Владимир БОЖКО,
Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары:
– Президентіміздің Ақтөбе оқиғасынан кейінгі кеше жасаған мәлімдемесінен түсінгеніміз, қоғамдағы ұлтаралық татулықты сақтауда ұлтаралық ынтымақ пен наным-сенім бірлігі экстремистік маңыздағы әрекеттермен мүлдем үйлеспейтіндігін айқындап берді. Біздің еліміздегі көпұлттылық және конфессияаралық таным-түсініктердің әртүрлілігі бола тұра, бейбітшілік заман мен мамыражай тіршілік орнап, өзара ауызбіршілігіміздің артуына көптеген елдердің қызыға қарайтыны сөзсіз.
Алайда, өкінішке қарай, осындай тату-тәтті тіршіліктің шырқын бұзғысы келетіндер біздің елімізде де бой көрсетті. Ендігі жерде Елбасымыз 9 маусымды аза тұту күні деп жариялай отырып, экстремистік әрекеттердің алдын алу мен ондай жағдайды болдырмауға басымдық беру керектігін ұқтырды. Меніңше, бұл бағытта біздің жұмысымыз әсіресе, жастармен етене тығыз байланысты жүргізілуі керек. Себебі, қолға түскен қаскөйлер мен олардың арасындағы оққа ұшып мерт болғандардың араларында жастар көп. Демек, біз қоғам болып жастарымыздың дұрыс жолмен жүріп-тұруын қадағалап, елімізде жастар идеологиясын белсенді қолға алғанымыз жөн.
Әрине, Елбасы тапсырмасымен орындалып, мемлекеттік деңгейде жасалып жатқан жұмыстардың зор екені баршаға мәлім. Және оған тек тиісті мекеме, ұйымдар ғана жауапты деу де жарамсыз. Қоғам болып күресудің бастау, бұлағы әрбір отбасындағы дұрыс тәртіп, тәрбиеден екендігін бәріміз де жақсы білеміз.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Адамның өмірінде ұқсас сәттер жиі болатыны секілді, елдің де өмірінде сынақ сәттер көп кездесіп жатады. Біздің Тәуелсіздігіміздің осы күндегі тарихына дейінгі кезеңде елдігімізге үлкен сынақ сәті туып тұр. Елбасымыз бүгін жұртшылыққа жасаған мәлімдемесінде бұл жайында ашық айтты. Ақтөбедегі қанды оқиға қасиетті Рамазан айында дінді бетперде етіп, қан төгуге барған қаскөйлер заңның ең қатал талабымен жазалануы тиіс екендігін қадап айтты.
Өз басым бұл шешімді толық қолдаймын. Өйткені, жалпы адам қандай қылмыс жасаса да өзінің тірі қалатынын білсе, ол ештеңеден тайынбауы мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Себебі, қаскөйлер елімізде өлім жазасына мораторий жарияланғанын біліп алған болуы да мүмкін ғой. Ендеше, шын мәнінде елдің тыныштығына балта шапқысы келген мұндай қаны бұзық адамдарға ең ауыр жаза қолданылуы тиіс. Бұл жайында халқымыз бірауызды болады деп сенуге болады.
Ел өміріндегі осындай сындарлы кезеңде біз әркез бірлікшіл, ынтымақшыл және тату болуымыз керек. Олай болса, Қазақстанды талай асуларға алып шыққан, бүкіл әлем мойындаған басшымыздың сөзіне ұйығанымыз жөн. Осы сәтте біз намысшыл халық екенімізді, бейбітшіл ел-жұрт, ынтымақты ұлт екендігімізді, кеудешіл мемлекет екендігімізді көрсетуіміз керек деп санаймын және солай болады да.
Ахмет МУРАДОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, «Вайнах» чешен-ингуш мәдени
бірлестігінің жетекшісі:
– Мемлекет басшысы 9 маусымды күллі Қазақстан бойынша аза тұту күні деп жариялау арқылы елді ынтымақ, бірлік пен сабырлылыққа шақырды деп санаймын. Сондықтан да, Ислам дінін берік ұстанатын зайырлы мемлекеттегі мұсылман ретінде біз қайғылы оқиғада қаза тапқан жандардың ет жақын туыстарына шын пейілмен көңіл айтамыз. Қасиетті Рамазан айында барша бауырларымызды сабырлы да салиқалы, көркем мінезді болуға үндегім келеді. Басқа түскен осындай қиындықты қалың бұқара болып, ұйымшылдығы жарасқан ұлт ретінде бір кісідей-ақ бөлісуіміз керек. Бұл жағдайға қабырғамыз қайыса отырып, марқұмдардың отбасына өздеріне төзімді, берік болуын тілеймін.
Ақтөбеде орын алған жағдайды біз, әрине, өте ауыр қабылдадық және оны ұйымдастырушыларды ашық айыптаймыз. Өкінішке қарай, терроризм мен экстремизм қауіп-қатері соңғы жылдары әлем елдерін елеңдете бастады. Соны ескерген Нұрсұлтан Әбішұлы ел ішіндегі қаскөй топ өкілдері шетелден тапсырма мен бұйрықтар алғандығын атап өтті. Соған қарағанда, Қазақстан көгінде орнаған бейбітшілік пен мамыражай тіршілік ету баз біреулерге ұнамайтын болуы да мүмкін. Сондықтан да ендігі жерде біз қоғам тыныштығын сақтауда өте сақ әрі мұқият болуымыз керек. Әрі-беріден соң бұл бағыттағы жүзеге асыратын жоспар, жұмыстарымызды халықаралық ұйымдарды қатыстыра отырып, мемлекетаралық деңгейде орындасақ құба-құп. Бұл мемлекеттік қауіпсіздігіміздің бірден-бір кепілі болатыны сөзсіз.
Төлеубек ӘЛПИЕВ,
«Астана Опера» театрының директоры:
– Ақтөбедегі оқиғаны ұйымдастырушылар барып тұрған қаскөйлер, жауыз қылмыскерлер. Өйткені, олар қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасап, халыққа қарай оқ жаудырды. Осы оқиғаға байланысты Елбасының аза тұту күніне байланысты мәлімдемесі көңілдерге түскен қаяуды сейілтеді деп ойлаймын.
Ал енді азамат қаруды қай кезде қолға алуы керек еді. Әрине, Отанын жаудан қорғау үшін. Отбасы үшін, ата-ана, бауырлары мен балалары, жан жары үшін қандай жаумен болса да қасқайып тұрып айқасса, сүйсінесің емес пе?!. Ал енді Ақтөбедегі өрімдей жастардың қалың бұқараға, ынтымағы айрандай ұйыған ұлтымызға қарсы тұруы, жаныңды құлазытады. Олай болса, бейбітшілігіміздің шырқын бұзған қаскөйлердің бұл әрекеті ғасырлар бойы өшпейтін сүйекке түскен таңба болды. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын мұндай сызаттың орны толмас өкініш екені белгілі.
Әрине, «орнында бар оңалар» демекші, Отаны мен отбасын қандықол қарақшылардан қорғаймын деп марқұм болған азаматтарымыздың туыстарына ел болып, жұрт болып, күллі Қазақстан халқы болып қайғырып көңіл айтамыз.
Любовь НИ,
Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі:
– 9 маусым еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығын сақтау жолында шейіт болғандарды аза тұту күні деп жарияланды. Біз мұны қуаттаймыз. Ақтөбе қаласында қапыда оққа ұшқан азаматтарымыздың артында қалған отбасы, туған-туыстарына баршамыз қайғысына ортақ екендігімізді білдіргім келеді.
Мұсылмандардың қасиетті айы – Рамазанның алдында осындай оқыс әрекетке бару ешқандай да адамилыққа, саналылыққа жатпайды. Ізгі істерді көбейтіп, барша адам баласына мейірім шуағын тарататын қасиетті Ораза айының алдында қан төгушілер мұсылманшылықтан алыс адамдар. Біз олардың ауыр күнә жасаған іс-әрекеттеріне наразылығымызды танытамыз.
Біздің де ұл-қыздарымыз өсіп келеді. Қай ата-ана баласының жаман іске шалдыққанын қаласын? Әрине, қаламаймыз! Бейбіт өмірді армандап жүрген елдер бар. Бір күн болса да мылтық үні естілмесе екен деп тілейтін елдер бар. Соларды ойлағанда, сондай зұлматты жағдайларды көргенде, осы күнімізге шүкірлік етумен қатар, осы бейбіт заманның мәңгі сақталуына қызмет еткің келіп тұрады. Еліміз тыныш болса екен, қайғы жұтқан ата-ана болмаса екен деп тілеймін!
Анвар КЕРЕЙБАЕВ,
«Ихлас» татар-башқұрт мәдени орталығының төрағасы:
– Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаевтың лаңкестік әрекеттерге қатаң түрде тойтарыс беру жөніндегі шешіміне қолдау білдіргім келеді. Біздер – көпұлтты Қазақстан халқы ежелден бейбітшілікті қалаған, ауызбіршілікті жақтаған елміз. Елді ала тайдай бүлдірмекші болып жүрген әсіредіншілдер мен теріс пиғылды содырлар біздің мызғымас бірлігімізге, уақыт сынынан өткен достығымызға сына қаға алмайды.
Дәл осындай жауапты сәттерде біз бұрынғыдан бетер біріге түсіп, мұндай сойқан әрекеттерге тұтас қоғам болып соққы беруіміз керек. Бүкіл қоғамды Ақтөбедегі лаңкестік әрекеттерді айыптауға шақырамын!
Қарағанды
Данияр қажы ЖҰМАБАЕВ,
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы, «Һибатулла-Тарази» мешітінің бас имамы:
– Ақтөбедегі лаңкестік жағдайға байланысты еліміздің бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы өз пікірін білдіріп, экстремистерді қатаң айыптады. Шынында бұл оқиға елдің жағасын ұстатты. Ислам дінінің атын жамылып, қолына қару алғандар теріс ағымның жетегінде кеткен қаскөйлер екені анық. Дәстүрлі ислам дінінде жазықсыздан жазықсыз адам жанын қию өте үлкен күнә саналады. Бұл туралы сүрелерде, аяттарда нақты, анық айтылған. Жазықсыз адам өлтіргеннің жазасы – тозақ. Сондықтан, бұл лаңкестер тірлігінің Ислам дініне еш қатысы жоқ. Енді мұндай жағдайдың қайталанбауын сүйікті Алламыздан сұраймыз, тілейміз. Осы елдің азаматы ретінде осынау жағдайға жүрегіміз қатты ауырды. Лайым, Алла тағалам пенделерін ақ адал жолына, тура жолына бастай берсін.
Сағындық САЛМҰРЗИН,
«Дүние жүзі қазақтары ассоциациясы» жергілікті филиалының жетекшісі:
– Адамды қан жылататын өте ауыр оқиға! Қаншама жазықсыз жандардың өмірі қиылып, отбасылар аңырап қалды. Бұл – дін атын жамылған лаңкестердің азу тісін ақсита көрсеткен бірінші әрекеті емес. Исламмен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын олардың арандатушылықтары – кез келген адами өркениетке жат.
