04 Маусым, 2016

Балалар бапкері... есірткі шегеді

285 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
есірткі шегедіҚарағанды балалар футбол мектебінде жаттық­тырушы болып жұмыс істейтін ер кісі Шығыс Қазақстан облысында гашишпен қолға түсіп қалды. Оқиға биылғы мамыр айының басында «Ауыл» шекара стансасында орын алған. Шекара әскерінің қызметкерлері «Астана – Ле­ни­ногорск» бағытымен келе жатқан пойызға тек­­серу жүргізгенде, қызметтік иісшіл ит бір жі­­гітке қарап үріп қоймаған. Сол кезде ол ше­кара­шыларға өзімен бірге есірткі затын алып келе жатқанын, оны әжетханаға жасырып қой­ғанын бірден айтып берген. 40 жастағы ер кісі айтқан ораманы ашып қарағанда, одан 4 грамм гашиш шыққан. Анықтай келгенде, есірткі затына есі кетіп жүрген бұл сабаз кеншілер астанасында балаларға футбол өнерін үйрететін ұстаз болып шықты. Ол сол жолы өзі жаттықтыратын балаларды жарысқа алып бара жатыпты. Айтуына қарағанда, ол осы оқиғаға дейін бірнеше күн бұрын гашиш оралған ораманы көшеден тауып алыпты-мыс. Сосын өзі шегу үшін алып қойған. «Балалар бағбаны» сотта есірткі затын үйде қалдыруды ұмытып кеткенін айтты. Ал пойызда тексеру басталған кезде, дереу әжетханаға апарып жасыра қойыпты. Осы істі қараған Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха аудандық соты балалар бапкеріне 500 ең төменгі айлық көлемінде айыппұл салды. Үкім әлі күшіне енген жоқ. Балалардың тағдыры сеніп тапсырылған адамның түрі осындай. Мұрат АЙТҚОЖА