форум келесі күні Ұлытау өңірінде жалғасып, аудан әкімі Хамит Омаров бастаған қонақжай ұлытаулықтар меймандарын «Бірлік» монументінің алдында дәм-тұзымен құшақ жая күтіп алды.
Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов осы жерде заманында ұлт кіндігі Ұлытауда өткен хандар жиыны, көрегендікпен дау шешкен билер кеңесі жайлы әңгіме өрбітті:
«Сөзімді бір фактіден бастағым келіп отыр, – деді С.Абдрахманов. – Сіздердің даңқты жерлестеріңіз академик Төрегелді Шарманов алдыңғы жылы Ұлттық ғылым академиясында өткен кездесуде Ұлытау ауданының жер аумағы тұтас бір облыстан, нақты айтқанда, Оңтүстік Қазақстан облысынан үлкен деген ой айтыпты. Оны журналист «Он мыңнан астам ғана адам тұратын Ұлытау ауданының жер көлемі екі жарым миллионнан астам халық тұратын Оңтүстік Қазақстан облысынан үлкен» деп айтты деп келтіріпті. Дәл солай емес шығар, бір ауданның жері, қанша үлкен болғанда да, бір шеті мына жақтағы Мақтааралдан басталып, бір шеті сонау Созаққа жалғасатын облыстан үлкен бола қоймас, Төкең бір жерден естігені бойынша тартып жіберген болар немесе кездесуден есеп жазған журналисіміз жаңылыс естіген шығар деген ой келіп, күмәнді тұсты қағып тастайтын редакторлық әдетпен сол сөйлемді қысқарта қояйын деп тұрдым да, интернеттен тексеруді артық көрмедім. Сөйтсем, Төрегелді ағам дұрыс айтыпты. Оңтүстік Қазақстан облысының жер көлемі 117 мың шаршы шақырым екен. Ұлытау ауданының жер көлемі 121 мың шаршы шақырым екен. Біз Ұлы Дала елі деген атауды осындай ұлы жердің арқасында алып отырмыз. Бұл жер Ұлытау деп аталады. Ұлы Тау. Ұлы Даламыздағы біздің ұйысуымыздың тарихымен терең байланысқан жер бұл. Қазақтың табысқан төбесі бұл. Қазақтың соңғы ханы Кенесары ордасын тіккен жер бұл. Өмірде бір-бірімен алысып-жұлысып өткен Едіге мен Тоқтамыстың дамыл тауып, бір шоқының басында табысқан жері бұл. Азияның арыстаны атанған Әмір Темір ат шалдырып, тау басына көтерілген, қолдан ғаламат шоқы үйдіріп, сол оқиғаны тасқа қашап жаздырған жер бұл. Халқымыздың данышпан ойшылы Әбіш Кекілбаевқа: «Қазіргі Ұлытау – ежелгі рухани самғаулар мен саяси шоғырлануға куә болған қашанғы қара орын», дегізген қасиетті мекен бұл. Ұлытаудың тарихы Ұлы Даладағы қазақ этносының қалыптасу тарихымен мейлінше терең байланысқан. Дәл осы Ұлытау жерінде 1730 жылы үш жүздің 40 мың қазақ қолы жиналып, мәңгі бірге болмаққа ант берісті. Олай болса, біздің қасиетті борышымыз – бабалардан қалған аманат пен өсиетке адал болу!».
Бұдан соң қонақтар «Таңбалы тас» алаңында болды. Еліміздің барлық өңірінен келген меймандар осы жерге көшет отырғызып, қайырлы іс жасады.
Ұлытаудың мақтан тұтар нысандарының бірі – «Бес Арыс» мемориалдық кешені. Бұл жерде Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Сейілбек Жанайдаров сынды Алаш зиялыларына ескерткіштер қойылған. Ұлт болашағы үшін азаттық жолында құрбан болған арыстар бір сәттік үнсіздікпен еске алынып, рухтарына дұға бағышталды.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында ауданды көгалдандыру мен абаттандыруға қатысты 25 игі іс атқару жоспарланған. Жоспар аясында және Балаларды қорғау күніне орай, осы күні «Өркен» балабақшасының жанынан балалар ойын алаңы ашылды. Жүздері балбұл жайнаған бүлдіршіндерді Парламент Мәжілісінің депутаты Наталья Жұмаділдаева арнайы құттықтап, игі лебізін білдірді.
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғат қорық-мұражайындағы Хандар алаңын да меймандар үлкен қызығушылықпен тамашалады. Осы жердегі Хан ордасында қазақтың бірнеше билеушісі таққа отырған. 1993 жылы Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да осы Хан ордасында құрмет көрсетілген. Тарихи жердің шежіресімен қонақтарды мұражай-қорықтың директоры Бақтияр Қожахметов таныстырды.