Меніңше, Ақтөбедегі оқиғадан құқық қорғау органдары да, діни ұйымдар да сабақ алып, қорытынды шығарулары қажет. Қылмыскерлер сырттан келген жоқ, өз ортамызда туып-өскен. Олай болса, жат ағым жетегіне неге еріп отыр деген заңды сауал туады. Демек, өскелең ұрпақ арасында дін қағидаттары, шариғат ілімдері жете түсіндірілмейді, жалаң уағыздалады деген сөз. Осындайда белгілі оқымысты Ғарифолла Есім «Егемен Қазақстан» газетінде айтқандай, «Ақтөбеде осындай қауіп-қатер бар екенін біз бірнеше рет айттық. Дінтанушыларды жұмысқа тарту керек», деген сөздерін ескерген жөн.
Солтүстік Қазақстан облысы
Шалқыма ҚҰРМАНАЛИНА,
Жаһанша Досмұхамбетов атындағы Орал педагогика колледжінің директоры, педагогика ғылымдарының докторы:
– Қалай болғанда да біз халықтық және ұлттық тәрбиеде қандай да болмасын бір кемшілік пен үстірттік жіберіп алған жоқ па екенбіз?! Осы сауал төңірегінде тереңірек ойлансақ қайтер еді. Бұл бәрімізге ортақ мәселе деп білемін. Лаңкестердің түгелге жуығы өзіміздің ұлттық қанымыздан жаратылғандар екен. Ешкім де анасының құрсағынан қылмыскер болып тумайды ғой. Олар қандай ортада дүниеге келген? Қандай ортада тәрбие алған? Ата-аналары кімдер? Теріс ағымның жетегінде кетуіне кімдер әсер етті? Мұндай террорлық оқиға арам ниетті ішкі және сыртқы күштердің әсері мен ықпалынан орын алмағанына кім кепілдік бере алады?
Мені ана, ұстаз және педагогика ғылымының өңірдегі бір өкілі ретінде осындай сауалдар да мазалайды. Қалай болғанда да, біз Ақтөбе қаласындағы лаңкестік және экстремистік актілерден сабақ ала білуге тиіспіз. Бұл біздің тәрбие мәселесіне бұрынғыдан да жітірек, бұрынғыдан да тереңірек қарауымызды қажетсінеді. Осылай істеу керектігін ұқтырады.
Мұндай зымияндық іс-әрекеттерге баруды ойластырған кезде біреуге ор қазба, өзің түсерсің дегендей, бұл найсаптар тек өздерінің ғана орға түспей, отбасы мен туған-туысқандарына өмірлік өкініш, қайғы мен қасірет әкелетінін неге ойламаған? Бұл не қылған жанкештілік?! Біз, тәрбие мен педагогика саласында еңбек етіп жүрген ғалымдар осы мәселелер төңірегінде терең талдаулар мен ғылыми тұжырымдар жасауды қажет деп есептейміз. Әрі осы аса жауапты іске уақыт оздырмай кірісуіміз керек деп ойлаймын.
Гүлнар АННАКУЛИЕВА,
Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі:
– Елімізде жарияланған аза тұту күні барлық ресми мекемелерде еліміздің туы төмен түсіріліп, дүниені жаңғыртқан ойын-сауық, мерекелерге тыйым салынып, мейлінше сол күннің қасірет әкелген ауыр күн екендігін сездіртетін болады.
Бұл – қазіргі таңда күллі қоғам болып құп көретін ең қажетті қадам, құптарлық ұсыныс. Әрине, аза тұту, қайғы жұту жақсы емес. Алайда, біз қоғам болып кешегі содырлардың қолынан өлім құшқан бауырларымызды аза тұтатын боламыз. Сол ісімізбен еліміздегі бірнеше отбасына тұтас мемлекеттің олардың қайғы-мұңына ортақ екендігін сездіргіміз келеді.
Біз еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін мұндай қылмыстарға тұтас ел болып қарсы тұру арқылы тосқауыл қоя аламыз. Мемлекет басшысы атап өткендей, жауапты сәттерде біз бірлігіміз арқылы бейбітшілікті, келісім мен достықты сақтауымыз керек. Мұның «лаңкестік әрекет» екені рас. Және де бұл әрекет біздің елімізді, қоғамымызды, тыныш ортамызды сынға салғаны анық. Мемлекет тыныштығын сақтап қалу үшін мұндай әрекеттерге аяусыз соққы беріп отырған жөн болады ғой деп ойлаймын.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
«Қазақстан» РТРК АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры:
– Ақтөбедегі лаңкестік оқиға бәрімізді ауыр ойға қалдырғаны анық. Бұл жағдай қазақстандықтарды қатты алаңдатты. Кез келген мемлекеттің ең басты тірегі – тұрақтылық. Тұрақтылық болмаса, елден береке кетеді. Жер бетінде елдігінен айырылып, тұрақтылығын жоғалтып, тек жан сақтаумен тіршілік кешіп жүрген қаншама елдер бар. Алла ондайдың бетін аулақ қылсын. Ендеше, елдің бірлігіне, ынтымағына іріткі салмақ болғандар қатаң жазалануы тиіс. Алланың өзі мұндай арам пиғыл, қаскөйлерді қатаң жазалайды. Бұл – адамның ісі емес, айуанның ісі.
