05 Маусым, 2016

Оңтүстік Қазақстанда «мерейлі отбасы» белгілі болды

344 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

05-06-16-shymkent_semia

ШЫМКЕНТ. 5 маусым. Оңтүстік Қазақстан облысының орталығында «Мерейлі отбасы-2016» байқауының үшінші кезеңі мәреге жетіп, өзінің жеңімпазын анықтады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Биыл қатарынан үшінші жыл өткізіліп отырған шараның финалына 30 отбасы қатысты. Олар бұған дейін аудандар мен қалаларда өткен байқауларда озып шыққан әулеттерден құралды. Елбасының тікелей тапсырмасымен қолға алынған конкурс бұл жолы да аса қызықты өтті. Онда еңбекте, спортта, шығармашылықта, ғылымда жетістікке жетіп келе жатқан іргелі шаңырақ өкілдері өздерін жан-жақты етіп көрсету үшін барларын салды. Ұлттық байқаудың қорытындысында алғашқы үш жүлделі орынның иелері анықталды. Ал «Мерейлі отбасы» мәртебесіне кентаулық Ошақбаевтар әулеті лайық деп танылды. Екінші орынға сарыағаштық Кульгиновтар, үшінші орынға түлкібастық Ешенқұловалар көтерілді. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков жүлдегерлер отбасыларды марапаттап, сыйлықтар табыс етті. Жеңімпаз атанған әулетке отбасылық шипажай үшін тегін жолдама берілді. Ол сонымен қатар алдағы қыркүйек айында Астана қаласында өтетін республикалық байқауда Оңтүстік Қазақстан өңірінің намысын қорғайтын болады. Облыстық байқауда сондай-ақ оның финалында өнер көрсеткен барлық қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Айта кетейік, Қаратай Ошақбаев – қазақ әдебиетіне, тұрмыс-салт жырларына өлеңдер мен термелер, бата, нақыл, өсиет сөздер қосқан фольклортанушы. Кентау қалалық ақсақалдар алқасының беделді мүшесі. Сонымен қатар, «Батасы - бұлақ ардагерлер» сайысының жүлдегері. «Кешігіп келген көктем» атты жыр кітабының авторы. Зейнеткер, жеке кәсіпкер Қаратай Ошақбайұлы - Кентау қаласының «Құрметті азаматы». Бүгінде ол 7 ұлдан 25 немере мен 21 шөбере сүйіп отыр. Бақтияр Тайжан. Дерек: egemen.kz.