07 Маусым, 2016

Көкейкесті мәселелер партия назарында

529 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
A26J7120 «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед өзінің Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары аясында қалалық партия филиалының қызметкерлерімен және Қазақ ұлттық аграрлық университеті түлектерімен кездесіп, еліміздегі ең ірі нан өндіру зауытында болды. Қалалық партия ұйымының қызметкерлерімен болған кездесу барысында Мұхтар Құл-Мұхаммед партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отанның» қызметін барлық басым бағыттар бойынша нығайту жөнінде тапсырма бергенін атап өтті. Күш-жігер Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясын, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары мен «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталатынын назарға салды. Осы орайда «Нұр Отан» еліміздің жетекші саяси партиясы ретінде Президентіміздің мемлекеттік саясатын орындап қана қоймай, партия алдына Елбасы қойған барлық міндеттердің орындалу сапасына тұрақты түрде бақылау жүргізуі тиіс екендігі айрықша айтылды. – Тәуелсіздіктің алтын бесігі болған Алматы қаласы «Нұр Отан» партиясының еліміздегі ең үлкен қалалық филиалы ретінде өзінің әлеуетін «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жемісті жүзеге асыру мақсатында айқын танытумен қатар, еліміздің өзге өңірлеріне де үлгі болады деп сенеміз. Елбасы мемлекетті қарыштап дамыту мақсатында қабылдаған бес институттық реформа ел мүддесін көздеген 59 заңмен мықтап бекемделді, сондай-ақ, қоғамда түсіндіру жұмыстарының жүргізілмеуі салдарынан туындаған түсініспеушілік мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Мемлекет басшысы және партия Төрағасы сіздерге қала жастарымен белсенді жұмыс атқаруға және оларды қатарға тарту арқылы партия қатарын нығайтуды тапсырды. Бұдан өзге, Мемлекет басшысы ел ішінде түсініспеушілікке тап болған жер мәселесіне мораторий жариялады, осылайша бізге жер реформасына қатысты барлық баптарды халыққа түсіндіруге мүм­кіндік берді, – деді М.Құл-Мұхаммед. Партия басшы­сының бірінші орынбасары «Алматы жастардың қаласы» екеніне арнайы тоқталып өтті. Сол себепті жастармен жұмысты күшейтуге және оларды партиялық жұмысқа тартуға басымдық беруге шақырды. Бүгінде «Нұр Отан» пар­тия­сының Алматы қалалық филиалы 690 бастауыш партия ұйымын біріктіріп отыр. Соңғы жарты жылдың өзінде ғана 11 мыңнан астам қала тұрғыны партия қатарына өтіп, Қазақстанның ең ірі қаласы аталатын Алматыда пар­тиядағылар саны 77 мың­нан асып түсті. Партия мүшелерінің қатары айтар­лықтай өсуіне байланысты әрі партия қызметін одан әрі күшейту мақсатында қаланың Бостандық ауданында «Нұр Отан» партиясының жаңа ғи­маратын салу жөнінде шешім қабылданған болатын. Партия Төрағасының бірінші орынбасары оның құрылысымен де танысты. «Нұр Отанның» қалалық филиалы 2016 жылдың басынан бері 370-тен астам шара өткізген. Атқарылған жұ­мыстардың басым ба­ғыт­тарының қатарында пар­тия­­ның қоғамдық қабылдау бөл­­мелері мен Саll-center орта­лықтары арқылы келіп түс­кен өзекті мәселелерді анық­тау және шешу қала тұр­ғын­дарымен өзара әріптестікті ны­ғайту, сонымен қатар, бюджет қаржысының жұмсалу тиім­ділігіне талдау жасау ісі көп­теп кездеседі. Сондай-ақ, пар­тия жер реформасына қа­тыс­ты құрылған жалпы­ұлт­тық пікір алмасуды ұйым­дас­ты­ру­да да үлкен рөл атқарып отыр. A26J7897-1 – Алматыда тұрғын үй-ком­муналдық инфра­құ­ры­лым­ды жаңғырту үшін 9,2 мил­лиард теңге бөлінді, әзірге оның 20 пайызы ғана игерілген. Пар­тия ұйымының міндеті – ол қаражаттың мақсатты жұм­­салуын қадағалау және үнемі мониторинг жүргізіп отыру. 