Ұлытау жері тарихи ескерткіштерге толы. Әрбір тасы мен самал желі тарих тұңғиығынан сыр шертіп тұрғандай әсер қалдырады. Жыл сайын мұнда өз елімізден де, шет мемлекеттерден де туристер ағылып келіп жатады.
Форумға қатысушылар шара аясында қызықты саяхат ұйымдастырған ұлытаулықтарға риза болды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко жергілікті жұртшылыққа қонақтар атынан алғысын білдірді.
Жезқазғанда өткен «Мәңгілік Ел: тарихи зердедегі жасампаздық қуаты» атты ғылыми-тәжірибелік конференция да тақырып маңыздылығымен ерекшеленді. Конференцияның пленарлық отырысына Қарағанды облысының әкімі, Қарағанды облыстық ҚХА филиалының төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков жетекшілік етті. Отырысқа кіріспе сөзінде өңір басшысы маңызды форумның Қарағанды облысының аумағында, онда да заманында үш жүздің басын қосқан қасиетті Ұлытау топырағында өтіп отырғанына ризашылығын білдіріп, осынау тарихи жердің маңызын атап өтті. Қарағанды жерінде болған азап лагерьлерінің тарихына тоқталды.
Бұдан соң, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» жобасы – тарихи жадының құндылық негізі» тақырыбында баяндама жасады.
Парламент Мәжілісінің депутаты, ҚХА депутаттық тобының жетекшісі С.Абдрахманов, Жапония мемлекетінен келген Т.Ивэнэ, Қазақстан Президентінің мұрағаты директорының орынбасары Қ.Әлімғазинов, Парламент Мәжілісінің депутаты Н.Дулатбеков, румындық зерттеуші Л.Дионисий сынды тұлғалар да түрлі тақырыпта сөз сөйлеп, ұсыныстарын ортаға салды.
Жарыссөздер барысында Парламент Мәжілісінің депутаты А.Мурадов: – «Жүз отыздан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір мемлекетте ширек ғасыр бойы тату-тәтті, бейбіт тұрып жатуымыз қазақ халқының адамгершілігі мен кішіпейілділігінің, қонақжайлылығының арқасы», – деп атап өтті.
Пленарлық отырыстың қорытындысы бойынша форумға қатысушылар Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа үндеу жолдады.
Форумға қатысушылар Жезқазғандағы «Ютария Ltd» өндірістік инновациялық компаниясына барып, сондағы «Аналар кеңесі» бөлімшесінің ашылу салтанатына қатысты. Аталған компания – қалада 500-дей адамды жұмыспен қамтып отырған, өндірген тауарлары сұранысқа ие тігін фабрикасы. Осы тұрғыдан келгенде, «Аналар кеңесінің» жезқазғандық қыз-келіншектер еңбек ететін жерде отау тіккені өте орынды шаруаның бірі болды.
Сонымен қатар, форум меймандары ҚХА-ның жалпыұлттық «Мейірімділік керуені» жобасының аясында Жезқазғандағы М.Құлышева атындағы балалар үйі мен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Аялы алақан» орталығында болып, балаларға сый-сияпат жасады. Сонымен қатар, «Аналар кеңесінің» жұмысына қатысты.
Айта кету керек, биылғы форум жұмысын ұйымдастырып, өткізуге Жезқазған өңірінің жекелеген азаматтары көп еңбек сіңірді. Мысалы, қонақтарды күтіп алу, шығарып салу шаруаларының жуан ортасында кезінде меценаттығымен аты шыққан кәсіпкер, бүгінгі депутат, ҚХА Жезқазған қалалық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков жүрді. Басқа да тындырған шаруалары өз алдына, бұл кісі өз қаражатына Ақтоғайдан арнайы шақыртқан әйгілі «Тоқырауын толқындары» ансамблінің өнері форум қонақтарына естен кетпес әсерлі сәттер сыйлаған еді.
Халықаралық форум жұмысын қорытындылаған ҚХА Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов барлық қатысушыларға, меймандарға үш күн бойы тік тұрып құрмет көрсеткен Қарағанды облысының, оның ішінде Жезқазған қаласы мен Ұлытау ауданының жұртшылығына алғысын білдірді.
Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық форумы жетінші рет өткізілді. Оның мақсаты – ортақ тарих және «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы негізінде жалпыұлттық тарихи сана қалыптастыру, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту. Айтулы шара жыл сайын сол мақсат биігінен көрініп келеді. Уақыт озған сайын ел бірлігін бекіте түсу бағытында жаңаша идеялар мен бастамалар бой көтеріп, тату-тәтті тіршілігімізге дәнекер болып келеді. Дүние мың құбылған заманда ең алдымен керегі де сол татулық пен тыныштық қой.
Қарағанды облысы