08 Маусым, 2016

Қостанайда татар-башқұрт халқының сабантой мерекесі өтті

641 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
08-06-16-sabantoi 1 ҚОСТАНАЙ. 8 маусым. Қостанайлықтар татар-башқұрт халықтарының жыл сайынғы дәстүрлі сабантой мерекесін тойлады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Сабантой мерекесі жыл сайын көктемгі дала жұмыстары аяқтала бергенде, маусым айында тойланады. Халықтық мерекеге айналып кеткен оған тек татар-башқұрт этомәдени орталығының мүшелері, диаспора өкілдері ғана емес, барша қостанайлықтар жиналады. Тобыл жағасындағы «Шағала» алаңына бірнеше киіз үйлер тігіліп, онда татар, башқұрт халықтарының ұлттық тағамдары, ұлттық бұйымдары жайылды. Сабантойдың сәнін татарлардың түрлі тәтті тағамдары келтіріп, әнші, биші және баяншылары, гармоншылары қыздырады. Бұл жолы да баяннан төгілген әндер мерекеге жиналғандардың делебесін қоздырып, татары, орысы, қазағы, азербайжаны мен өзбегі – барлығы да билеп кетті. Мерекеге Татарстаннан арнайы қонақтар да шақырылды. Татарстанның халық әртісі Искандер Биктагиров, Еңбек сіңірген әртісі Фарид Хатыпов баянмен татар халқының халық әндерін нақышына келтіре орындады. Олар Татарстанның президенті Рустам Миннихановтың сәлемін жеткізді. Сабантой мерекесінің бір сәні қашан да ұлттық спорт ойындары болып саналады. Армреслингтен, күрестен мерекеге келген кез келген жігіт күшін сынап көрді. Сабантой тек татар, башқұрт халқының ғана емес, қостанайлықтардың демалыс күнін қызықты ете түсті. Нәзира Жәрімбетова. Дерек: egemen.kz. Фото: ng.kz. 08-06-16-sabantoi