Тілектес ТОҚСАНБАЕВА,
С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты:
– Елбасы Ақтөбедегі соңғы күндері болып жатқан қайғылы жағдайға, халқымыздың басына түскен қасіретке байланысты Мәлімдеме жасады. Сол Мәлімдемеде 9 маусымды Ұлттық қаралы күн ретінде жариялап отыр. Әрине, бұл кімнің отбасы болса да, қандай халық болса да, соның ішінде біздің өзіміз осы мемлекеттің азаматы болғандықтан да кімнің басына түссе де үлкен қайғы болып есептеледі. Соған байланысты, қазаға ұшыраған отбасылардың қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Әрине, жанымызға батады, бұл лаң тұтқиылдан болып отыр. Бұл кімнің қолымен атқарылған іс болса да опасыздық деп есептеймін. Өйткені, мынадай бейбіт заманда тыныш, сүттей ұйып отырған елімізде мұндай оқиға болады деп ешкімнің де қаперіне келмеген. Оның үстіне, қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отыр. Сондай күнді пайдалана отырып, мұсылман қауымы туралы жаман пікір қалыптастыру мақсатында осындай қасіретке душар қылып отырғанына налып, қапаланып отырмыз.
Елге осындай жағдайда тыныштықтарыңызды бұзбаңыздар, отбасыларыңызда да, қоғамдық ортада да сабырлық танытыңыздар дегіміз келеді. Елбасының лаңкестерді қатаң жазалау керек деген сөзі өте орынды. Содырларға солай соққы бермесе, адамдықтан аттап, қаскөйліктің белең алып кетуі мүмкін. Содырлардың бірлігімізге селкеу түсіруге бағытталған қадамын аштырмауымыз керек. Ол үшін мемлекеттің күші де, қуаты да жетеді.
Уәлихан ИБРАЕВ,
Қызылорда облысы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры:
– Ақтөбе қаласында орын алған лаңкестік іс-әрекеттердің салдарынан қаза тапқан бейкүнә азаматтардың қазасы қызылордалықтардың да қабырғасын қатты қайыстырды. Бейбіт, өркениетті даму жолымен келе жатқан, ынтымағы жарасқан қазақ жерінде іштен шыққан басбұзарлардың осындай әрекетке баруы кімді де болсын ойландырмай қоймайды. Лаңкестіктің теріс жол екенін әрқайсымыз жете сезінуіміз қажет.
Елдің бірлігіне, тұтастығына, тыныштығына іріткі салатын басбұзарларға, діннің атын жамылып жүрген содырларға тосқауыл қойып, оларды арамыздан аластатуымыз керек. Бұл үшін бүкіл ел болып, тізе қосып бірлесе жұмыс істеуіміз қажет. Мұнымен тек құқық қорғау органдары ғана айналысуы керек деген ойдан арылып, барлығымыз жұмылған жұдырықтай арам пиғылды ағымдарға қарсы күрес жүргізуіміз керек.
Ақтөбедегі лаңкестік салдарынан көз жұмған бейбіт азаматтарымызды бүгінгі аза тұту күнінде тағы да бір рет еске ала отырып, олардың ерлік істері кейінгі ұрпаққа үлгі екендігін айту парыз. Әрине, қара жамылып отырған отбасыларға ғана емес, бүкіл қазақстандықтарға бұл қайғы-қасірет оңай тиген жоқ. Енді мұндай жағдай қайталанбаса дейміз.
Асқар БОПЫЛДЫҚОВ,
«Жас Отан» жастар қанаты Атырау облыстық филиалының төрағасы,
облыстық мәслихаттың депутаты:
– Біздің тәуелсіз еліміз үшін алдымен ішкі тұрақтылығымыз бен тыныштығымыз маңызын ешқашан жоймайды. Және тұрақтылық пен тыныштық – тәуелсіздігіміздің басты құндылығы. Қазір әлемдегі тыныштығы бұзылып, тұрақтылығына сына қағылған елдердегі қиюы қашқан тірліктің халқына орасан зардабын тигізіп отырғанын көріп отырмыз. Сол елдердегі бейбіт тұрғындардың өмірінен де мән кетті. Тыныштық іздеп, өздері түгілі, бұрын ата-бабалары аяқ баспаған жат елдерден пана іздеуде. Осы орайда еліміздегі татулық пен бірліктің қадірін терең сезініп, қастерлей алуымыздың қажеттігі тағы бір байқалып отыр. Әсіресе, өткен жексенбіде Ақтөбеде орын алған лаңкестік әрекеттер Тәуелсіздіктің қымбат екенін де дәлелдеп берді.
Шын мәнінде, Ақтөбедегі бейбіт тұрғындардың өміріне қауіп-қатер төндірген әрекетті еліміздің Тәуелсіздігіне, сонымен бірге, қауіпсіздігіне жасалған қастандық дей аламын. Осыған орай Елбасының 9 маусымды Аза тұту күні ретінде белгілеуінің мәні де, маңызы да зор. Өйткені, лаңкестік пиғылды ұстанған топқа қарсы тойтарыс беруде ерлік танытқан Қарулы Күштердің екі қызметкері мен бір сарбазы ерлікпен қаза тапты. Бейбіт тұрғындардың да оққа ұшуы орны толмас өкініш. Олардың артында қалған отбасыларының қайғысы, әрине, өте ауыр. Десек те, тәуелсіз еліміздің қос сардары мен бір сарбазы Отанды, басты құндылығымыз – ел Тәуелсіздігі мен бірлігін қорғаудың үлгісін көрсетті. Соған мың мәрте шүкір.