2015 жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Алматыда іске қосылған 21 жобаның жартысы ғана жобалық тиімді әлеуетке ие болып отыр, – деген партия басшысының бірінші орын­басары Қоғамдық кеңес мамандарының қуатын тиім­ді пайдаланып, олардың жұмыс қабілетін арттыру керек­тігін, «Нұрлы Жол» бағдар­ламасының жүзеге асу бары­сын партиялық бақылау тұр­ғысынан мұқият қадағалауды тапсырды. Жер мәселесі М.Құл-Мұ­хам­мед­тің Қазақстандағы ең ірі нан зауытының ұжы­мымен кездесу барысында бас­ты тақырыпқа айналды. Тәулігіне 150 тоннадан астам нан өнімдерін өндіретін «Ақсай-нан» ЖШС республикада өндіріс көлемі және технологиялық даму деңгейі бойынша көш бастап тұр. Зауыт қызметкерлерінің Жер кодексіне қатысты сауал­дарына жауап бере келе, «Нұр Отан» партиясы Төр­аға­сының бірінші орынбасары Қазақстанның әлемдік на­рыққа тек бидай өнімдерін шы­ғарып қана қоюы жеткіліксіз екендігін алға тартты. – Қазақстан әлемдік на­рыққа бидай өнімдерін шы­ғарып қана отыруы жеткіліксіз. Біздің еліміз ең үлкен астық өндіруші ел ретінде осы ауыл шаруашылығы өнімдерін, астық өнімдерін одан әрі өңдейтін жаңа технологиялар әкелуі керек. Ол үшін бізге инновация, шеттен инвестиция, осы заманғы ең озық технология керек. Сонда ғана біздің еліміз алдыңғы қа­тарлы дамыған агроиндус­триялы ел болады. Жер реформасының басты мақсаты да осы деп бі­лемін, – деді М.Құл-Мұ­хаммед. Партия Төрағасының бі­рінші орынбасары Қазақ ұлт­тық аграрлық университетінің профессорлық-оқытушылар құрамымен кездесіп, еліміздің ауыл шаруашылығын жаң­ғырту мәселелерін талқылады. Мұндағы кездесуге ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін ғылыми-зерт­теу институттарының 30-дан астам жетекшісі қатысқанын айта кетуге тиіспіз. Ал бүгінде 85 жылдық тарихы мен ұлттық мәртебесі бар аграрлық ғылым мен білімнің қара шаңырағы – Қазақ ұлттық аграрлық университеті оқытушылар құ­рамы мен студенттері, келген меймандар «Нұр Отан» пар­тия­сы Төрағасының бірін­ші орынбасары М.Құл-Мұхам­мед оқыған дәрісті үлкен қы­зығушылықпен тыңдады. «Ең қасиетті құндылық» деген тақырыпта көпшілікпен ой бөліскен дәрістік шараны Қазақ ұлттық аграрлық уни­верситетінің ректоры, Қазақ­стан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының ака­демигі Тілектес Есполов сөз сөйлеп ашты. Университет басшысы көпшілік алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан айналасы 25 жыл ішінде ғана ғасырға татитын тарихи жолдан өтіп үлгергендігін, ел тәуелсіздігінің арқасында өркениетті мемлекеттермен тереземіз теңесіп, экономи­камыз индустриялық-инно­вациялық бағытта өрістеп, халықтың әл-ауқаты жақсар­ғанын, әлемдік саяси аренада Қазақстан өзінің нақты орны мен беделін айқындағанын айтып өтті. Бұл жетістіктердің барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясаты мен мемлекет басқарудағы кемеңгерлігінің арқасында мүмкін болған тарихи шындық екендігін жеткізген университет басшысы Қазақстандай жері ұлан-ғайыр, қазынасы тасыған мемлекетке тұтқа бо­лар жастар ел тізгініне тек білім мен өнердің арқасында мы­ғым ие бола алатындығын тілге тиек етті. – Мен, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің және партияның Алматы қалалық филиалы бюросының мү­шесі ретінде, «Нұр Отан» пар­тия­сының Алматы қаласындағы ең ірі бастауыш ұйымына ті­келей жетекшілік етіп келе­мін. Бұл тек маған емес, университет ұжымына деген көшбасшы партияның үлкен сенімі деп білемін. Сонымен бірге, университет ұжымы жетекші партияның барлық орталықтарымен, сондай-ақ, студенттеріміз партияның «Жас Отан» жастар қанатымен тығыз байланыста нәтижелі жұмыс атқаруда. Бүгінгі кезде еліміздің өркендеп, дамуына, қоғамдағы саяси тұрақтылық пен келісімнің нығаюына «Нұр Отан» партиясының қос­қан үлесі зор, – деді академик Т.