07 Маусым, 2016

Дүлей дүрбелең дүрлігісі

321 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
06-06-16-migrant-1 Күні кеше Австрияның сыртқы істер министрі Себастьян Курц жұрт назарын Еуропаны Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка өңірлерінен келетін босқындардан сақтап қалудың өзінше бір тәсіліне аударды. Мұнда ол «жасыл құрлық» жағалауына арып-ашып жететін мигранттарды Науру және Папуа-Жаңа Гвинея аралдарына қарай айдап салып отыратын Австралияның сая­сатынан үлгі алуды ұсынды. Ал аталмыш аралдарда оларға арналған лагерьлер бар. Министрдің пайымынша, ешқандай ырық бермей лықсып келе беретін кезбелер керуенін континентке жолатпай, алыс аралдардың біріне апарып тастап тұрғанда ғана еуропалықтардың көзі ашылады. «Әлбетте, Австралияның мо­делін сол қалпында көшіріп, ала салудың қажеті бола қоймас. Алай­да, оның қағидаттары біздер үшін әбден жарап жатыр», – дейді Курц өз сөзін өткізе түсу үшін. Де­­­генмен, мұны Кәрі құрлық жағдайында жүзеге асырудың оншалықты оңай шаруа емес екенін ол жақсы түсінеді. Сондықтан оның қиналғаннан «суға кеткен тал қар­майдының» кебін киіп отыр­ғанын бәріміз де болжай аламыз. Өйткені, бұл аты­рапта көші-қон мәселесі төңірегінде туындап жат­қан проблемалар барған сайын өрмекшінің торындай шатты-бұт­ты шатасып, барынша қиындап барады. Өзінің шарықтау шегіне 2015 жы­лы жеткен көші-қон дағ­да­рысы Еу­ропа одағындағы кең ауқымды проблемалардың біріне айналып отыр. Тіпті соңғы апталарда құрлыққа келген араб және африкалық мигранттар тас­қынының біршама азаю тенденция­сы көрініп тұрғанына қарамастан, халықаралық аналитиктер мен сарапшылар миграциялық дүм­пудің бүгінгі таңдағы барлық ас­пектілерін талдап, өңірге басқа жүздеген мың мәдени-этностық және діни қауымдастық өкілдері келгеннен кейінгі Еуроодақтың ахуалы мен кескін-келбеті қандай болатынын болжаудан тана қой­мады. Ал құрлықтағы қазіргі дү­лей дүрбелең дүрлігісі шынында да көкіректі қарс айыратындай. Бұл ахуалды жақында Түркиямен жүргізілген келісім­нің өзі жеңілдете қоймайтынын жұрт­т­­ың бәрі біледі. Анадолы жері босқындар легінің алдына қаншалықты тосқауыл қойып баққанымен, түптің түбінде сол нөпірге шыдас бере алмайтыны байқалып қалды. Олай болса, Анкараға қарап, көңіл алдарқатып отыра бермей, тығырықтан шығар жолдың ишарасын Еуропаның өзі іздестіре бастауы керек. Бірақ Австрия министрінің ұсынысын байыпты байлам санап отырған тағы ешкім жоқ. Осы тұста былтырдан бері босқындар дегенде, барын беруге дайын екенін танытып келген Германия канцлері Ангела Меркельдің қарқыны су сепкендей басылды. Неміс бұ­қаралық ақпарат құралдары тап осы мәселеде билеуші партияның күйрей жеңілгенін жарыса жазуда. Себебі, бұл жай ғана энтузиазм­мен шешіле салатын тірнекті тірлік емес. Алман елі босқындарға жа­саған меймандостығының зардабын қазір жұрттан бұрын өздері тартып жатыр. Енді қайтсін! Тек 2015 жылдың ішінде ғана жоғарыда аталған аймақтардан Еуропаға 2 миллионнан астам босқын келіп үлгеріпті. Ал биылғы жылы қан­шама кедергілер мен шектеулер қойылып жатқанына қарамастан, 100 мыңнан аса адам бері қарай өтіп кеткен. Жұрт осы күндері