04 Маусым, 2016

Үндістанда 4 қолы, 2 аяғы бар сиам егіздері туылды (фото)

1186 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
04-06-16-siam АСТАНА. 4 маусым. Үндістанның шығыс жағындағы провинциялардың бірінде 4 қолы, екі аяғы бар сиам егіздері дүниеге келді. Олардың ішкі органдары түгел дерлік бірге жаратылған болып шықты. Бұл туралы ras.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Қарындары бірге жаратылып, бір-бірлерімен жабысып туған перзенттердің бірі ұл, екіншісі қыз екен. Олардың 24 жастағы анасы Шивраджо Деви екіқабат кезінде дәрігердің кеңесіне қайта-қайта барып, тексеріліп жүріп, егіз балалар туатынын білмепті. Ал сиам егіздері жайында ой үш ұйықтаса да түсіне кірмеген. Тексерілу кезінде келіншек тіпті бірнеше рет УЗИ жабдығынан да өткен көрінеді. Сонда іште егіз балалар жатқанын, олардың бір-бірлерімен жабысып қалғанын ешкім де байқамаған. Әйел балаларын жеке клиникалардың бірінде босаныпты. Бірақ сиам егіздері туылғаннан кейін дәрігерлер оларды бұдан гөрі әлеуеті жоғары, жағдайы жақсы емханаға ауыстырған. Содан кейін балалардың жағдайлары жақсарған. Жас ата-ананың өкінішіне орай, соңынан балаларды Делиге әкетіп емдету керектігі айтылғанда, бұлар соған баратын және ем-домға жұмсайтын ақша тауып бере алмаған. Сол себепті де олар балаларын үйлеріне алып қайтуға мәжбүр болған. «Менің жүрегім қатты жаралы, – дейді балалардың анасы. – Дәрігерлер біраз үміт күтіп едім, олардың өмірлерін сақтап қала алады ғой деуші едім. Сол дәрігерлер бізден теріс айналды. Мен енді не істерімді, балаларға не боларын білмеймін». Сиам егіздерінің 30 жастағы әкесі Чхота Сингх бұдан бұрын мұндай егіздер болатыны жайлы естіп келгенімен, өздерін көрмегенін айтады. Бұлардың мұның алдында екі баласы бар екен. Олар солардың қатарына тағы бір бала қосылады деп үміттеніпті. Алайда, сиам егіздерін көргенде, көздері тас төбелеріне шыққан. Үнді дәрігерлері балалардың іштері бірге жаратылғанын, ондағы органдардың екеуіне ортақ екенін айтады. Енді олардың тірі қалатындарына немесе екіге бөліп алуға үміттің өте аз екенін ата-аналары да сезіп отыр. Талғат Райымбек. Дерек, фото: ras.kz. 04-06-16-siam-2 04-06-16-siam-3