04 Маусым, 2016

Дүбірге толы дүние

252 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Бірін бірі айыптап, келісімге жету қиын дубир-0Өткен айда сыртқы саясат саласында есте қалған оқиғаның бірі Еуроодақ пен Түркия арасындағы бір-бірін айыптаған пікір таласы болды. Мұндай жағдайда олардың тіл табысуы, келісімге келуі қиын-ау дейсің. Ал олардың алға қойған мақсаты – тіл табысу. Түркия – негізінен Азияда орналасқан (97 пайызы) үлкен ел. Сөйтсе де олар өздерін еуропа­лықтар қатарына қосқысы келеді. 1949 жылы Солтүстік атлантикалық әскери одаққа (НАТО) кіргеннен кейін-ақ еуро­палық құрылыммен тығыз байланыста. Еуропалық экономикалық одақ құрылысымен, оған мүше болуды мақсат тұтып келеді. Бірақ түрлі себептерді алға тосып, Еуроодақ өз қатарына алғы­сы жоқ. Сол себептердің ашығы бар, жабығы бар дегендей, біреуіне келісілгендей болса, жаңасы шыға келеді. Ашық айтылмайтын себептері дегенде, кезінде Түркия мұсылман елі болғандықтан қабылданбай жүр деген сөз шыққан. Анкараның Солтүстік Кипрге әскери жолмен ара түскені де көп кедергіге айналды. Дәл қазір виза мәселесі жөнінде келісім жайы тосқауыл болып отыр. Бұдан да күрделі мәселеде жұрт келісімге жетіп жатады. Мұндайда бір-бірінің ығына жығылу, қа­сарыса бермей, екінші жақтың айтқанына көну деген де болады. Ал бұлар бір-бірін айыптауға құмар-ақ. Әсіресе, сұраған жақтың шарт қоюы, айқайға басуы артық-ақ дерсің. Алысқа бармай, өткен мамыр айындағы бұлардың бет жыр­тысқандай болғанына да жұрт куә. Ай басында Еурокомиссия Түрік Республикасының азамат­тарына визаны жою туралы келісімнің орындалмай отырғанын мәлімдеді. 4 мамырға дейін келі­сімде көрсетілген орындалуға тиіс 72 шарттың жартысы ғана орын­далған көрінеді. Соған қара­май, Түркия визасыз тәртіпті талап етеді. Мұндай сынға Түркия президенті Реджеп Ердоған қатқыл өкпе айтты. «...ЕО бізден терроризм туралы заңды ауыстыруды талап етеді, – деді ол. – Олар былай дейді: «Мен визаны жоямын, бұл менің шартым». Кешіріңіздер, біз өз жолымызбен, ал сіздер өз жолдарыңызбен жүріңіздер. Кіммен қаласаңыздар, солармен келісім жасаңыздар!». Бұл енді келісімді қалайтындардың сөзі емес. Арада үш күн өткенде, 9 мамыр күні Ердоған бұрынғы сөзін жұмсартыңқырап, «Еуроодаққа кіру – Түркияның стратегиялық мақсаты» екенін айтты. Бірақ кешегі сөз ұмытыла қойған жоқ. Бұдан кейін айдың аяғында Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмеронның сөзі Еуро­одақтың атынан айтылғандай ес­тілді. Еуроодаққа кіру жөніндегі келіссөздің ұзаққа созылуын ол былай сынады: «...Олар өтінішті 1987 жылы берді. Мұндай қарқын­мен олар 3000 жыл маңында кіре­тін шығар», деді. Мұны да дипломатиялық тіл дей алмассың, бірақ бейнелеп айтқанын түсінуге болар еді. Ал Түркия жағы шарт кетті. Парламентте Түркия вице-премьері Нуман Куртурмуш бұлай деу масқаралық деп бір қойды да, «Түркия Еуроодаққа ешқандай тәуелді емес», деп сөзін түйіндеді. Енді бұдан кейін Түркия мен Еуроодақ арасында мәмілелік әңгіме ойдағыдай болатынына көңіл сене қоймайды. Түсініскісі келетін жұрт бір-бірінің көңілінен шығатын әңгіме айтпайтын ба еді, бір-бірінің көңіліне қарамайтын ба еді? Әзірге бұларда олай болмай отыр. Жаңа көсем кезінде талибтер өзгере ме? дубир-1«Талибан» десе талайдың жүрегі зырқ етеді. Несін жасырайық, сонау кеңес заманында біздің де талай