08 Маусым, 2016

Тобылды толқытқан жыр

420 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
IMG_0216Көрнекті ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет сыйлығының иегері, көптеген жыр мүшәйраларының жеңімпазы Серік Тұрғынбекұлының 70 жасқа толған мерейтойы Қостанай қаласында кең көлемде, жоғары деңгейде өтті. Қаладағы Ілияс Омаров атындағы облыстық музыкалық драма театрында өткен бұл кеште көрермен қауым алдымен, ғимараттың алаңына ор­наласқан әдеби көрмені айналып өте алмады. Онда ақынның әр жылдары шыққан кітаптары мен жыр жинақтары жүйелі орналасыпты. Қаламдас ағаларының, замандастарының ақ тілек лебіз­дері тайға таңба басқандай тізбектеліп тұр. Он­да ақын-жазушылар – Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Сәбит Досановтың іні жайлы ізгі лебіздері жазылған. Сондай-ақ, белгілі әдебиетшілер – Серік Қирабаев, Әбіш Кекілбаев, Ақселеу Сейдімбектің ой-пі­кірлері де орайымен көзге түсті. Ақынның шығармашылығы мен өмір жолын баяндайтын фото-көрме де көрермендерді қызықтыра білді. Салтанатты кешті облыс әкі­мінің орынбасары Марат Жүндібаев ашып: – Сіз Тор­ғайда туып, топ жарған бар қазаққа ортақ тұлғасыз. Бүкіл саналы ғұмырыңызды ұлттық әдебиетімізге арна­дыңыз. Өзіндік сөз саптауы­ңыздың сыртында, шешен­дігіңізбен, өлең-сөздегі көсем­дігіңізбен қа­зақтың көрнекті ақындарының бел ортасынан берік орын алдыңыз, – деген сөзіне көрер­мен көпшілік қуана қол соқты. Сондай-ақ, Серік ақынды Мәс­кеуден арнайы құттықтай келген Ресейдегі «Қазақ тілі» қо­ғамы төрағасының орынбасары, Тимирязев атындағы университет профессоры, Ресей Жур­налистер одағының мүшесі Серік Той­ғамбаевтың лебізі жылы қабылданды. Кеште Серік ақынның өлең­деріне жазылған көпшілікке кең танымал әндер орындалып, Қостанай театрында бірнеше жылдардан бері жүріп келе жатқан «Кейкі батыр» драмасынан үзінді көрсетілді. Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің ақынға ақ тілегін арнауы да әбден жарасымды болды. Серіктің қаламдастары Ғұмар Ахметшин, Серікбай Оспанов, Ақылбек Шаяхметов, Нағашыбай Мұқатов ақынға арналған лебіз-тілектерін айтып, арнау өлеңдерін оқыды. Тобылдың толқынында тер­бетілген ақын жырларына ән жазған композиторлар Бақыт­жан Сәуекенов, Қалибек Де­ріп­­салдин ән шашу арнады. Облыс ақсақалдары атынан қала­ның қадірменді қариялары Жандарбек Сейітов, Тарғын Әденов, Ыбыраш Естаев сынды ардагерлер ақ батасын беріп, ақынға ақ жол тіледі. Соңынан Серік Тұрғын­бек­­ұлын облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қабылдап, арқалы ақынға шығар­ма­шылық табыс­тар тіледі. Сый-сияпат ұсынды. Қабылахат СЕЙДАХМЕТОВ ҚОСТАНАЙ