08 Маусым, 2016

«Жұлдыздар» да салықтан сытылмайды

381 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
ЗВЕЗДЫҚазіргі уақытта  салық төлеушілер мен бизнес өкілдеріне жасалып жатқан жеңілдіктер мен кепілдіктер сан алуан. Бизнесті жүргізуге және салық төлеушілерге ыңғайлы болу үшін үстіміздегі жылдың бірінші қаңтарынан бастап Салық кодексіне, сонымен қатар, мүлікті жариялауға байланысты заңға да өзгерістер енгізіліп, оның мерзімі 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін созылды. Соның нәтижесінде қаншама субъектілер төленбеген салық жауапкершілігінен босатылып, жылжымайтын мүліктерін заңдастыратын құқыққа ие болды. Яғни, мемлекет тарапынан жасалып жатқан мұндай жеңілдіктер өткенге кешірім жасау арқылы болашаққа сеніммен қадам басуға зор мүмкіндіктер беріп отырғаны ақиқат. Соған қарамастан, салық төлеуден және мүлкін жария етуден жалтарып, көлеңкелі бизнестің ықпалынан шыға алмай жүргендер әлі де аз емес. Бұл мәселе, әсіресе, әнші, тойшыл және ойыншыл қауымның ішінде кең өріс алып отыр. Олар – мәдениет пен шоу бизнес өкілдері және асабалар. Мысалы, Алматы қалалық мә­дениет басқармасының өткен жылғы мәліметін негізге ала отырып, мәдениет және шоу-бизнес са­ласы бойынша кәсіпкерлікті жүргізетін салық төлеушілердің атқа­ратын қызметіне талдау жасал­ған болатын. Соның ішінде 163 салық төлеушінің 41-і ғана жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендігі анық­талды. Салық төлеуші ретінде тіркелмегендер – 122. Бұл цифрларды толық мәлімет деп те айтуға болмайды. Сонымен қатар, жуырда «Forbes.kz» журналында шоу биз­нес саласында аты шыққан жұл­дыздарымыздың рейтингі жария­ланды. Есімдері елге танымал қаншама адамдарымыз көлемді табыс иелері бола тұра, салық органында тіркелмеген және мемлекетке бір тиын да салық төлемеген. Қымбат үйлер мен қымбат көліктерді, қымбат киімдерді пайдаланып, қымбат клиптер түсіріп жүрген белгілі өнер тарландарының мемлекет мүддесінен тыс қалып жүргені өкінішті. Біз бұл жерде мемлекет мүддесі деп олар төлемеген қаншама миллиондаған салықты және жарияланбаған жылжымайтын мүліктерді айтып отырмыз. Сондықтан да қазіргі уақытта мәдениет және шоу бизнес өкілдерін салық органында тіркеу және салықты мәжбүрлі түрде декларациялау мәселелері қатаң қолға алынды. Бұған қоса продюсерлік қызмет, дыбыс жазу, клиптер түсіру сияқты қызмет саласы да салықтық бақылауға алына бастады. Мысалы, аталмыш журналдың мәліметі бойынша, белгілі әнші Бүркіттің 2015 жылғы табысы (доллардың ескі бағамымен алғанда) 1 миллион АҚШ долларын құраған. Алайда, ол жеке кәсіпкер ретінде салық органында тіркелмеген және өзі жасап жүрген шоу бизнесі бойынша мемлекетке бір тиын да салық төлемеген. Белгілі әншілер Асхат Тарғын (табысы 172,8 миллион теңге), Алишер Каримов (135 миллион теңге), Дильназ Ахмадиева (108 миллион теңге), Бақтияр Мамедов (90 миллион теңге), Әли Оқапов (54 миллион теңге), Жанар Дұғалова да (45 миллион теңге) қомақты табыс тапқандарына қарамастан, салық төлеуден бойларын аулақ салған. Ал енді салық төлеуші жеке кәсіпкер ретінде тіркелген өнер жұлдыздары да бар. Олар – Луиза Каринбаева мен Мақпал Исабекова. Алайда, салық органында салық төлеуші ретінде тіркелгенімен, олар да салық төлеуден жалтарған. Көп адамдар салық төлеуден жалтарып жүрген әрекетін көлеңкелі экономикаға жататынына жеткілікті мән бермейді. Ал кез келген заңсыз әрекеттің сұрауы да, жауапкершілігі де болатынын ұмытпаған жөн. Үстіміздегі жылдың 31 желтоқ­сан­ында мүлікті жариялау туралы Заң өзінің қолданылу мерзімін тоқ­татады. Содан кейін жұмсалған (кіріс пен шығыс) әр тиынға жауап беретін уақыт 2017 жылдан басталады. Себебі, 2017 жылдан бастап кезең-кезеңімен жалпылама декларация тапсыру қолға алынады. Елбасымыз өзі республика халқына кезекті Жолдауында және «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының съезінде: «Мүлікті жариялау – соңғы мүмкіндік, бұдан кейін ешқандай жеңілдік болмайды. Бұл жалпылама декларациялау алдындағы соңғы акт» деген еді. Сонымен қатар, Елбасы 2017 жылдан бастап халықаралық Страсбург конвенциясының шеңберінде шетелдегі және оффшорлық аймақтарда орналасқан барлық