«Экомед» клиникасының басшысы, биология ғылымдарының кандидаты Салтанат Байқошқарова бір реті келген әңгімеде: «Астанадағы филиалда жұмыс істеу үшін мамандарды таңдай жүріп, жас мамандарды тестілеуден өткіздім. Соның ішінен болашағы бар дәрігерді, «Болашақ» түлегін таңдадым. Сонау шалғай ауылдан қанат қаққан қазақ баласы өзінің білімімен және ұмтылысымен осы бағдарлама бойынша Мәскеудің Сеченов атындағы академиясын бітіріп, сонда біршама жұмыс істеп, бізде қызмет етуге бел буды. Мен онымен біздің жұмыстың ерекшеліктері – андрология, репродуктология жайлы сөйлескенімде, оның терең біліміне және көбірек білсем деген құштарлығына таңғалдым. Оның қашан да кітапты қолынан тастамай жүргенін көрдім. Сондықтан да ол жігітті бізде жұмыс істеуге лайықты деп таптым. Оған өкінген жоқпын: ол өте сауатты және сергек дәрігер болып шықты, емделушілеріміз де риза. Ол – Алмас Ибрагимов!» деп баға берген екен.
Таяуда «Экомедтің» елордадағы филиалына арнайы барып, аталмыш емдеу мекемесінің медициналық директоры Алмас Ибрагимовпен сұхбаттасып, әрі аталған емхана жұмысымен жақынырақ танысқан едік. Өздеріңізге мәлім, осыдан 21 жыл бұрын Алматы қаласында экстрокорпоральді, яғни, жасанды ұрықтандыру орталығы ашылған болатын. Кейіннен орталық филиалы Астана қаласында да бой көтерді. Өкініштісі сол, осындай емдеу мекемелерінің көмегіне жүгінушілер қатары жыл санап өсіп барады. Бұл дегеніңіз «бір тұяққа зар боп» жүрген жандардың көптігін білдірсе керек. Бәлкім, ел дамыған сайын ауру түрлері де көбейе түсе ме?! Бұл орайда бедеулік дерті де көштен қалысар емес. Соған қарағанда, өркениетпен бірге жаңарып, жасарып отыратын сырқат деп ойлап қаласың кейде. Себептеріне тоқталсақ, бұл сырқат көбінесе жыныстық жолмен берілетін жұқпалы аурулар мен гормоналдық бұзылыстардан, кей жағдайда, жүре пайда болатын бедеулік те кездесіп жатады. Мәселен, әйелдердің жатыр түтікшесінің бітелуі, ал ер адамдардың ұрық шығару жолдарының жабылып қалуы және басқа да себептер бар. Сондай-ақ, нашар экология да өз әсерін тигізбей қоймайды. Тағы бір себебі, қазіргі біз тұтынып жүрген тағам өнімдерінің құнарсыздығынан да болуы мүмкін. Олай дейтініміз, түрлі химиялық қоспалар көп. Оның зардабы адам баласы үшін ұшан-теңіз. Оған түрлі жағдайдан болатын психологиялық күйзелістерді қосыңыз. Міне, осы және өзге де себептердің салдарынан бедеулікті жою әзірге мүмкін болмай тұр. Өзге аймақтардағы жағдай да мәз емес. Есепке алынғандары былай тұрсын, шалғай жерлерде тұрып ауылдың қашықтығын, оған барып келуге жұмсалатын жол күре мен емделуге кететін шығынды көтере алмай, оның ішінде тоқтап, тұрақтайтын орын таба алмай сенделіп, сергелдең күйге түсетіндері қаншама? Осылайша мұндай емдеу орталықтарын тек теледидардан ғана көрумен шектеліп, қолжетпес армандарына айналдырған жандар арамызда көптеп кездеседі. Қаражат қолбайлау болған соң емші-тәуіптің есігін күзетіп, әулие-әмбиелерді аралап, уақытын әбден өткізіп, ауруын асқындырып алатындары тіптен көп екен.
Бұл жөнінде Алмас Құрманәлиұлы, орталыққа келетін сырқаттардың дені 35-40 жастағы ерлі-зайыптылар екенін, олардың бірқатары халықтық немесе дәстүрлі емес медицинаға сабылып жүріп, түбінде осында тоқтайтындықтарын, көбінде аналық жатыр түтігінің зақымдануы немесе бітеліп қалуы, эндометриоз, овуляция болмауы, түбінде жасына қарай бедеулік, сондай-ақ тұқым қуалау жолымен берілген генетикалық сырқаттар болып шығатынын қынжыла айтып берді. Кейбірінің ойынша, «Экомедті» ең соңғы мүмкіндік деп санайтындар аз емес. Бұл өте қате пікір. Керісінше, бұл өте нәтиежелі әрі сенімді тәсіл.
