«Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы Ақтөбе ферроқорытпа зауытында өндірістің әр саласында 385 бригада табысты еңбек етеді. Осы бригадалардың арасында өзара жарыс өткізіліп, әр тоқсан сайын қорытындысы шығарылып, үздіктер анықталады. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 11 бригада үздік деп танылды.
Бригадирлер жарысының негізгі өлшемдерінің негізгілері, әрине, өндірістік көрсеткіштер, қауіпсіз еңбек және кәсіпорынның өнертапқыштық дамуына үлес қосу, жұмысты дұрыс ұйымдастыру болып табылады. Осындай сыннан сүрінбей өтіп, өзгелерге үлгі болған үздік бригадалардың қатарында №2 балқыту цехының Дәулетқұл Раисов, Тілеубай Маханов, Жаңабек Әбішев, Аманжол Көптілеуов басқаратын балқытушылар бригадалары 60 балдық ұпай санымен үздік атанды. Сондай-ақ, олардың қатарын 50-ден бастап 60-қа дейінгі ұпай сандарымен қойма шаруашылығы учаскесінен Серік Момынов, химиялық сараптама зертханасынан Зарина Гарипова, электр жөндеу цехынан Ерсін Кажбенов, теміржол цехынан Темірлан Тулубаев, өндірісті автоматтандыру және байланыс цехынан Геннадий Изотов, қожды қайта өңдеу цехынан Бисенғали Тұманов және металлургиялық құрал-жабдықтарды жөндеу цехынан Біртай Толыбай басқаратын бригадалар бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша ең үздік бригадалар қатарынан көрініп, топ жарды.
– Біздің өндірісте адал еңбек ешқашан ескерусіз қалмайды. Жыл сайын зауыт және компания көлемінде бригадалар арасында жарыс өткізіліп отырады. Жарыстың басты мақсаты – қауіпсіз еңбек, өндірістегі жұмысты дұрыс ұйымдастыру. Сонымен қатар, апаттың алдын алу және болдырмау бойынша профилактикалық шараларды жүзеге асыру еңбек өнімділігін, жұмыс сапасын арттыру және ұйымдастыру болып табылады. Үздіктерді анықтап, оларға құрмет көрсету сияқты маңызды іс-шаралар осы жарыс шеңберінде өткізіліп, бригадалар материалдық жағынан ынталандырылады. 2015 жылы №2 балқыту цехының Тілеубай Махановтың бригадасы үздік деп танылып, қомақты қаражатқа ие болса, өндірісті автоматтандыру және байланыс цехының бригадасының екі жұмыскері тегін жолдамамен Қостанай облысындағы «Сосновый бор» санаторийінде тынығып қайтты. Нәтижелі еңбек әрдайым марапатқа лайық, – дейді кәсіподақ ұйымының төрағасы Бақытгерей Қабанов.
Электрмонтерлер жұмыс барысында аса қырағылық таныту керек деп есептеймін. «Арнайы киім – қорғаның» демекші, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаған жөн. Себебі, тоқ көзі қателесуді кешірмейді. Менің бригадам үздіктер қатарын толықтырғанына өте қуаныштымын. Басты мақсатымыз – еселі еңбек етіп, апатты жағдайға жол бермеу, – дейді электр жөндеу цехының бригадирі Ерсін Кажбенов.
Өздерінің маңдай тер еңбегі және кәсіби біліктілігімен топ жарған үздіктер кәсіпорын тарапынан лайықты сый-сияпатқа ие болды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы