Қазір Алматы сияқты үлкен мегаполистің басты мәселесінің бірі – тазалық. Қаланы қоқыстан біржолата арылтуға алдымен алматылықтардың өздері ғана септесе алады. Алайда мүдделі мақсат әлі де толық іске аспай тұр. Оның үстіне, Пәтер иелері кооперативінің қызметі тіпті сын көтермейтіндігін өткен аптада қала әкімі Бауыржан Байбек те қатаң сынаған болатын.
Дегенмен, қаланың тазалық мәселесіне қолұшын созып, арнайы акциялар ұйымдастырып, қоғамдық сананы өзгертуге күш салып жүрген компаниялар да бар. Мәселен қомақты жүлде қоры бар «Ең үздік аула сыпырушы» жыл сайынғы байқауы «Эфес Қазақстан» ШС» АҚ демеушілік етуімен және «Нағыз Алматыша» қоғамдық қоры тарапынан қолға алынған-ды. Бұрнағы жылы «Ең үздік аула сыпырушы» бастамасына журналистер мен блогерлер тартылған еді. Енді, міне, 2 маусымда Алматыда «Епті аула сыпырушы» шеберлік сабағы өтіп, оған БАҚ өкілдерінен бөлек, Алматы қаласы мәслихат депутаттары Константин Авершин, Қанат Төсекбаев, Махамбет Хасенов «Епті аула сыпырушы» байқауына қатысты.
Аулаларды таза ұстап, қабырғалар мен жол жиектерін сырлау, гүлзарлар мен көк шалғынды тегістеп қырқуды өзіне міндет етіп алған жандарға арналған бұл байқау осымен төртінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Осылайша байқау арқасында мегаполис тұрғындары күнде қаланы тазалықта ұстап жүрген адамдармен танысып, аула сыпырушыларға олардың ауыр жұмысы үшін алғыс білдіруге мүмкіндік алып отыр.
Сонымен, биыл да 15 маусымға дейін Алматының ең үздік аула сыпырушысы деген жүздеген өтінімдер жиналып, үміткерлер 15 тамызға дейін созылатын екінші дауыс беру кезеңіне өтеді. Демек, қаланың әрбір тұрғыны сайт арқылы осы мәртебеге лайық адамға өз дауысын бере алады.
Биыл «Ең үздік аула сыпырушы» байқауының жүлде қоры 650 000 теңгені құрап отыр: бірінші орынға – 200 000 теңге, екінші орынға – 150 000 теңге беріледі. Үшінші орынға берілетін 100 000 теңгеге тең сыйлықты үш қатысушы ала алады. Сонымен қатар, әрбір ауданның аула сыпырушыларына мадақтау сыйлықтары мен дипломдар табысталмақ.
– Жоба Қазақстанның ең ірі мегаполисіндегі тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Сондықтан біз компаниямыздың корпоративтік-әлеуметтік жауапкершілігі аясында жобаны қолдап отырмыз. Ал алматылықтар оған бұрынғысынша белсенді атсалысады деп үміттенеміз, – дейді «Эфес Қазақстан» ШК» АҚ Корпоративтік қатынастар департаментінің директоры Шыңғыс Қаскеев.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