Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған Республикалық «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы аясында өңірімізде өткен уақытта жөні бөлек, жосығы айрықша іс-шаралар ұйымдастырылып, өте бай тәжірибе жинақталды. Міне, мегажоба биыл да жарасымды жалғасын тауып, барлық ауданды қамтитын болады. Яғни, аудандардан делегациялар бір-біріне эстафетаны аманаттайды. Жуырда оны облыс әкімі Алтай Көлгіновтен қабылдаған облыс орталығының өкілдері Ақжайық ауданына тапсырды. Аудан орталығы – Чапаевтағы бұл күннің бағдарламасы мазмұндылығымен ерекшеленіп, ұзақ есте қалар әсер әкелді.
Ұлы Дала кеңістігіндегі биік шаңырағымызда тату-тәтті өмір сүріп, киелі жерімізді еңбектің құдіретімен көркейтіп, Отан алдындағы жауапкершіліктің алауын жарқыратқанға не жетсін деңіз. Оралдық делегациямен аудан орталығының басты алауындағы жүздесуден басталған шаралар мұны жан-жақты жарқыратып көрсетіп берді. Алдымен қалалықтар Чапаевтағы тәрбие, білім ұяларына, оның ішінде мемлекет пен жекеше серіктестігінің айқын бір дәлелі болып табылатын, жуырда дүниеге келген «Жібек» және «Аяна» жеке балабақшаларына Орал әкімі Нариман Төреғалиевтің атынан спорт құралдары, т.б. сыйлықтар тапсырды. Бұл ертең ел тағдырының тізгінен ұстайтын ұл-қызға қамқорлықтың жарқын бір көрінісіне айналды.
Осы қайырымдылық керуені одан әрі ауылдағы Ұлы Отан соғысының ардагерлері Хасен Қоспаев, Зинекеш Сақыбалиев, Иван Акутин, Қаматай Сарбөпеевтің үйлеріне барып, оларға сый-сияпат тапсырумен жалғасты. БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы, Орал әкімдігі, кәсіпорындар өкілдері Ұлы Жеңіс сарбаздарымен емен-жарқын әңгімелесті.
Құрылғанына үшінші жылға аяқ басқан «Радуга» славян этномәдени бірлестігінде ыстық ықыласты кездесу өтті. Азаматтық және рухани құндылықтардың бірлігін насихаттау жөніндегі жұмыстарымен өңіріміздің біраз жеріне танылып үлгерген радугалықтардың көркемөнерпаздығымен, «Жастар» отауымен, мұражайымен меймандар қызыға танысты. Азаттығымыздың ұлы құндылығының бірі – ҚХА шежіресін оқып-үйрену жөнінде де орталық мүшелері айтулы істер тындыруда.
Тарихы терең білім ордасы – М.Әуезов атындағы орта мектепте аудан ауылдарынан өкілдер қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Аудан әкімі Ә.Жоламанов мәжілісті «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарынан туындайтын міндеттерді салмақтаумен ашты. Қазақстандықтардың мәдени әралуандығының қуатты күші, елдік рухы, халық шығармашылығының арынды арнаға тоғысуы, өңіріміздегі барлық этномәдени бірлестіктердің салт-дәстүрді көздің қарашығындай сақтауы оралдық өнер ұжымдарының «Мерей» мәдени-демалыс орталығында өткен концертінен сөзсіз көрінді.
Қала әкімінің орынбасары Ғалым Орынғалиев мегажобаға терең мүдделілікпен, іргелі істермен атсалысып келе жатқан ақжайықтықтарға ақжарма алғысын айтып, Орал қолтаңбасы айшықталған, Тәуелсіздік жылдарындағы ел жетістіктері таңбаланған символдық альбомды аудан әкімі Әділ Жоламановқа салтанатты жағдайда тапсырды. Ауданнан облыс орталығына естелік сыйлық табысталды.
Осы күні Чапаевта оралдық жеке кәсіпкерлер, ЖШС, шаруа қожалықтарынан әкелінген тауарларының жәрмеңкесі өтті.
Орал аманаттаған эстафетамен Ақжайық ауданының өкілдері Бөкей ордасы ауданына жол тартты. Мегажоба Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс орталығында қорытындыланады.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы,
Ақжайық ауданы