құрлыққа жетіп алу үшін теңізде батып кетіп жатқандардың көптігін де қаперге алмайды. Олар тек соңғы аптада ғана 1 100 адамды Жерорта теңізінің обыры жұтып кеткенінен де қаймығатын емес. Мұндағы ахуал күн асқан сайын қиындап бара жатқасын НАТО корабльдері Эгей теңізінің үстін күндіз-түні бақылауға алды. Олар «Еуропадағы жұмақты» аңсап, қалтылдақ қайық үстінде тербеліп келе жатқандардың алдарынан шығып, қайтадан кері қарай тасудың әуресіне түсіп кетті. Македония өзінің Грекиямен шек­арасын мықтап жауып, арғы жақтан келгендерді көзден жас ағызатын газбен қарсы алып тұр. Венгрия Сербиямен арадағы шекара­ға ті­кенекті сымы бар қорған қал­қайтты. Каледегі шатырлы қала­шық тұрғындары Британияға қарай жол жүретін кез келген машинаның қорабына жармасып әлек. Осының бәрін түйсігімен қа­былдай білген Ангела Меркель қазіргі көші-қон дағдарысын өзінің Германия канцлері болғалы көрген ең ауыр сынағы екенін амалсыз мойындады. Дәл қазіргі күн­дері немістің ұлттық ғылыми-зерттеу ор­талығының қызметкері Оливье Кло­шар саясаткерлердің соңғы кездері миг­ранттарға қатысты бар дауыспен білдірген мәлімдемелері іс жүзінде ешқандай нәтиже бер­мегенін айтты. «Еуропа елдері басшылығы көтеріңкі үнмен уәде берулерін қоятын емес, – дейді ол. – Бірақ олары бүгінгі күннің жағдайына сәйкес келе қоя ма екен? Соңғы жылдардың тарихы бізге бәріне абайлап қарау керек екенін үйретеді. Мысалы, 2000 жылғы маусымда Зебрюге мен Дуврдың арасында жүк машинасында тұншығып өлген 58 қытайлықтың трагедиясын қазір есінде сақтап жүр­гендер бар ма? Ал сол кезде ол қалай шу көтеріп еді десейші! Бұдан кейін, 2013 жылғы қазанда Лам­педузде 400-ден астам адам суға батып кеткенде де, саясаткер­лер «Енді мұндайға жол беруге болмайды!» дескен... Бірақ одан да зор оқиғалар бұдан кейін де орын алып жатыр». Осыларды түгел талдап айтып берген білікті маман Еуропаның көші-қон саясатына шұғыл реформа жасау керек деп есептейді. Және оның керектігін үш түрлі себеппен дәлелдейді. Бі­ріншіден, босқынды міндетті түрде өзі баспана сұраған елге қайыра жіберіп тұруды ұстанатын Дублин қаулысын тоқтату керек. Мұндай жүйе енді оң нәтиже бермейді. Германия мұның сирия­лықтар үшін жасалғанын алға тартады. Келесі негіз 2001 жылы Косоводағы соғыстан кейін өмірге келген директива болуға тиіс. Ол соғыс шарпуы астында қалған немесе ұдайы зорлық-зомбылық жасалып жатқан аймақтардан қашып шыққан адамдарға уақытша босқын мәртебесін беруді көздейді. Осы құжат сириялықтарға, ирак­тықтар мен эритрейліктерге дөп келеді. Бірақ күні бүгінге дейін қолданылған емес. Енді іске қосатын кез келді. Үшіншіден, Си­рия азаматтары үшін виза саясатын ырықтандыру және көрші елдерде тұруға рұқсат ету жолымен көші-қонның ашық арналарын ашу керек. Сол кезде олар ешбір қиындықсыз Ливан, Иордания және Түркия елдеріне келіп тұра алады. Ал мигранттардың барлығы бірдей Еуропа елдеріне ұмтылып отырған жоқ. Бұл үшін Сириямен көрші елдерде қазір 9 миллион сириялық азаматтың тұрып жатқанын айтсақ та жеткілікті. Егер жоғарыдағы мәселе оңды шешілсе, босқындар теңіз үстінен өрлей көтеріліп, Батысқа қарай үдере көшкенін қояр еді. Бірақ қанша жерден іргеле­рін бекітіп, қабырғаларын қаттап алып жатқандарымен, Еуропа елдері сырттан келетіндердің көші-қондары үшін арнайы бағдарлама жасауын тоқтатып отырған жоқ. Германия үкіметі мамырдың 24-25-і күндері Берлин түбіндегі резиденциясы – Мезеберг замогында өткізген жабық отырысын мигранттар интеграциясы туралы заң қабылдауға арнады. Онда негізінен босқындардың еңбек рыногындағы жағдайларын жақсартып, шетел­діктердің интеграциялық курс­тарда оқуларына жол ашуы мәселелері қаралды. Алайда, мұның өзі неміс салық төлеушілерінің қан­­­­­ша­лықты қаржыларын қа­ғып алатынын байқаған адам шалқасынан түсе жаздар еді. Германия бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметтерінше, ГФР қаржы министрлігі тек 2020 жылы ғана осы мақсат үшін 93,6 миллиард еуро көлемінде ақша шығаруға мәжбүр болады. Мұны министрлік елге 2016 жылы – 600 мың, 2017 жылы – 400 мың, 2018 жылдан бастап 300 мыңнан босқын келеді деген болжамға сәй­кес есептеп шыққан. Ал 2015 жылы Германияға 1 миллионға жуық адам келсе, солардың 477 мыңы баспана сұрайтын кепілдеме тапсырған. Сол кезде ГФР үкіметі федералды жерлерге тіркеуге алынған әрбір босқын үшін айына 670 еуро бөліп тұру есебінен қосымша қаржы бөлуге кіріскен. Алайда, көп ұзамай бұл қаржының федералды жерлер шығынының мықтағанда 20 пайызын ғана жаба алатыны белгілі болды. Осыдан кейін шығынның кемінде 50 пайызын жабатын ақша беру мәселесі қойылды. Қазір сондықтан жоға­рыдағы соманың жеткілікті боларына да күмән келе бастады... Дегенмен, ақша билеген ка­­­­пи­талистік қоғам көші-қон мә­селесінің Еуропа үшін қан­шалықты шиеленісті дағдарыс саналып отырғанына қарамастан, одан өзіне пайда табу жағын да ұмыт қалдырып отырған жоқ. Сондықтан мұндағы бар­лық жайт ең алдымен экономикалық тұрғыдан қа­растырылып жатыр. Ондағы басты сұрақ Таяу Шығыс пен Сол­түстік Африка жерлеріндегі соғыс оты шар­пыған, қирандыға айналған және діни жанжалдардың лаңына ұшыраған миллионнан астам босқын келгеннен кейін кәрі Еуропа қауымдастығының табатын пайдасы қандай немесе бұған керісінше тартатын шы­ғыны нендей, деген төңіректен туады. Осыған орай экономистер бастапқыда босқындарды орналастыру мен көші-қон тәртібін реттеу үшін белгілі бір мөлшерде қаржы жұмсалып кеткенімен, болашақта олардың келуінің өзі экономикалық даму үшін қажетті оң фактор бола алатынын жоққа шығара қоймайды. Мәселен, БҰҰ-ның Экономика және әлеуметтік мәселелер департаментінің өкілі Даун Холланд құрлыққа жан са­нының көптеп келуі «олардың жергілікті қызмет орындары бөлген жеке ақшалар мен қаржыларды жарата отырып, ақыр соңында сол елдің ұлттық экономикасына оң ықпал жасайтынын көрсетеді», деп атап өтті. «Бұл тарапта жүргізіліп жатқан макроэкономикалық зерт­теулердің басым бөлігі мұның позитивті қорытындысы болатынын байқатып отыр», – деді ол. Маманның пікірінше, елде күшті экономикалық дүмпу орын алуына мигранттар айрықша әсер еткен Швецияның тәжірибесі бұған тағы бір дәлел. «Мұны біз қадағалап қа­рап отырған ішкі жалпы өнімнің көрсеткіші де білдіреді», – дегенді қосты ол бұған. Ол сонымен қатар, бірқатар мемлекеттердің шекаралары шептерін