Зере ҚИЫҚОВА,
Ақмола облыстық аналар кеңесінің
төрайымы:
– Жаңа ғана теледидардан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 9 маусымды бүкілқазақстандық аза тұту күні деп жариялаған Мәлімдемесін риза көңілмен тыңдадық. 5 маусым күні Ақтөбеде болған лаңкестердің жасаған істеріне біз қарсымыз. Мұндай болуға тиісті емес еді. Бірақ та, бүкіл дүниежүзінде болып жатқан сорақылық бізге де келді. Біз барлығымыз тыныштықты сақтауымыз керек. Біртұтас еліміз болуы үшін біз әрқашан күресіп жүрміз. Сонымен қатар, «Аналар» кеңесінің төрайымы ретінде жастармен жұмысты барынша күшейтуіміз керек деп санаймын. Жастардың тәрбиесі отбасынан өрбиді. Отан – отбасынан басталады. Сондықтан, нағыз отбасылық құндылықтарды жақсы жетілдіру керек.
Сонымен қатар, мынау 9 маусымдағы аза тұту күнінде баршамыз үлкен ой үстінде болуымыз керек. Біздер Ақтөбеде болған оқиғаға қатысты көңіл айтамыз. Тыныштық болсын! Барлық қазақстандықтарға тыныштықты сақтауды тілеймін. Елбасымыздың жанында бұрынғыдан да мығым топтасуымыз керек. Осынау сын сағатта барша қазақстандықтарды сабырлыққа, қырағылыққа шақырамын. Біздің бостандығымызға қастандық жасағандар, басқа пиғыл жетегіндегілер қатаң жазаланатыны анық.
Сергей ХАРЧЕНКО,
«Костанайские новости» газетінің редакторы,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:
– Біздің Қазақстан бірлігімен, достығымен, бейбіт өмірімен ерекшеленеді. Қазақстанда қазақтармен қатар қаншама ұлт өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың арасынан ешқандай ши шыққан емес. Түрлі ұлт өкілдері, ұлыстар бір ұжымда еңбек етеді, бір көшенің бойында тұрады, көрші-қолаң, тіпті құдандалы да болып кеткен. Балаларын аман өсіруді, елдің азаматы етіп тәрбиелеуді, Отанға деген адалдықты, мемлекеттің мықты болуын әр қазақстандық ойлайды. Ал мына лаңкестердің елдің берекесін алған ойраны әркімді де есеңгіретіп тастағандай.
Әр мемлекеттің өзінің ішкі экономикалық, әлеуметтік, экологиялық өзекті мәселелері болады. Қанша мойыны озық, дамыған ел болғанымен ешқандай мемлекет мұндай проблемаларды айналып өте алмайды. Рас, қазір дүниежүзіндегі өзге де мемлекеттер секілді экономикалық дағдарысты біз де бастан кешіп отырмыз. Бірақ оның шешімін табудың жолы мұндай қантөгіс емес қой. Өркениетті елдер мұндай ойына келгенді істейтін бейбастақтыққа жол бермейді. Біз де әлем елдері мойындаған, биік өркениетке ұмтылған елміз. Сондықтан ислам дінін жамылған лаңкестердің ісіне қарсы Мемлекет басшысының әрекетін толық қолдаймын. Нұрсұлтан Әбішұлы елдің бірлігі болмай, тірлігіміздің көші дұрысталмайтынын айтумен келеді. Елбасының жанына бұрынғыдан да топтасып, оның бастамасымен басталған істердің жүзеге асуына атсалысуымыз керек.
Бүгін еліміз жазықсыз қаза болған азаматтарымызды аза тұтып отыр. Лаңкестердің бүлігі алдағы уақытта қайталанбас үшін де бірлігімізді, татулығымызды сақтаумен бірге, жауапкершілікті сезінуіміз керек. Бәрімізге артқан уақыттың жүгі осы екенін сонда түсінгеніміз болады.
Князь МИРЗОЕВ,
Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі:
– Бүкіл әлемге достық пен татулықтың үлгісі болған берекелі, мерекелі Қазақ елінде осындай қаскөйлік ұйымдастыру бір ғана адамның іс-әрекеті емес. Ширек ғасыр аумағында біз шаңырағымызды биіктетіп, керегемізді кеңейттік. Бір мемлекеттің абыройы үшін бір кісідей жұмыла қимылдауға ұран тастадық.
Тәуелсіз ел болған 25 жылдың ішінде өзіміздің мемлекеттік рәміздеріміз бен дәстүрлеріміз қалыптасып қалып еді. Енді, міне, біздің осы бейбіт күнімізді көргісі келмейтін бұзық ойлы дұшпандар бейбіт азаматтардың өмірін қиды, жас бұтақты сындырды, біраз шаңыраққа қайғы-мұң кіргізді. Біз ол қаскөйлерді кешіре аламыз ба, кешіре алмаймыз ба?! Әрине, жоқ!
Дос қызыға, дұшпан қызғана қарайтын еліміздің тыныштығы үшін 18 миллион қазақстандық сергек түрде ел тыныштығын, сәбилердің тәтті ұйқысын, мемлекеттің территориясын, бейбітшіліктің кепілін кірпік қақпай қарауылдауымыз керек. Қазақстан – барлығымыздың бейбіт те берекелі ортақ үйіміз. Қиын-қыстау заманда біздің ата-бабаларымызды қазақ халқы қалай бауырына басып, қамқорлығын аямаса, ендігі жерде де осы елде тіршілік еткен барша ұлт өкілдері Қазақстанның тыныштығы үшін жанын беруге даяр болуы керек деп есептеймін!
Мемлекет басшысының бүгінгі күнді аза тұту күні етіп жариялауы – халықтың көкірегіне түскен дерт, жүрегіне түскен мұң оның да жан дүниесін алай-дүлей ететіндігінің куәсі. Кешегі күні шейіт болған барша марқұмдардың туған-туыстарымен бірге аза тұтамыз.
Күлімкөз СМАИЛОВА,
ҚХА жанындағы Солтүстік Қазақстан облыстық аналар кеңесінің төрайымы:
– Мұсылман қауымы үшін аса қасиетті де қастерлі Рамазан айы қарсаңында ел ішін алатайдай бүлдірген зұлымдардың адам қанын нақақтан нақақ жазықсыз төккен қанқұйлы әрекеттерін ешнәрсемен ақтауға болмайды. Мен солтүстікқазақстандық аналар атынан олардың ең қатал жазаға тартылуын ашық түрде мәлімдеймін.
Мемлекет басшысының Мәлімдемесінде айтылғандай, тәуелсіздік жариялау бар да оны қорғап, нығайту және дамыту одан да жауапты іс болмақ. Бәріміз үшін ел бірлігі ауадай қажет. Кешегі ата-бабаларымыз қасық қаны қалғанша қорғап қалған атамекеннің тыныштығын ойлау от басы, ошақ қасынан басталады десек, жауапкершілікті мемлекетке итере салмай, әрбір ата-ана, балабақша, мектеп елім, жерім, Отаным деген ұрпақ өсіру тәрбиесіне бір кісідей атсалысулары керек. Сонда бізді іштен де, сырттан еш жау алмайды.
Елі, жері үшін оққа ұшқан бейбіт күннің оғландарына барлық құрмет көрсетіледі, отбасыларына жан-жақты жағдай жасалады деген сенімдемін.
Ақтөбедегі жағдай бәрімізді ойландыруы тиіс. Әсіресе, билік тарапынан сақтық шараларын барынша күшейтпей болмайды. Бұл бүліктің арғы жағында ішкі-сыртқы әлдебір сепаратистік күштердің тұрғаны күмәнсіз. Осындай шектен шыққан, адам төзгісіз жағдайлар енді қайталанбас үшін жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән бермей болмайды. «Жаста берген тәрбие жас қайыңды игендей» демекші, үйде алған жақсы тәлім түзде қайталанбасы анық. Президентіміздің өз Мәлімдемесінде кез келген сипаттағы экстремизммен лаңкестікке қарсы заңдарды қайта қарап, бұл құбылысқа қатаң тойтарыс беру жайын ойластыруымыз керек деген шешімін толық қолдаймын. Мен заңгер ретінде қолына қару алып, кісі өлтіргендер өлім жазасына кесілуі тиіс деп есептеймін.
Бүгінгідей ұлттық аза тұту күнінде отан үшін жан берген батырларымызды еске алып, қауіпсіздігіміз бен тұрақтылығымызды одан әрі беріктендіре түсейік.
Жандар КӘРІБАЕВ,
қоғам қайраткері:
– Шынында бұл жағдай халықтың қатты алаңдаушылығын туғызды. Экстремизм, лаңкестік елді адастырып, үлкен қауіпке апарады. Әрине, құқық қорғау органдары осынау қауіптің алдын алу үшін барлық күш-жігерін жұмсауда. Ақтөбедегі жағдайды халық құптап отырған жоқ. Халықтың қарғысынан қорқынышты не бар дейсіз?! Тыныштығы кеткен елдің тынысы тарылады. «Ислам» деген сөздің мағынасы «Бейбітшілік, ынтымақ» дегенді білдіреді. Діннің атын жамылып, елдің ішіне ылаң салғандар қатаң жазалануы тиіс.
ТАРАЗ
Нұртаза АБДОЛЛАЕВ,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты:
– Қайғылы жағдайда осындай ойларды айтам деп мен ешқашан ойламағанмын. Неге десеңіз, ХХ ғасырдың 40-шы жылдарында дүниеге келіп, осы күнге дейін өмірімде мұндай оқиғаға кезіккен емеспін. Мынау болған оқиға біздің ұрпақтың ойына сыймайды. Исламның, Құранның хадистерінде, христиан дінінің кітаптарында, үндінің қасиетті кітаптарында бірде-бір адамға қиянат жасауға болмайды деп жазылған. Өкінішке орай, осыншама оспадарлықтар біздің аймағымызда болып жатыр. Елдің, қазақтың, қазақстандықтардың абыройына дақ түсірген лаңкестерге кешірім болуы мүмкін емес. Елбасының Мәлімдемесінде айтылғандай, қарақшылыққа қатысы барлардың бәрі де қатаң жазалануы тиіс. 1986 жылғы желтоқсандағы қыршын жастардан садаға кетсін бұлар. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық табалдырығында осындай сұмдықтың орын алуы қатты ойға салады. Елбасы бұл жөніндегі Мәлімдемесінде мәселені қатты қадап айтты. Облыс әкімінің кешегі болған жиынында да осы мәселе қаралды. Меніңше, біздің облыстағы барлық адамдар – саналы адамдар. Біздің облысымыздың атауы – Ақтөбе. Яғни, өңір халқы да ақ пейілді дегенді білдіретіндей. Өкінішке қарай, арамызда бейбіт өмірімізді, еліміздің өркендегенін көре алмайтын пасықтар да бар болып шықты. Бірақ та болар іс болды. Одан сабақ алуға тиіспіз.
Менің айтарым, бұдан былай біз бір-бірімізге тірек болуымыз керек, бір-бірімізді қолдауымыз керек. Дүниеден озғандардың ата-аналарына, туыстарына қайғыларыңа ортақпыз деп айтқым келеді. Аза тұту күні бәрімізді ойландыруы тиіс. Сондықтан, біз осыған үлкен тебіреніспен қарауымыз керек. Өмір жалғасады, бұл оқиғадан кейін ойланатын бірнеше мәселелер да бар сияқты. Ең басты мәселе, әрине, тиісті орындар мұның себептерін табады, бірақ мені ойландыратын мәселе, сол себептердің объективті болуында.Тәуелсіздікпен құрдас жастар неге өздерін осындайға апарды? Осы сұрақ қай-қайсымызды да ойландырады. Көршілеріміз, ағайын, туыс, отбасымыз бұл мәселелерге үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек. Әрине, лаңкестер қатаң жазалануы тиіс.
Серік БЕЙСЕМБАЕВ,
«Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалының төрағасы:
– Мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы басталар тұста Ақтөбеде болған лаңкестік әрекеттер барша қазақстандықтарды алаңдатып отыр. Қаскөй әрекеттің салдарынан жазықсыз жандардың қаны төгілді. Мұны жасаған өздерін мұсылманбыз деп жүрген әсіре діндарлар екендігі қынжылтады. Уахабшылар, кейбіреулер сәләфиттер дейді, мәселе олардың қалай аталуында емес, мәселе олардың жасап жатқан қатерлі әрекеттерінде болып отыр.
Жүзден астам ұлтқа ортақ Отан болып, ұйыған тыныштық пен бірліктің ордасы атанған еліміздегі бейбітшілік пен татулығымызға сына қаққысы келгендердің қандай әрекеті де еліміздің, халқымыздың мүддесіне қайшы қауіпті әрекет болып табылады. Сондықтан, лаңкестердің әрекетін барша қазақстандықтар айыптайды.
Ақтөбеде болған қанды оқиғаға байланысты 9 маусымды Мемлекет басшысы аза тұту күні деп жариялады. Қаскөйлердің әрекетіне тосқауыл қойып, жанын құрбан еткен азаматтардың есімі ешқашан ұмытылмайды. Олар өз міндеттеріне ақырына дейін адал болды. Экстремистік топтың ойлағандары орындалмады. Құқық органдарының белсенді әрекетінің нәтижесінде лаңкестерге дер кезінде тойтарыс берілді. Олардың біразының көзі жойылса, қалғандары ізделу үстінде.
Тәуелсіз мемлекетіміздің бүгінгі ең басты байлығы – бірлігіміз бен татулығымыз. Бірлігімізді бұзып, елдігімізге қатер төндіретін барлық әрекет халық тарапынан айыпталады. Өйткені, қазіргі халықтың тілегі – бірлігіміз бен татулығымызды сақтап, бейбіт өмір сүру. Аза тұту күні Тәуелсіздігіміз бен елдігімізді, бірлігімізді сақтаудың қаншалықты құнды екендігін санамызға онан әрі сіңіре түспек. Мұндай қаскөйлік пен зұлымдыққа барша халық болып қарсы тұрғанда ғана тойтарыс бере аламыз.
Көкшетау
Мәулетхан АҚСАНОВ,
«Талдықорған» газетінің бас редакторы:
– Ақтөбе қаласында болған оқиғаны жантүршігелікпен қабылдадым. Мұндай қатыгездік біздің елдің азаматтарының қолынан келеді деп сенудің өзі қиын. Тапа-талтүсте қолдарына қару алып, бейбіт халыққа оқ атулары да мүлдем түсініксіз. Қылмысқа тартылғандардың барлығы да жас жігіттер. Олар өздерінің әрекеттерімен қаланың тыныштығын ғана бұзған жоқ, түсіне білсе, өздерімен қоса бүкіл туған-туыстарының болашағына да балта шапқандарын біле ме десеңізші. Ал шындығында дәл осы оқиғаны кездейсоқ болды деп айтудың да қисыны жоқ. Іс әрекеттеріне қарап, белгілі діни ағымдардың жымысқы жұмыстарының нәтижесі ме екен деп ойладым. «Жау жоқ деме – жар астында» дейді. Жас Тәуелсіз мемлекетіміздің қанаты қатайып, әлем алдында көк Туы желбірей бастап еді, көре алмайтын «әлдебіреулер» сыртымыздан тас лақтыра бастады. Елбасы айтқандай сыртқы жаулар ел ішіндегі береке-бірліктің қаншалықты берік екенін сынап көргісі келген сияқты. Шындығында тәртіп қорғау органдарының қызметкерлері бұл сынаққа да батыл жауап берді. Еліміздің берік те, алынбайтын алып қорғаны бар екендерін жас жауынгерлеріміз Отан алдындағы адал істерімен дәлелдеп шықты. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Ұлы даламыздың батыр ұлдары аман болсын!
