04 Маусым, 2016

Жамбы ату – жанымызға жақын

1078 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жамбы ату – қазақ халқының ұлттық жауынгерлік ойыны. Ертеде кең тараған мергендер сынының бұл ойын түрі соңғы уақытта мүлде ұмытыла бастағандай еді. Бүгінде оны қайта жандандыру мақсатында облыстық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінде жамбы ату ұлттық спорт түрінен жарыс ұйымдастырылғандығын естігенде, көңіліміз бір жадырап қалды. Ертеде жамбы ату ойынында атпен шауып келе жатып жігіттер екпінін бәсеңдетпестен, құрулы бақан үстіндегі нысананы атып құлатуы тиіс болған. Ереже бойынша жігіттер сөреде өз сәйгүліктерінің жанынан табылулары керек. Төреші белгі бергеннен кейін олар аттарын тез ерттеп, шаба жөнеліп, жолындағы нысаналарды атып құлатулары қажет болатын. Төрешілердің ұйғарымымен нысаналар да бірнешеу болуы мүмкін. Облыс тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған бұл ұлттық спорт түрінің салтанатты ашылуына Краснояр ауылдық округінің әкімі Базарбай Әбуов пен облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Әлімжан Молдағали қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұлттық спорт түрлерінің жаттықтырушысы, жамбы атудың даярлық курсынан өткен Айболат Естай қатысушыларға арнап, жамбы атудан шеберлік сыныбын өткізді. Жамбы атуға барлығы 28 талапкер қатысты. Жасөспірімдер түрегеліп тұрып, 10 метр қашық­тықты 5 мәртеден көздеді. Мұнда 32 ұпай жинаған красноярлық Рахман Дәулетхан топ бастады. Зеренді ауданының Ортақ ауылынан келген Нұрсұлтан Орал одан бір ұпай кем жинап, екінші орыннан көрінді. Үшінші орын красноярлық Санжар Балтабаевқа бұйырды. Ал ересектер арасындағы сайыс­та Көкшетау қаласының тұрғыны Серік Нұрпейісов 31 ұпаймен үздік деп танылса, оның жерлесі Ербол Тұқаев 25 ұпай жинап, екінші орынды иеленді. Краснояр тұрғыны Есберген Сыздықов үшінші орынды місе тұтты. Осындай ұлттық ойынның ұйым­дастырылуына қолұшын бе­ріп, демеушілік жасаған Қайрат Құр­­сарин, Дәурен Қанапин және Ер­бол Тұқаев секілді ұлт жанашыр­ла­рының ізгі ниетіне сүйсініс біл­дір­меске болмайды. Жалпы, әрбір Олимпиадалық ойындардан кейін оның бағдар­ламаларына енген спорт түрлерінің халықаралық бірлестіктері оны қайта қарап, түзетулер, өзгерістер енгізіп жатады. Қазақ халқының ұлттық спорт түрлерінің ережелерін де қайта қарап, заман талабына сай өзгертуге болады. Мысалы, жамбы ату биатлонның ережесіне сай өзгертуге келеді. Тек шаңғының орнына ат керек. Сонда жаңа спорт түрі жазғы биатлон, яғни «қазақ биат­лоны» өмірге келер еді. Ырысалды ШАМШИЕВА Ақмола облысы
Соңғы жаңалықтар