05 Маусым, 2016

Қызылордада 516 жас құрылысшы жұмысқа жолдама алды

465 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
  АСТАНА. 5 маусым. Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаев жас құрылысшылар жасағымен кездесті. Онда өңірдегі жастарды еңбекке тарту мәселесі сөз болып, 516 құрылысшы жұмысқа орналасу жолдамасын алды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Жас құрылысшылар жасағаның жетекшісі Сәдірбек Жұмабеков аймақ басшысына жұмыссыз жастардың мәселесін айтып, қолдау көрсетуін сұрады. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жас құрылысшылар жасағының ұсынысын қолдап, облыста жүріп жатқан құрылыс нысандарында бүгіннің өзінде 516 жастың жұмысқа тұруына мүмкіндік бар екенін айтты. «Мен өзім де құрылысшымын. Еңбек жолымды сіздер сияқты жас құрылысшылар отрядынан бастағанмын. Қазір облысымызда құрылыс көлемі артып, ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Сондықтан жас құрылысшыларға қолдау көрсетуге біз дайынбыз. Өңірдегі компанияларға 500-ден астам жұмыссыз жүрген құрылысшыларды жұмысқа орналастыру туралы келісім бар», – деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев. Айта кету керек, Жас құрылысшылардың жасағы арқылы 2013 жылдан бері 900-ге жуық жас облыс көлеміндегі жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарына жұмысқа орналасқан. Қазір Қызылорда облысы құрылыс салу көлемі бойынша республикада көшбасшы аймақтардың қатарында. Тек 2015 жылдың өзінде Қызылорда қаласында 54 көпқабатты тұрғын үй салынып, 2684 сырбойылық баспаналы болды. Ал биыл 75 көпқабатты тұрғын үй бой көтереді деп жоспарланып отыр. Талғат Райымбек. Дерек, фото: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.