02 Ақпан, 2011

Игіліктің ерте-кеші жоқ

905 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халқымызға кезекті Жолдауына дейін екі нәрсені ойлап жүретін едім. Біріншісі – соңғы жылдар­да­ғы диссертация қорғау жұмысы жайлы. Өзім Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы философия қорғау кеңесінің мүшесі болып келдім. Қорғалған диссертациялардың мәні шынында төмен болып жүрді. Кейбір қорғалып жатқан докторлық диссертация мәні жайында жаным ашып, қатты сын айтып та қалатынмын. Бір­ақ, ол жұмыстың нашар екенін кеңес мүшелерінің бәрі бірдей біледі. Дегенмен, өздері қолда­ған­дықтан, көзін жұмып оты­ратын. Сондықтан мен де «ақ қарға» болмаймын деп, кеңестің ыңғайына жығылатынмын. Сөйт­сем, елімізде осындай диссерта­ция­лық кеңестер саны 200-дей екен. Қорғағандар біршама, бірақ мәнісі төмен. Құр бос атаққа ие болды. Сондықтан да қорға­ған­дардан ғылым саласына 60 кан­дидаттың біреуі, 37 доктордың біреуі ғана келетін. Қалған­да­ры­на ғылыми атақ тек мақтан үшін керек болған. Осыдан Прези­ден­ті­міздің бұл жұмысты тоқтатып, магистратура мен докторанту­раға бұрылу керек деген бағы­тын барлық ынтаммен қабыл­даймын және жақсы болса деп тілеймін. Екіншіден, егемендік алған алғашқы кезде елді асырап келген колхоз-совхоздардың тара­тыл­­ғанына жаным ашитын. Өйт­кені, жеке шаруалар колхоз-сов­хоздардың орнын баса алмай­тынын сезген болатынмын. Бүгінгі Жолдауда 2016 жылы еліміз экспортқа 60 мың тонна ет шығаратын болады, ол 4 миллион тонна экспортқа шығарылатын астыққа тең екені айтылған. Ол үшін ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажет. Демек, ауыл шаруашылығы кешендері ашылатын болғаны. Ол үшін ауыл шаруашылығына 130 миллиард теңге қаржы берілетінін айтты. Бұл жаңадан 20 мың адам­ға жұмыс орнын ашады. Сондай-ақ, сол арқылы 100 мыңнан астам адам тұрмыс жағдайын жақсар­тады. Олай болса, бұл жаңа кешен ауыл шаруашылығының эко­номикасы мен мәдени дәрежесін көтеруге ықпал жасайды. Соған сәйкес біршама ша­руа­шылық салалары да көтеріледі. Мәселен, ауылшаруашылық мә­ши­нелерін жасау, химия­лан­дыру, тамақ өнеркәсібін дамы­ту, техника жөндеу, зоотех­ни­калық, ветеринарлық жұмыс­тар жақсы жолға қойылады. Мал шаруа­шылығының түрлі са­лала­рында асыл тұқымды мал көбейтіледі. Олай болса, бұл кешендер жаңа белес, бұ­рын­ғы колхоз-совхоздардан тиімді және жоғары, батыстың фер­мерлерінен де жоғары нә­ти­же береді деп түсінемін. Бір ғана тілек – бұл кешендер шөбі мол, бұрынғы мал бағылған жерлерге орналастырылса демекпін. Олай болса, Президентіміздің бұл ұсыныстарын үлкен көрегендік деп білемін. Досмұхамед КІШІБЕКОВ, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі. Алматы.