09 Маусым, 2016

Атан жілік, ай мүйіз...

322 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
КүресХалық емі тарихында елеулі есімі бар Ырғызбай бабаны еске түсіруге арналған халықаралық турнир биыл төртінші мәрте ұйым­дастырылды. Қазақ күресінің апайтөс майталмандары бақ сынайтын дәстүрлі жарыстың ерек­шелігі – облыс орталығынан шал­ғай, шекаралық өңірге жататын Тар­бағатай ауданының орталығы Ақсуат ауылында өтуі дер едік. Турнир алдында барлық қаты­сушылар мен қонақтар, өңір тұр­ғындарының қатысуымен Ырғызбай Досханаұлы кесенесі басындағы зиярат кешенінде әулие рухына бағышталған ас берілді. Биылғы бәсекеде елімізбен бірге Германия, Бельгия, Чехия, Польша, Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия, Армения, Әзербайжан, Беларусь және Латвия мемлекеттерінің 80-ге жуық балуаны бақ сынады. Елбасы тапсырмасына сәйкес, саламатты өмір салтын насихаттау және бұқа­ралық спорт түрлерін дамыту мақсатындағы аталған жобаның авторы әрі ұйымдастыру комитетінің төрағасы, ұлттық өнер жанашыры Бәделхан Камалханұлы екенін айта кеткен абзал. Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеев алдағы уақытта Ақсуат­тағы аламанды әлем кубогына ұштастыру жос­парланып отырғанын жеткізді. Жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына Тар­баға­тай ауданының әкімі Ділдәбек Тәжі­байұлы мен осы турнирдің атқарушы директоры Талғат Мәзі­баевтың қосқан үлесі зор. Турнирде еліміздің намысын қорғаған 8 балуанның ішінде үміт күткен Айбек Нұғымаров гүржі ба­луа­нына есе жіберіп алса, Ұлан Рысқұл Украинадан келген әріп­те­сінен айласын асыра алмады. Кі­лемдегі күрес шеберлерінің қимылына қарап отырып, қазақ кү­ре­сінің мәртебесі халықаралық деңгейде көтеріле түскеніне куә болдық. Жүлде қоры 6 миллион тең­гені құрайтын, «Қазцинк» жауапкер­шілігі шектеулі серіктестігі бас демеуші болған жарыстың түйе балуаны атағын 80 килоға дейінгі салмақта лайықты өнер көрсеткен Шым­кенттен келген жас спортшы Ер­сұлтан Мұзапаров иемденсе, 80 килодан жоғары салмақтағы Гран-при жүлдесі белорусь балуаны Александр Ваховякқа бұ­йыр­ды. Қуаныштан боз кілем­ді айнала жүгірген Саша­ның жаттық­тырушысы, Бела­русь жеріндегі қазақ күресі федера­ция­сының президенті Мұрат Төре­шовке ақсуаттықтар ақбоз ат мінгізді. Жалпы, дүбірлі жарыста Грузия балуандары жақсы өнер көр­сеткенін айта кеткен ләзім. Мәселен, салмағы 239 кило болатын Моңғолия спортшысы, сумо шебері Суугаржаргалдың боз кілемге шығуы бірқатар балуандардың жү­регін шайлықтырғанымен, алпамса жігіт көзді ашып-жұмғанша гүржі балуанына есе жіберіп, омақаса құлап жатты. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы