08 Маусым, 2016

*Оқиғаға орайлас ой

300 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
*Лаңкестікке лағнет Мұрат ЖҰРЫНОВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының президенті: – Қасиетті Рамазан айы енді ғана басталды. Міне, дәл осындай уақытта біреулердің террорлық акт жасауға дәті барғаны қынжылтады. Мұндай адамдар заңның бүкіл қатаң талабы бойынша жазаланулары тиіс. Өкінішке қарай, қазіргі таңда әлемдегі жағ­дайлар да үлкен өзгерістерге ұшырап жа­тыр. Сондықтан біз­дерге, яғни қазақ­стан­дықтарға да кез келген күтпеген жағдайларға сақадай-сай тұру керек. Кез келген аз ғана күдік туғызатын сәттерде тиісті органдарға шұ­ғыл хабарлап, олар лаң­кес­терді дер кезін­де ауы­з­дықтап үлгеретіндей болу­лары тиіс. Біздер баршамыз болып Қазақ­стандағы тұрақтылықты сақ­тау жолында күш бірік­­­ті­руіміз керек. Халқы­мыз – қайырым­ды да ізгі ниетті, кез келген мей­манға қонақжай­лылығы­мен ерекше­ленеді. Тұтастай алған­да, біз кім көрінгенге мемлекетіміздегі тыныштықты бұзуға жол бермеуге тиістіміз. Серік СЕЙДУМАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты: – Бүгінде әлемде түрлі-түсті революциялар деп аталып жүрген мемлекеттік төңкерістерді өткізу бо­йынша көп­те­ген сценарийлер қалып­тастырылып үлгерілген. Мұны біз кейбір посткеңестік елдер оқиғаларынан да, араб елдеріндегі төңкерістерден де айқын көріп отырмыз. Төңкерістерді жасау технологиялары егжей-тегжейлі ойластырылған. Оның мәні кез келген жағдайды тұрақсыздыққа апаратын оқиғалар туындату үшін пайдалануға ұмтылу бо­лып табылады. Осын­­дай мақсатқа жету­ге ты­рысатын адамдар то­бы қай кезде де бол­ған, бүгін де бар еке­ні анық, бола да бермек. Егер нақты Төле­шев­тің тобы туралы айта­тын болсам, өз басым бұл жағдайды алғаш­қы ұстаулар жүзеге асы­рылған қаңтар айы­нан бері бақылауымда ұстап келе­мін. Құқық қорғау органдары дер кезінде, сапалы, кәсіби тұр­ғыдан іс-қимыл танытты деп есеп­тей­мін. Осының нәтижесінде тұрақ­сыздыққа жол берілген жоқ. Ал оның ақыры зор­лық төңкеріске апаруы ықтимал еді. Осы тұрғыдан алғанда, кез келген наразылық акциялары кең ауқымды қамтуы үшін жан-жақты қаржыландырылатынын да қаперден шығармаған жөн. Мұнсыз жаппай наразылық акциялары ешқашан жүзеге аспайды. Осы жерде атап көрсететін жайт – проблемаларды шешудің басқа да өркениетті жолдары бар емес пе? Оның үстіне, бү­гінде Қазақ­станда демо­кратиялық үде­рістер жүріп жатыр. Осы үде­рістердің аясында кез келген толғандыратын мәселелерге байланысты сұрақтар қойып, үнқатысу алаңдарын құруға болады. Мұның жақсы үлгісі ретінде өркениет жолымен жұмыс істеп жатқан Жер жөніндегі комиссияны айтуға болады. Ерлан ҚАРИН, Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтының директоры: – Арнайы қыз­мет­тер жағдайды бақы­лауынан шығарған жоқ. Олар оқиға дамуы­ның ең жаман деген сценарийінің ал­дын ала алды деп ай­туға әбден болады. Осы тақылет­тес оқиғаларға толықтай дайын болу мүмкін емес. Өйткені, шабуылдағандар – біз­дің ортамызда жүрген адам­дар. Олар – түрлі себеп­тердің салдарынан бөтен идеологияға беріліп, қолдарына қару алған біздің отандастарымыз. Арамыздағы аза­мат­тардың бәрін жау көру – біздің жолымыз емес. Сондықтан, мұн­дай оқиғаларды күтпейтініміз де рас. Қару-жарақ дүкеніне, әскери бөлімге ша­буыл­дардың хро­но­логияларына қара­ғанда, мұндай іс-әрекеттің қа­ру-жараққа қол жет­кізу үшін жасал­ғанын түсінуге болады. Егер қаскөйлер өздерінің жос­парларын жүзеге асыра алған жағдайда не бо­латынын көзге елес­тетудің өзі қиын. Менің ойлауымша, құқық қорғау органдары терроризм қатерін барынша тежеп келеді. Осы жол­да экстремистік топ­тардың ошақ­тарын тауып, жойып жібе­ру­де. Міне, осындай ұтымды іс-қимыл­­дардың нәтижесінде еліміз түрлі қа­тер­лермен бетпе-бет келіп көрген емес. Ғалымжан БАЙДЕРБЕС, Әлия-Мәншүк атындағы «Қос шынар» қоры» қоғамдық бірлестігінің  төрағасы, еңбек ардагері, Ақтөбе облысының құрметті азаматы: – «Паллада» дүкеніндегі қақтығыс кезінде қаза тапқан сатушы мен күзетші рухына арнап гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып келдім. Бұл сәттер мен үшін өте ауыр соқты. Міне, жасым 80-ге келді: соңымыздан ерген жас буын өкілдерінің тыныштықты, бейбітшілікті бағалай білмеуі, ел бірлігіне сызат түсіретін қадамға баруы, ешкімге жазығы жоқ жандарды ойланбастан өлімге қиюы қатты налытты. Жастардың арам пиғылдылар жетегінде кетпеуіне әрқайсымыз өзімізді жауапты санап, осы іске үлкен-кіші болып, баршамыз атсалысуға тиіспіз. Еліміздің жарқын табысына, татулығымыз бен бірлігімізге көз аларта қарайтын арам пиғылдылар, арандатушылар бой көтеріп қалған тұстарда, жағдайға сабырмен, парасатпен қарай бі­лейік. Бүгінгі күні біз үшін ең маңыздысы – ауыз­­біршілік. Ауыз­бірлікті сақтасақ, бәрін де сақ­таймыз, одан айы­рыл­сақ, бәрінен айырыл­ғанымыз. Енді осындай қанды оқиғалар болмаса екен, қайталанбаса екен деп тілейміз. Қаныпезерлер қолынан қаза тапқан жерлестеріміз әрдайым ел жадында болмақ. Алтай ТАЙЖАНОВ, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы, профессор: – Қаламызда 2016 жылдың 5-6 маусымы күндері террорлық және қарақшылық бағыттағы келеңсіз оқиғалар орын алды. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бүкіл ел жұртшылығы, қала берді, алыс және жақын шетелдер құлақтанды. Бұл экстремистік сипаттағы оқиғалар халықаралық лаңкестікпен байланысты болуы мүмкін. Мемлекетіміздің Ата Заңынан бастап кез келген заңнамалық актілер мен құжаттарындағы ең басты басымдық – ұлттық қауіпсіздік, оның ішінде конституциялық құрылысқа қарсы әрекеттер, ал басты құндылық халық, Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігі екендігі белгілі. Қаламызда өткен іс-әрекеттер бірнеше азаматты өмірінен айырып, көптеген жанның денсаулығына залалын тигізді. Ал олардың туыстарына, туғандарына, жақындарына әкелген қайғысы мен қасіретінің орны бір бөлек. Жалпы, мұндай оқиғалардың болуына не себеп, не мақсатпен жүзеге асты деген сұрақ бәрімізді мазалайтыны сөзсіз. Мұндай жағдайлар жайдан-жай туындай салмайды, оның саяси астары, әлеуметтік негіздері болуы да әбден мүмкін. Әрине, сыртқы күштер, оның ішінде халықаралық заңсыз, экстремистік ұйымдардың біздің еліміздің мүддесін ойламасы анық, ендеше, сақтық әр уақытта керек. Бірақ, ішкі жағдайда бізге әлі де нақты ортақ идео­логия, қатаң бақылау қажет, қоғамды интеграциялау бойынша көптеген істердің кемшін екенін қазіргі уақыт та, кейбір нақты жағдайлар да  көрсетуде. Бұл – мүлдем іс-әрекеттер жоқ деген сөз емес. Елімізде осы бағытта түрлі шаралар, білім беру мекемелерінде тәрбиелік, насихаттық сипаттағы істер жүзеге асуда. Алайда, бұл жағдай Астанадағы жедел жиында Үкімет басшысы К.Мәсімов айтқандай, билік механизмінде, үкімет, заң шығарушы және атқарушы билік тармақтарында кемшін түсіп жатқан тұстардың бар екендігін де көрсетіп берді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер органдары, армия осындай ширыққан жағдайда өз қолдарынан келгенін жасады. Бірақ, әлі де жүйелі, ұйымдасқан, мақсатты шаралар жетіспейтіндей. Сондықтан, жалпы қоғам тарапынан айтылып жатқан  залалды істерді айыптай отырып, оларды болдырмаудың нақты механизмдерін жасап, елімізді дамытып, алға апару үшін ел болып, халық болып бірге күш жұмсап, іс-қимылға бірігуіміз керек. Осы бірліктің бір тұтқасы ұлттық санада. Ұлттың рухани болмысын қалыптап, мақсат-мүдделерін адамгершілікті, адал арнаға бағыттауда деп білеміз. Ол үшін елдегі коррупцияны азайтып, меритократиялық қағидаларды басшылыққа алған жөн, сындарлы кадр саясатын жүргізуді де естен шығармағанымыз абзал. Санат КӨШКІМБАЕВ, Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары: – Күш құры­лым­дары бәз біреулердің қарулы топтарды елі­міздегі жағдайды тұрақсыздандыруға ба­ғыттауға талпынған әре­кеттерін ауыздықтау бойынша кәсіби тұрғы­дан іс-қимыл танытты. Олар үйлесімді қимыл­дады. Оның үстіне, осы тақылеттес іс-әре­кеттердің аяғы билікті басып алуға ұмтылысқа ұласатын жанжалдарға алып келуі ықтимал екенін де түсі­нуге тиіспіз. Бұл – қоғамдағы тұрақ­сыз­дық­ты, күш және қылмыстық құры­лымдарды пайдаланудың белгілі сценарийі, тәжірибеден өткен технологиясы. Осы тұрғыдан алғанда, мұндай жағдайларды дер кезінде анықтап, алдын алудың маңызы өте зор.