Есполов. Жиынның басты қонағы – Мұхтар Абрарұлы 1991 жылдың 16 желтоқсанында Тәуел­сіздік деген асыл құнды­лы­ғымыздың оңай жолмен кел­мегендігін тарихи дәйек­терді келтіре отырып, тұшымды жеткізді. – Американы алып ел, ұлы держава ету жолында Ва­­шингтоннан бастап Құ­рама Штат­тардың әрбір заңы мен тала­бына еңбегі сің­ген алып тұл­ғалар тұр. Қан­ша­ма ғасыр­лардан бері Аме­ри­каның әскери, экономи­калық, азаматтық әлеуетін жақсартумен әйгілі заңгерлер, экономистер, қаржыгерлер айналысып, бүгінде әлемге аты әйгілі мемлекетті қалып­тас­тырды, ал бізде оны бір ғана адам ширек ғасыр мұғ­дарында атқаруда. Ұлттық валютамыз болмап еді – төл теңгемізді шығарып берді, ше­карамыз танылмап еді – іргемізді шегендеп, аумақтық тұтастығымызды анықтап берді, экономикадағы кеңестік қатынастар ғана қалыптасқан жерлерді нарықтық қатынасқа өзгертіп берді, ең алғаш «20­30» деп елдік дамуымызды көз­деген тұңғыш Жолдауын жариялап, Қазақстанды әлем­дегі аса дамыған 50 елдің қа­тарына мерзімінен бұрын қосып берді. Осының бәрі қазақ деген ұлттың келешегі үшін атқарылған телегей-теңіз еңбектің бір парасы ғана, – деді М.Құл-Мұхаммед өзінің дәрісінде. Аталған жиында қоғамда қызу талқыланып жатқан жер мәселесі де сөз болып, Мұхтар Абрарұлы ешқан­дай құжатта шетел азаматтарына жердің, анығын айтқан­да, ауылшаруашылық жер­лерінің сатылуы жайлы бір­де-бір сөйлемнің жазылма­ған­дығын алға тартты. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партия­сы Төрағасының бірінші орын­басары жастарға Тәуел­сіздік алу жолында ел ағаларының атқарған үлкен азаматтық еңбегі мен бастарынан өткерген қиын-қыстау шағын, егемендіктің елге белгісіз тұстары мен ел біле бермейтін ерлері туралы, жасалған ерліктер туралы мәнді де мағыналы дәрісімен студент қауымды үйіріп алды. Аумақтық тұтастық үшін болған кеңестер мен жасалған шұғыл шешімдер, төл валюта – теңгеміз туралы, ұлттық құндылықтарымыз – тіл, дін, діл мәселелері мен оның нәзік тұстарына қалай ие болу, ұлттық әскер, экономика-нарық, түрлі ұлт өкілдері бас қосқан бір шаңырақ астын­да қандай саясат жүргізу ке­ректігін, Мемлекет басшы­сының халықаралық саяси сах­надағы салмағы мен абы­рой-биігі жөнінде, елдегі саяси-экономикалық бағдарламалар хақында мағыналы әңгіме қозғалды. – Жер мәселесі – қай елде, қай қоғамда болса да өте нәзік мәселе. Қазақ қоғамында әр­қашанда жердің иесі бол­ған! Жерге деген күтім қазақ халқында ежелден бол­ғандығы хакім Абайдың «Ер­те барсам жерімді жеп қоям деп, Ықтырмамен күзеуде отырар бай» деген бір шумақ өлеңінен-ақ көрініп тұр. Сондықтан да, бүгінгі жағдай оқыстан туындаған мәселе емес. Жердің игілігін халыққа көрсету үшін дамыған ел­дердің әлеуеті мен ғылыми жаңалықтарын пайдалануымыз керек. Қазақтың байлығы оның малы емес, оның жер асты байлығы емес, оның жері ғана емес, қазақтың байлығы – қазақтың өзі! Қазақтың санын қазақ қана көбейтеді. Ең қасиетті құндылығымыз – Тәуелсіздігіміз тұрған кезде біз тек халқымызға ғана қызмет етейік! «Ұлым дейтін елі болмаса, елім дейтін ұл қайдан туады?!» деп Байтұрсынов атамыз айтқандай, бүгінгі жас буын «елім!» деп егіліп тұрса, Елбасы да, ел ағалары да ондай перзентіне «ұлым!» деп еміреніп тұратын болады. Елге қызмет ету үшін білім керек, талмай білім алып, өнер үйреніңіздер, жастар! – деп түйіндеді өз сөзін Мұхтар Абрарұлы. Қазақ ұлттық аграрлық универ­ситетінде өткен дәріс кезінде Мұхтар Құл-Мұхаммед ғалымдар мен студенттердің сауалдарына жауап беріп, ауылшаруашылық саласы ғылымы өкілдері де жан-жақты тұшымды пікірлерін ортаға салды. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