08 Маусым, 2016

Қосқан және қосар үлесіміз қомақты

403 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
IMGUNE-15БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінің ЭКОСОС залында жоғары деңгейдегі шара өтті. Ол Қазақстанның БҰҰ-ның энергетика жө­ніндегі орнықты даму мақсат­тарын жүзеге асыруға қос­қан үлесіне арналды. Ша­рада, сондай-ақ, алдағы жылы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халық­аралық мамандандырылған көрмесінің тұсаукесері ұйымдастырылды. Шараны ұйымдастыруға Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі, БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті, БҰҰ Бас хатшысының өте әлсіз дамыған,  дамушы, теңізге шығатын жолы жоқ елдер және шағын арал дамушы мемлекеттер жөніндегі орынбасарының офисі атсалысты. Кездесуді табысты өткізуге, сонымен қатар, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы, Назарбаев Университет, сондай-ақ, G-Global-дың халықаралық хат­шылығы үлкен үлес қосты. Шараға қатысушылар – елшілер мен БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдіктердің сарап­шылары, үкіметтік емес ұйым­дардың, ғылыми және іскер топтардың өкілдері 2030 жылға қарай энергияға баршаның қол­жетімділігін қамтамасыз ету мақсатына жету үшін жасалып жатқан жұмыстарға байланысты пікір алмасты. Бұл арада аталған мақсатқа жету жолында БҰҰ-ның, ұлттық үкіметтердің, бизнестің, азаматтық қоғамның және басқа да мүдделі тараптардың күш-жігерлерін үйлестірулері керек екендігі атап көрсетілді. Шара барысында БҰҰ Бас хат­шысының орынбасары Гьян Чандра Ачарья, Бас хатшының экономикалық даму жөніндегі көмекшісі Ленни Монтьель, БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі – Барша үшін орнықты энер­гетика бастамасының жетек­шісі Рэйчел Кайт, Назарбаев Уни­верситеттің инновациялар жөніндегі вице-президенті Қанат Байғалин, G-Global жетекшісінің орынбасары Мұрат Қарымсақов, үкіметтік емес ұйымдардың, ғылыми және іскер топтардың өкілдері сөз сөйледі. ЭКСПО-2017-нің өкілі Рус­лан Жемков көрмеге дайын­дық барысы туралы кең көлем­ді тұсаукесер жасап, нысан­дардың көрмеден кейін қандай мақсаттарда пайдаланылатындары жөнінде әңгімелеп берді. Қатысушылар, сондай-ақ, Қазақстанның қуат тиімділігін арттыру, баламалы қуат көздерін дамыту мен қуаттың заманауи көздеріне жалпыға ортақ қолжетімділікті қамтамасыз ету саласындағы ұлттық саясатымен таныстырылды. Осы жерде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанада БҰҰ-ның жанынан «жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту бойынша Халықаралық орталық құру жөніндегі бастамасы туралы ақпарат ұсынылды. Шара соңынан болған тал­қы­лаулар кезінде оған қаты­сушылар «Болашақтың энергиясы» тақырыбында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу – Қазақстанның энергетика саласында жаһандық үйлесімді мақсаттарға қол жеткі­зуге қосатын нақты үлесі болатынын атап көрсетті. Сәулебек БІРЖАН