08 Маусым, 2016

Бала сатушылар сот алдына келді

307 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
rebenokСоңғы жылдары қоғам өте қаты­гезденіп кетті. Әйтпесе, ұяттың бәрін жиып қойып, көлденең жүріс жүріп тапқан баласын көкек ана ойланбастан шырылдатып әжетханаға тастар ма еді. Ата-анасынан қымсынбастан жол бойы­на лақтырып кететіндер де табылып жатыр. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дегендей, енді олардың қата­рына ақ халатты абзал жандар деп а­рдақ­тап жүрген ағайындарымыз да қо­сылып жүр. Есі дұрыс ата-ана бауыр еті баласынан безбейді. Жоғарыда айтқандай, көкек аналар «еті де, сүйегі де сендер­дікі» деп тастап кеткеннен кейін бей­күнә сәби кейбір харам ниеттілер үшін жеке басының дәулетін арттыратын байлыққа ай­налған. Шымкенттегі маман­дан­дырылған ауданаралық сотта №1 перинатальдық ор­талықтағы атышулы бала сату оқи­ғасына байланысты сот отырысы басталды. Медициналық орталықта жасырын балалар сатылып келгендігін облыстық прокуратура анықтаған болатын. Бүгін­де қылмысты зерттеу материалдары 46 томға жетті. Дәрі­герлердің сол мер­­зімге дейін 21 шақа­лақты саудаға шығарғандығы толық дәлелденген. Судья Әбинұр Қарабаев қарап жатқан сот процесі жабық есік жағ­дайында өтуде. Өйткені, ол балаларды бүгінде асырап алған әке-шешесі бар. Сот алдында бала сатып алған ата-аналар куәлік етуде. Олардың саны қазір тоқсанға жетті. Біреу арқа еті арша, борбай еті борша болып, бір сәбиге зар болып жүр. Ал тастанды балаларды мемлекет қамқорлығына берудің орнына, кей­бір дәрігерлер дүкеніндегі тауарын сауда­лағандай сатуға маманданып алған. Жақсы отбасына түссе, құдайдың қа­расқаны, ал сәби мүшелерін донор ретінде сататын қаскөйлердің қолына түс­се не болмақ?! Ойлаудың өзі қорқынышты. Басқа емес, адам жанының арашасы деп әспеттейтін ақ халаттылардың өзі осын­дай қадамға баратындығы қор­қынышты. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы