06 Маусым, 2016

Ольга Рыпакова «Гауһар лигасын» жеңіп алды

157 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
06.06.2016 AST АСТАНА. 6 маусым. Қазақстандық Ольга Рыпакова Британияның Бирмингем қаласында жеңіл атлетикадан өткен «Гауһар лигасы» жарысының алтыншы кезеңінде жеңімпаз атанды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Ол үш қарғып секіруде жарыстың басты фавориті колумбиялық Катрин Ибаргуэннен 5 см артық секіріп, бас жүлдені жеңіп алды. Рыпакова 14 метр 61 см-ге дейін секірсе, Ибаргуэн 14 метр 56 см нәтиже көрсетті. Жарыста украиналық Ольга Саладуха үшінші орын алды. Ол 14 метр 40 см-ге дейін секірді. Осы сында Рыпакова соңғы төрт жылда колумбиялық жеңілатлетті жеңген жалғыз спортшы болды. 2012 жылдан бері аталған жарыста оның алдына ешкім шыға алмаған. Ол жақында Рим қаласында өткен «Гауһар лигасы» жарысының бесінші кезеңінде  күміс жүлдегер, Шанхай және Дохада өткен бәсекеде қола медалист болған еді. Қазіргі кезде «Гауһар лигасы» жарысында Ольга Рыпакова, Катрин Ибаргуэн, Ольга Саладуха мен ямайкалық Шаника Томас жүлделі орындардан көрініп келеді. Осы төрттік Олимпиадада бір-біріне бәсекелес болатыны сөзсіз. Рыпакованың өзі алтыншы кезеңнің жеңімпазы болғанда осындай нәтижемен тағы да Олимпиада чемпионы атануым әбден мүмкін, деді. «Гауһар лигасы» – бұл жыл сайын Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының ұйымдастыруымен өтетін коммерциялық жарыс. Ол 2010 жылдан бері өткізіліп келеді. Жарыс жыл сайын 14 рет ұйымдастырылады. Оны демеушілер табылып жатса, бір қала бірнеше рет өткізуі мүмкін. Ал жалпы, ол дүние жүзінің әр қаласында өтеді. Бұған дейін «Алтын лига» өткізілген болатын. Дастан Кенжалин. Дерек, фото: egemen.kz