жылжымайтын мүлік пен қаржыға тиісті тексерулер басталатынын да шегелеп айтты. – Бұл салықтан және өз мүлкін жариялаудан бой тасалап жүрген мәдениет өкілдері мен әртістерді және асабаларды бекерден-бекер тілге тиек етіп отырған жоқпыз. Себебі, кейбір әншілер даңғарадай үйде тұрады, қымбат көлік мінеді және жиі-жиі шетел асып жүреді. Алайда, тапқан табысының заңдылығын дәлелдей алатын ешбір құжаты жоқ, салық органында тіркелмеген және салық төлемеген. Қайсыбірі филармонияда, театрда, «Қазақконцертте» немесе басқа бір мекемеде қызмет істейтін болып тіркелген. Тіпті, кейбіреуі ешбір жерде тіркелмеген. Айлық жалақылары да төмен. Ал кейбіреуінде тапқан ақшасын дәлелдейтін ешбір құжаттары да жоқ, әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы қорына бір тиын түспеген. Ал тұрған үйі мен мінген көлігінің құны болса миллион долларға жуық немесе одан да асып кетеді, – дейді Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмыстары басқармасының бөлім басшысы Бекен Нұрахметов. Біз бұл жерде біреудің қалта­сындағы ақшаны санау емес, ертеңгі күнгі жауапкершілік мәсе­лесін айтпақпыз. Осы орайда өнер жұлдыздары жалпылама декларация басталған кезде заң алдында не деп жауап береді? Міне, мәселе сонда. Заң алдында бәрі бірдей. Қазіргі уақытта осы мәселелерге байланысты біраз нормативті-құқықтық актілерге тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп жатыр. Соның бірі – Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 275-бабына (Салық салу объектілерін және салықтық есептілікке жататын өзге де мүлікті жасыру) енгізілген өзгерістер. Бұл бапта жасырылған мүлік әшкере болған жағдайда салынатын айыппұл көлемі 250-ден 500 айлық есептік көрсеткішті (530 мыңнан 1 миллион 60 мың теңгеге дейін) құрайды. Ал енді қылмыстық жауапкершілік мәселесіне келіп тірелетін болса, ондай жағдайда субъектінің тартар жазасы (мүлікті тәркілеу мен бас бостандығынан айыру) бұдан да ауыр болатыны сөзсіз. Бұл тығырықтан шығатын жол бар ма? Әрине, бар. Бір аптада оннан аса тойға барып, ән айтып, қыруар ақша тауып жүрген әншілер жеткілікті. Бір аптада екі-үш той басқарып жүрген танымал асабалар да жоқ емес. Бұған қоса бишілер қауымын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Басқа жеке тұлғаларды да ұмытпаған жөн. Табысты жақсы тапса да, олардың көпшілігі салық органына бір тиын да табыс салығын төлеп жүрген жоқ. Себебі, олар өзінің қызметі үшін төленетін ақшаны конвертпен алады. Сондықтан да салық төлемеген субъект өзінің табысының заңдылығын да дәлелдей алмайтыны түсінікті. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін Мүлікті жариялау туралы Заң талаптары шеңберінде бәрін заңдастырған және салық төлеуші ретінде мемлекеттік кіріс органында тіркелген абзал. Жыл­жымалы мүлік пен қаржыны заң­дастыру кезінде субъект барлық жауапкершіліктен (қылмыстық, әкім­шілік, салықтық және тәртіп­тік) босатылатынын ескерте кеткен жөн шығар. Яғни, мұндай жағ­дайда мүлікті жария етуші субъек­тінің кемшіліктері мен салық­тан жасырған әрекеттеріне ешқан­дай сұрау болмайды. Және де Қа­зақстан Республикасы Қыл­мыстық кодексінің 48-ба­бының талаптары бойынша жария етілген мүлік тәркілеуге де жатпайды. Белгілі бір өнер саласындағы субъект ай сайын той-томалақтардан қыруар ақша табу арқылы бірнеше үй сатып алды делік. Сонымен қатар, қолма-қол айналымында да қыруар қаражаты болсын. Жылжымайтын мүліктері басқа біреулердің атына ресімделген болуы мүмкін. Енді аталмыш заң шеңберінде сол жылжымайтын мүліктерді өз атына сенімді түрде аударып алуға болады. Ол үшін мемлекетке он пайыздық алым төленбейді. Ал қолындағы ақшаны екінші дәрежедегі банкке немесе Ұлттық пошта операторындағы есепшотқа салу арқылы жария еткен жағдайда да ешқандай алым алынбайды. Яғни, ешқандай артық шығынға батпайды және ешбір жауапкершілікке тартылмайды. Осы орайда, он пайыздық алым тек шетелдегі жылжымайтын мүлікті (оның ішінде басқа біреудің атына ресімделген), сонымен қатар, қолдағы ақшаны банкке салмай-ақ, декларативті түрде жария еткен жағдайда ғана алынатынын еске салып өткен жөн шығар. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ
Соңғы жаңалықтар