АСТАНА. 5 маусым. Бүгін, жексенбі күні Ақтөбе қаласында болған атыстың салдарынан алты адам қаза тапты. Бұл туралы ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Алмас Сәдубаевтың мәліметі негізінде «Қазақстан жаңалықтары» жеткізген ақпарға сүйенген egemen.kz тілшісі хабарлады.
Алмас Сәдубаевтың айтуынша, облыстық ішкі істер департаментіне белгісіз біреулердің Ақтөбедегі қару сататын «Палада» дүкеніне, ал сағат 15:45 (Астана уақыты бойынша) шамасында басқа қару сататын магазин мен ұлттық ұлан әскер бөліміне шабуыл жасағаны туралы дабыл түскен. Шабуыл барысында «Паллада» дүкенінің сатушысы қаза тапқан, тағы бір адам жарақаттанып қалған. Соның ішінде шабуылға тойтарыс беру кезінде бір офицер мен шартпен алынған бір әскери қызметкер қаза тауып, тоғыз әскери қызметкер жараланған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде шабуыл жасаушылардың үшеуі жер жастандырылған, бір қарақшы жарақат алған. Осы шайқаста бірнеше қылмыскерді ауыздықтаудың орайы келген. Тағы бірнеше шабуыл жасаушы құрсаудан құтылып кеткен.
Қазір алынған ақпарларға қарағанда, оларды қолға түсірудің амалдары жасалып жатыр. Шабуыл жасағандар, болжам бойынша, дәстүрлі емес радикалды діни ағымдардың мүшелері көрінеді.
«Ақтөбеде антитеррорлық операция режимі жарияланып, көңіл көтеретін мекемелер жұмысы мен қоғамдық көліктер қозғалысы тоқтатылды», – делінген хабарламада.
Талғат Райымбек.
Дерек: Қазақстан жаңалықтары.
Фото, видео: Диапазон.