– Бұл озық тәсіл болғандықтан өте қымбат. Біздің медициналық құрал-сайман, керек-жарақтарымыздың дені шетелден сатылып алынады. Дәрі-дәрмектеріміз де сондай бағада! Ал оған екінің бірінің келуге әлеуметтік жағдайы көтере бермейді. Атап айтсақ, мұндай орталықтар Шымкент, Тараз, Атырау, Ақтау қалаларында ашылды. Енді Қазақстанның басқа да аймақтарынан ашуды көздеп отырмыз. Осылайша, барлық облыстарды біртіндеп қамтысақ, көмекке мұқтаж жандарға ақыл-кеңес беріп, бала туу көрсеткішін арттырған болар едік. Қысқасы, алда атқарар жоспарлар көп», дейді репродуктолог дәрігер.
Жыл сайын мемлекеттен арнайы квота бөлінуде. Квота иеленгісі келетін әйелдер жергілікті денсаулық сақтау басқармасына тіркеледі. Бұдан соң арнайы комиссия мүшелері шешім шығарады. Себебі, ана атану қабілеті төмен әйелдер үшін мемлекет қаржысы босқа жұмсалмауы тиіс. Көбінесе, жасы егде тартқандар мен аталық, аналық ұрығы жоқ адамдарға квота берілмейді.
Қазақстанда бұл сала жақсы дамып келеді. Алайда, эмбриолог, репродуктолог мамандары тапшы. Жасанды ұрықтандыруды бірінші болып қолға алғаннан кейін бастапқыда біраз қиындықтарды бастан өткергендері рас. Сондықтан да аталған орталық Америка, Германия, Жапония, Израиль сияқты елдерден арнайы мамандар шақырып, тәжірибе алмасып отырады. Өздері де жылына 3-4 мәрте біліктілігін жетілдіріп келуді үрдіске айналдырған.
«Жалпы, біз жасанды ұрықтандыру мәселесіне қатысты әлемдік тәжірибенің барлығын үйрендік және оны жүзеге асырудамыз. Бізге өз отандастарымызбен қатар, Ресей, Германия, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты басқа да мемлекеттерден емделушілер (оның ішінде отбасын жаңадан құрған жас студент отбасылар) көптеп келіп жатады. Себебі, ол жақта емдеу ақысы қымбат тұрады. Қазіргі таңда мамандарымыз ұрық сақтаудың түрлі жолдарын меңгеріп, үлкен жетістіктерге қол жеткізуде. Біздің негізгі мақсатымыз – денеден тыс ұрықтандыру әдісін баршаға қолжетімді ету. Жалпы, мұндай ем-шара көп жағдайда дәрі-дәрмектің көмегімен жасалады. Біз келешекте дәрілік заттарды азайтып, жасанды ұрықтандыруды табиғи жолмен жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз», деп жалғады әңгімесін Алмас Ибрагимов.
Әңгіме барысынды кейіпкеріміздің ұялы телефоны әлсін-әлсін шырылдай берді. Тұтқаны көтерген оған арғы жақтан нәзік жандылардың жүрекжарды алғыстары еміс-еміс естіліп жатты. «Рахмет, рахмет!», деп ризашылығын білдірген ол, маған қарап: «Кешіріңіз, өткен күзде біздің орталықтан бала көтерген емделушілеріміз ғой, аман-есен босанғандарын айтып жатыр. Осылайша, күніне екі-үш мәрте телефон шалып, қуаныштарымен бөлісіп отырады. Дәрігер үшін осыдан артық бақыт бар ма?», дейді жүзінен нұр төгіліп.
«Бала – бауыр етің», «Балалы үй базар». Хакім Абайдың өзі де «Адамның бір қызығы – бала деген», деп өсиет қалдырды. Алайда, шаранасын әр жерге лақтырып тастап кеткен тасжүрек аналардың адам санасына үйлеспейтін теріс қылығын (кешірілмес күнәсін) естігенде, амалсыздан жағаңды ұстайсың. Бір шикі өкпегі зар болған жарасымды жұптардың екі жаққа айырылысып кетпей, перзентті болуын сұрайсың. Көп тілегі көл. Лайым, әр шаңырақта сәби үні естіліп, мәре-сәре қуанышқа кенеліп, орта толып жатса екен. Қасиетті рамазан айындағы тілегіміз осы!.. Осы тілектің орындалуына алғыс арқалаған ақжолтай Алмас дәрігердің тигізер шарапатының молдығына сүйсіндік.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»