09 Маусым, 2016

Қылмыскерлер қатаң жазаға тартылуға тиіс

241 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
08-06-01-01Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Владимир Жұмақановты қабылдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Кездесу барысында В.Жұма­қанов Мемлекет басшысына Ақ­төбе облысындағы антитер­рор­лық операцияның осы кезеңге дейінгі нәтижелері туралы баяндады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қазіргі уақытқа дейін 13 қылмыскердің көзі жойылып, 14-і жараланғанын айтты. Бұдан бөлек, дайындық кезеңінде қылмысқа қатысудан 20 адам бас тартқан, олар анықталып, жауап алынды. Қа­зіргі кезде 6 адам іздестірілуде, қол­да бар ақпарат бойынша, олар Ақ­­төбе облысының аумағында жүр. Қазақстан Президенті Ақтөбе облысындағы террористік әрекет­терге қатысы бар адамдарды ұстап, тұтқындау жұмыстарын тиімді түрде жүргізу қажеттігін атап өтті. – Біз олардың сол өңірде екенін бі­леміз, жеке бастарына қатысты мә­ліметтер белгілі, халыққа ескер­тілді. Қылмыскерлердің бәрін түгел тұтқындау қажет. Қарулы қар­сы­лық көрсеткен жағдайда көз­дерін жою керек. Барлығы ең қатал жазаға тартылуға тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ыстанбұлдағы террористік актіге байланысты мәлімдемесі Қазақстан 2016 жылғы 7 маусымда Ыстанбұл қаласында орын алып, көптеген адамдар құрбан болған террористік актіні үзілді-кесілді айыптайды. Қазақстан бауырлас түрік халқына және қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтады. Барша мұсылман үшін қасиетті Рамазан айында жасалған теракт террористердің пасықтығы мен қатыгездігін көрсетіп, олардың Исламға ешқандай қатысы жоқтығын растады. Қазақстан терроризмнің өршуіне деген өзінің  алаңдаушылығын білдіріп, әлемдік қоғамдастықтың осы зұлымдықты жою үшін тиімді ұжымдық күш жұмылдыруын құптайды. Қазақстан терроризм қауіпсіздіктің жаһандық ауқымдағы қауіп-қатері екеніне сенімді. Халықаралық құқық қағидаттарына және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарларын негізге ала отырып, Қазақстан БҰҰ аясында әлемнің барша мемлекеттерін терроризм мен экстремизмнің таралуына қарсы күш біріктіруге шақырады.
Соңғы жаңалықтар