08 Маусым, 2016

Қазақстанды ұмытпай, қадір тұтады

516 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Грек Респуб­лика­сындағы елшілігі Ахарнон қаласында өткен ірі гүл жәрмеңкесіне қатысты. Бұл қала әлемдік маңызы бар тарихи және сәулет ескерткіштерімен ерекшеленеді, бұған қоса, 150 000 қала тұрғынының басым бөлігін ыдыраған Кеңес Одағының өкілдері, олардың арасында бұрынғы қазақстандықтар да бар, құрайды. Жәрмеңке қонақтары қатарында Грекия қоршаған ортаны қорғау және энергетика министрінің орынбасары Й.Тсиронис, Ахарнон қаласының митрополиті П.Филиппу, Грекия парламентінің депутаттары, көршілес қалалар мен аймақтар басшылары болды. Ахарнон қаласының басшысы Я.Кассавос құттықтау сөзінде үстіміздегі жылы Оңтүстік Қазақстанда (Шымкент және Түркістан қалалары) сапармен болғанын айта келіп, Ахарнон тұрғындары өздерінің екінші отандарымен тығыз байланыста екенін атап өтті. 2008 жылдан бастап Ахарнон мен Шымкент бауырлас қалалар атанды. Бүгінгі таңда аталған екі қала арасында екіжақты ынтымақтастық пен серіктестік даму үстінде. Қазақстан Республикасының Грек Республикасын­дағы елшісі А.Волков құттықтау сөзінде мемлекетіміз биыл үлкен тарихи оқиға – өз Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтетінін айтты. Республикамыз аталған аралықта тұрақты және мықты мемлекет, дамыған экономикасы мен жаһанда нық ұстанымы бар аймақтық державаға айналғанына да тоқталды. Қазақстанда ұлтаралық және дінаралық келісімнің тұрақты жүйесі қалыптасқанын, 10 000-нан астам грек диаспорасы кіретін Қазақстан халқы Ассамблеясының ұлтаралық татулық бағытында үлкен жұмыстар атқарып келе жатқанын атап өтті. А.Волков грек халқына Қазақстан Республика­сындағы экономикалық, саяси, бейбітшілік, дінаралық және ұлтаралық келісімді дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Бұған қоса, жиналған қауым Қазақстанның тарихи қысқа мерзім – Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табыстарымен таныстырылды. Ахарнон қаласының басшылығы мен қазақстандық дипломаттардың атсалысуымен ұйымдастырылған іс-шарада елімізде Тәуелсіздік мерейтойына қызу дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқаны жайлы ақпаратқа тұрғындар зор қызығушылық танытты. Іс-шара Ахарнон қаласы муниципалитеті филармониялық оркестрінің концертімен жалғасты. Бір айта кетерлігі – оркестр құрамында бұрынғы отандастарымыз да өнер көрсетті. «Егемен-ақпарат»
Соңғы жаңалықтар