боздақтарымыз олармен соғыста өмірімен қоштасты. Оған, бәлкім, өзіміз де айыпты шығармыз. Алыстағы ауған жерінде неміз бар еді дейсің ғой. Сол талибтермен біздің кеңестік еліміз ғана емес, Америка Құрама Штаттары да, өркениетті деген Еуропа елдері де әлі соғысып жатыр. Қыруын біраз қырды. Биліктен де қуды. Бірақ жеңді деп айту қиын-ау. Талибтер, олардың «Талибан» қозғалысы бас иген жоқ, қасарысып күресіп жатыр. Өлгеніне қарамай күреседі десе болар. Жақында АҚШ әскері Пәкістан жерінде ұшқышсыз ұшақпен олардың көсемі Ахтар Мохаммад Мансұрдың көзін жойды. Бұған ұнжырғасы түсіп, жүні жығылған «Талибан» жоқ, жаңа көсемін сайлап алып, Бағлан провинциясындағы Данди-Гури уезінде өткен жексенбіде Хайбатулла Ахундзадеге 500 жасақшы ант берді. Көп емес деуге болар, бірақ олардың біртұтас болып, бір жерде орналасуға мүмкіндігі жоқ, бүкіл елде шашылып жатыр. Әр провинциядан осындай күш табылса да, ол аз емес. Әрине, басшысынан айырылған ауыр. Бірақ ұзаққа созбай, жаңа басшысын таңдап, соның төңірегіне топтасуға анттасулары да олардың рухын аңғартады. Бұлардың басшыға бағыну, мойынсұнуының өзі үлкен күш. Бұдан бұрынырақ өз басшылары Молда Омарға шексіз бағынып, тіпті, өмірден озғанына екі жыл өтсе де, оның рухына бағынып келгені жұртқа белгілі. Ал Молда Мансұр да билік тізгінін былтырғы 30 шілдеде ұстап, қозғалыс ішіндегі билік үшін алауыздықты біршама басып, «Талибанды» жаңа деңгейге көтергендей болған. Жұрт Мансұрдың қазасынан кейін қозғалыс ішінде билікке талас күшейер, ынтымақ бұзылар деп ойлаған. Бұл сөздің де жаны бар еді. Сөйтсе де, сол биліктен үміті бар қайраткерлер негізінен тіл табысқанға ұқсай­ды, тіпті, ымыраға келгендей де. Жол менікі дейтіндей, бұрыннан қаталдығымен аты шыққан «Хаккани жүйесі» дейтін құрылымның басшысы, ең бастысы Ахтар Мансұрдың бірінші орынбасары болған Сираджуддин Хакканидің Мансұрдың тағы бір орынбасары Хайбатулла Ахунд­задеге жол беруі көп адамның күтпегендей жайы еді. Былтыр билік үшін Мансұрмен біраз жағаласқан, қозғалыстағы біраз жұрттың қолдауына ие Молда Омардың баласы Молда Якубтың да бұл жолы дауға бармағаны таңданарлық еді. Хайбатулла Ахундзаде – діни қайраткер. Кандагарда молда болған. Көпшілік оны сол ғұлама діндарлығы үшін сыйлайды. Тегі тәжіктік көрінгенмен, ол пуштун тайпасынан, тәжіктерге қатысы жоқ. Сірә, оның әскери еместігі де шешуші рөл атқарған-ау. Ал әскерилердің бірі сайланса, екіншісі тайталасар еді. Біраз жұрт, ресми Кабул оның әскери адам еместігіне назар аударып отыр. Бітімгершілікке жол ашылар деп үміт етеді. Билікке талас күшті болмады дегенмен, «Талибан» ішінде алауыздық та бар екені көрініп қалды. Молда Мұхаммад Расулға ерген бір қауым жаңа билікпен келіспей отыр. Оларды жазғырушылар көп. Кабул мен Вашингтонның тыңшысы деп те жіберді. Талибтер арасында үкіметпен келісім жолын қалайтындар да бар сияқты. «Талибанды» бәріміз де құптамаймыз. Олар Орталық Азия елдеріне басып кіреді деген үрейге де сенетініміз бар. Өз күндерін көре алмай жатқан олардың бізде несі бар?! Олар өз еліндегі саяси жүйе үшін күресіп жатыр. Сол күресте соғыс жолын емес, келісім жолын қаласа екен дейсің. Ауған халқы аз қырылған жоқ. Соғысып жатқандардың бір жағында билік ауысқанда, бітімге қарай бет бұрыла ма екен деп үміттенесің. Жауапты уақыт айтады. Мамадияр ЖАҚЫП, журналист