нығыздап жауып жатуы кейін «адамдар мен сауданың емін-еркін қозғалуына жол ашып беретінін», соның салдарынан «кереғар көріністердің орын алуы ықтимал екенін» жасырмады. Мұндай көзқараспен келіс­пейтіндер де аз емес. Германиядағы белгілі экономист, Экономикалық зерттеулер институтының бұрынғы басшысы Ханс-Вернер Зинн жақын болашақта босқындар тасқынының ГФР экономикасын көтеруге атсалыса қалатынына үлкен күмәнмен қарайды. «Босқындар әлеуметтік жүйе үшін орасан зор салмақ болғалы тұр. Соғыс жүріп жатқан жерлерден келетін мигранттардың дені білімсіз болып шығады, сол себепті де оларды оқытып-үйрету мемлекет үшін бұдан бұрын келгендер де қымбатқа түседі. Рас, экономикаға арзан жұмыс күштері де керек, алайда, Германия үшін босқынға орын босатып беретін азаматтардың құны бұдан әлдеқайда қымбат. Осылайша теңсіздік көбірек орын алып, әлеуметтік жүйе барынша қымбаттай береді», – деп есептейді ол. «Бәрінен маңыздысы – білім, – деп ойын жалғастырады Зинн. – Білімі төмен адамға ақы да аз төленеді, одан төленетін салық та аз болады. Мұның бәрі, айналып келгенде, бюджетке кері әсер етеді. Кәртамыш мемлекеттің проблемасы мигранттар біліктілігінің төмендігінен бұрынғыдан бетер күшейе түседі». Ал аталмыш институттың қазіргі директоры Клеменс Фюст «көші-қон дағдарысының ақшаны көбірек жаратуға мәжбүр ететінін, осыған байланысты басқа салалардан үнемдеуге тура келетінін» алға тартады. «Билік бізді шатастырып отыр. Біз босқындар тасқынынан жаңа қарыздарға кіріп, әлеуметтік саланың арасалмағын тең ұс­тай алмай келеміз. Енді көші-қон дағ­дарысының күшеюінен ақша бұрын­ғыдан да азая түсетін болады», – деді ол. Ал Көші-қон жө­ніндегі халықаралық ұйымның өкілі Джоэл Миллман мұндай өзекті мәселенің бар екенімен келісе отырып, оның тап қазіргі күндері пайда бола салмағанын уәж етеді. Оның айтуынша, бұдан 40 жыл бұрын «Германияға итальян-мигранттар әкелінген кезде де тап осындай жағдай туындаған». Олар кейін ортаға сіңіп кетіп, өз балаларына жақсы білім алып бере алған. Ирланд-иммигранттар жөнінде де осыны айтуға болады. Сарапшылар, сондай-ақ, миг­ранттардың барлығын бірдей босқын деп қабылдауға болмайтынын да айтады. Мысалы, Дүниежүзілік банктің Еуропа мен Орталық Азия аймақтық бөлімшесінің бас эко­номисі Ханс Тиммер мигранттар мен босқындар арасындағы принципті айыр­машылықтарды атап көрсетеді. Оның айтуынша, соғыс жанжалдары салдарынан жаппай көшуге мәжбүр болған Сирия мен басқа да елдердің тұрғындарының «жа­һандану сипатындағы істерге байланысты қозғалысқа түскен экономикалық миграциядан» елеу­лі айырмашылықтары бар. Дегенмен, осының екеуі де барған жерлеріндегі ахуалды айтарлықтай өзгертіп жіберуге қауқарлы. Соның ішінде радикалды исламның қауіп-қатері бұрынғыдан еселеп арта түсетінін ешкім жоққа шығара алмайды. Ең қиыны, осы қозғалып кеткен көшті тоқтату мүм­кін болмайтын түрі бар. Ал оны қандай тіміскі күштердің бұдан бірнеше жыл бұрын Африка құрлығының солтүстігінде «араб көктемі» деген атпен арнаға салып жібергенін бүгінде аса көп еске ала қоймағанымен, жұрттың көбі өте жақсы біледі. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»