Алматы хайуанаттар паркінде аңдар неге қырыла береді?
Алматыдағы зообақта жануарлар қырылып жатқанда, арнайы қор демеушілерінің қаржыны киіз үй сатып алуға жұмсап, оның ішін әсем жиһаздарға толтыруға әуестенушілігін, сөйте тұра қайтадан қаржы жинауға кірісулерін түсіну ұғымға қиындау соғады.
Әсем қаладағы халықтың демалыс орнына айналған зообақ қазір мегаполистің «бас ауруына» айналды. Бұрындары жануарлар мен құстарды көру үшін мұнда жылына миллион адам келсе, қазір бұл сан екі есеге дейін азайған. Соңғы рет Құралай атты жолбарыс өлді. Былтыр мұндағы мысық тектестердің саны төртке қысқарған. Ең өкініштісі, түркістандық желіс, сервал, бенгал жолбарысы және қиыршығыстық барыс қатардан кетті. Сол сияқты 6 қар барысының торлары бос қалды.
Жануарлардың қырылуы соңғы кездері жұрттың зообаққа деген назарын күрт өсіріп жіберді. Соның арқасында парктің қамқоршылық қорына ақша құйылып түсе бастады. Оған жануарларға жаны ашыған азаматтар миллиондап теңге аударып жатыр. Бір жағы, қалталы алматылықтардың жануарларға неге мұншалықты жаны ашып, көмекке келіп жатқандары таң қалдырады. Зообақ болса, жергілікті бюджет арқылы қаржыландырылады, бұған қоса өзі де тәп-тәуір ақша таба алады. Бұған енді кәсіпкерлерден демеушілік ретінде қаржылай қолдау қосылғанда, оның жағдайы тіпті жақсара түсуге тиіс. Бірақ солай бола тұра хайуанаттар паркінде жануарлар қырыла береді, мекемеде неге мұндай былық көп?
Мұның жай-жапсарын анықтауға бүгінде жергілікті билік білек сыбана кіріскен сыңайлы. Соның бір айғағы, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің тапсырмасымен «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалында жұмыс тобы құрылды. Оны қала әкімінің орынбасары Станислав Канкуров басқарады. Мәслихат депутаттары, жемқорлықпен күресу қоғамдық кеңес және қамқоршы қордың мүшелері екі мекеменің қаржылық құжаттарын тексеріп шықты. Тексеру барысында мекеме басшысы Қанат Кәрімовтің бұл орынға 2015 жылдың қазан айында тағайындалғаны белгілі болды.
– Біздегі жағдай мәскеулік әріптестермен салыстырғанда, едәуір тәуір. Мұндағы жануарлар өлімі ондағы көрсеткішпен салыстырғанда, 5,3 пайызға төмен. Рас, 2001 жылы бұл көрсеткіш 3 есе көп болатын. Қазір аңдарға берілетін тағам жақсарған. Ветеринарлық зертханалармен келісімшарт жасалды. Мысықтардың торлы орындары мен айналасы тазартылып, қажетті талдаулар алынды. Сыңары жоқтарға сыңар әкелінуде. Жуық арада жаңа аквариум салынады. Бір сөзбен айтқанда, проблемалар бар. Бірақ олар біртіндеп шешілуде, дейді зообақтың басшысы осы орайда.
Ал жоғарыда айтылған қамқоршылар қорын басқаратын кәсіпкер Райымбек Баталов зообаққа қатысты өз жоспарлары бар екенін жайып салды.
– Әлемдегі ең мықты архитекторлардың бірі Питер Разбах зоологиялық бақтың жаңа жобасын жасады. Жуық арада бұл орын адам танымастай өзгереді, дейді ол. Сонымен қатар, кәсіпкер аңдар саябағына алматылық қалталы азаматтар қаржы құюын жалғастыра беретінін білдірді.
Осы жерде айта кетейік, қала әкімінің орынбасары Станислав Канкуров тексерістің қорытындысын жариялап, зообақтағы жануарлардың өлімі ветеринарлық қызметтің ақсауынан орын алғанын жеткізді.
– Қазір зообақта бас мал дәрігері жоқ. Тек міндетін атқарушы ғана отыр. 2015 жылы жолбарыс, леопард және ягуар ауырған. Алайда, бұл аңдарға өз деңгейінде ем-дом жасалмаған. Оның үстіне, қызметкерлер де жұмысқа тез қабылданып, артынша босатылып отырған. Мәселен, 1 жыл ішінде мекемеден 62 қызметкер өз еркімен жұмыстан кеткен. Ең бастысы, мұнда жануарларға дайындалған жем-шөп ұрланып келген. Сонымен қатар, сирек кездесетін жануарлардың төлдеп жатқанынан мекеме басшысы бейхабар. Алайда, қызметкерлер жаңа төлдеген жануарларды жан-жаққа сатқан деген фактіні комиссия дәлелдей алмады. Дегенмен, қорытынды көңілсіз. Зообақ ескірген. Инфрақұрылым ақсап тұр. Торлардың ахуалы адам шошырлық, дейді комиссия төрағасы.
Сонымен қатар, ол зообаққа қаржылық көмек көрсету үшін құрылған қамқоршы қордың атқарған жұмысына да тоқталды. Оның айтуынша, қордағы қаржы тиісті мақсатқа жұмсалмаған.
– 2015 жылы қорға демеушілерден 32 300 еуро, 99 900 доллар, 180 миллионнан астам теңге түскен. Райымбек Баталов бұл ақшаны қайда жіберді? 4 миллион теңгедей ақша аквариумды жаңғыртуға жұмсалған. Тағы 10 миллион теңге бүкіл зообақтың қайта жаңғырту мастер-жобасына, 5,5 миллион түсініксіз «консалтинг қызметіне» кеткен. 5,2 миллион дизайнерге берілген. Ал 1,6 миллион теңгеге тауарлар алынған. Жалпы сомасы 70 миллион теңгеге есеп берген. Соның өзінде ұлттық валютада тағы 109 миллион, 32 мың еуро, 100 мыңдай доллар ақша қалған, дейді Станислав Канкуров.
Тексеру анықтағандай, Райымбек Баталовтың қор қызметкерлеріне қаржыны өз қалтасынан төлеп келдім деген сөзі жалған болып шықты. Тексеріс кезінде жұмысшылардың жалақыны зообақтан алғаны анықталды. Келісімшарт бойынша мемлекет оларға екі миллион теңгеге жуық қаржы аударған. Тағы бір қызығы, осы қаражатты қорға тарту үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылған. Мәселен, 1 миллион теңгеге киіз үй мен жаңа жиһаз сатып алынған. Бірақ кейін ол зообақ балансына алынбаған.
– Зообақтың керек-жарағына миллион теңге жұмсадым деген Баталовтың сөзі күмән тудырады, дейді комиссия төрағасы.
Еске салайық, «Радиоточка» порталына берген сұхбатында қор директоры шетелдік архитекторлардың жұмысына төленетін қаржыны өз қалтасынан шығарғанын айтқан-ды. Ал іс жөнінде мастер-жобаның 14 миллион теңгесін «Прокт-300» ЖШС қаржыландырса, қалған соманы қор төлеген.
– Бүгінде қор директорының БАҚ-та қаржылық есебі туралы бірде-бір ақпарат жарияланбағаны белгілі болды. Бұл – коммерциялық емес ұйымдар туралы заңның бұзылуы деген сөз. Сонымен қатар, қор көлеңкелі қызмет көрсетіліп отыр дегенді білдіреді. Түйіндей келгенде, зообақ жекеменшікке өтетін нысандардың қатарында емес. Алматы әкімдігі әрі қарай да басшылық етеді бұл мекемеге. Сондай-ақ, нысанды бақылау мәдениет басқармасынан ауылшаруашылық және ветериния басқармасына ауыстырылады. Алматы әкімдігінің бұл жаңа құрылымын Бауыржан Абызбаев басқарды, дейді С.Канкуров.
Айта кетейік, Райымбек Баталовтың одан әрі жұмыс атқару туралы меморандумға қол қою ұсынысын Алматы қаласының әкімдігі құптаған жоқ. Ал депутаттар аталған демалыс нысанын қолға алып, жақсарту керектігін, тиісті тараптан бақылауды күшейту қажеттігін жеткізуде. Олар мұндағы аңдардың себепсіз өлімін қызметкерлердің жануарларды тамақтандырмай, аш ұстауынан туындады, дейді.
Талғат РАЙЫМБЕК,
«Егемен Қазақстан»