Еркін ӘБІЛ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор:
– Ақтөбедегі оқиға бүкіл елдің үрейін туғызды. Ең бастысы, ешқандай жазығы жоқ, Отанына адал қызмет етіп жүрген азаматтарымыздан қапыда айырылдық. Оларды жоқтап, отбасының шулап қалғанын көргенде жүрек сыздайды. Екіншіден, лаңкестікпен айналысып, өзгенің қанын мойнына жүктеген содырлардың барлығы да жап-жас жігіттер. Олардың елді осынша шулыған еткендегі мақсат-мүддесі түсініксіз. Мені «Жат ағымның соңына ерген 19-30-дың арасындағы жастар өзінің болашағын қалай елестетеді? Олардың алдағы күннен не үміті бар, олар да анадан туды ғой?» деген ойлар мазалады. Өз отандастарына, өз қандастарына мылтық кезенген жастардың осынша рухани жұтаңданып кететіндей сонша не көрінді? Олардың ағайыннан, ортадан, мектептен көрген тәрбиесі аз емес еді ғой?
Өркениетке ұмтылған елміз. Сырттан күш алса да, іштен леп берушілер болса да енді лаңкестерді бұлай басқа секіртіп қоюға болмайды. Қазіргі орын алған жағдай алдағы уақытта қайталанбайтындай іс істеуге тиіспіз. Ол үшін саяси реформаларды тездеткен жөн, Парламент билігін, жергілікті атқарушы билік беделін көтеру керек деп ойлаймын. Ең бастысы, азаматтық қоғам қалғымай, оянып, қимыл жасамаса болмайды. Барлық істі мемлекетке, құқық қорғау органдарына артып қойып, үнсіз отыра берсек, лаңкестер кез келген мүмкіндікті пайдалана береді. Ақтөбеде орын алып отырған қайғылы жағдай, бүгінгі азалы күн тыныштықты сақтау үшін сілкініп жұмыс істеуге сабақ болар. Бірігіп қимыл жасағанда ғана нәтижеге жетеміз.
ҚОСТАНАЙ
Нұрлы ӘЙТИЕВА,
Атырау облыстық мәслихатының депутаты:
– Ақтөбедегі жантүршігерлік қанды қырғын атыраулықтарды да бейжай қалдырған жоқ. Өйткені, 130-дан астам этносты Қазақстандай құтты шаңырақтың астына біріктірген еліміздегі бейбіт өмір тек отандастарымызды ғана емес, жаһан жұртының да қызығушылығын оятып еді. Алайда, елдің айрандай ұйыған бірлігіне, татулығы мен достығына сына қаққысы келген, бейбіт өмірінің тыныштығын бұзуды көксеген содыр топтың шектен шыққан қаныпезерлігі баршаның жағасын ұстатты. Бірақ, бұл бізді елімізді баянды бақыт мекеніне балаған баршаны бір мүддеге, нақтылай айтқанда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев паш еткен «Мәңгілік Ел» идеясының айналасына топтастыра түседі. Себебі, біздің ортақ Отанымыз – Қазақстан осы кезге дейін әлемдегі ең бейбіт өмірдің шынайы алаңына айналды. Болашақта солай бола беруі қажет. Өйткені, біз төрткіл дүние дидарындағы кикілжіңнің, дүрдараздықтың зардабы оңайлықпен жойыла қоймайтынын білеміз. Осы тұрғыдан айтқанда, дәл қазір біз еліміздегі бейбіт өмірді сақтау үшін ортақ мүддеге жұмылуымыз қажет.
Рас, бұл тек менің ғана пікірім емес. Өңірдегі әр салада еңбек ететін, елдің мүддесін ойлайтын отаншыл азаматтардың көпшілігі осындай ортақ тоқтамға келіп отыр. Жалпы, ислам дінін ұстаушылар қолына қару алмақ түгілі, адам баласына қарсы өрескел әрекет білдіруді мүлде қолдамайды. Демек, бұл халқымыздың сан ғасырлар бойы қалыптасқан болмысына сай емес. Біз елдің тыныштығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін осы тектес қылмыстарға тұтас ел болып қарсы тұру арқылы тосқауыл қоя аламыз. Елбасы үнемі бірлігіміз арқылы бейбітшілікті, келісім мен достықты сақтауымыздың маңызын айтып келеді. Біз үшін елдің бірлігі бәрінен қымбат, сондықтан дәл қазір татулығымыз бен бірлігімізді бұрынғыдан да нықтай түсетін боламыз. Сол себептен, біз бейбіт өмірімізді ешкімнің бұзуына ешқашан жол бермейміз.
Аветик АМИРХАНЯН,
Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:
– Біз Қазақстан халқы бір тағдыр, бір мүдде, бір мақсат біріктірген біртұтас ұлтпыз. Бәріміздің ортақ Отанымыз бен тербетілер бесігіміз – Қазақстан Республикасы. Егер егемен еліміздің тыныштығына біреулер қатер төндіргісі келсе, біз оларды бір кісідей қатаң түрде айыптауға тиіспіз. Айыптауымыз керек те. Ақтөбе қаласында елді ала тайдай бүлдірген содырлар сойқанына қатысты да тек осылай демекпіз.
Жалаң айыптау аздық етеді. Біз бәріміз, соның ішінде облыстың он жеті мың мүшесі бар Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері күш біріктіре отырып, зұлымдарға қарсы тұруға, бұларды түбегейлі ауыздықтау үшін бірлескен түрде іс-қимыл танытуға қам жасауымыз қажет. Қылмыскерде ұлт та, шекара да болмайды. Ел мүддесі деген мәселе олардың ойларына кіріп те шықпайды. Ел мүддесі дейміз-ау, содырлардың бар ой-ниеті тек бір ғана қаскүнемдік төңірегінде болса, сөзімізді шығындаудың өзі артық.
Қазақстан халқы Ассамблеясы алға қойған мақсат – бірлік пен татулықты және тыныштықты ту ету. Қасиетті қазақ жерін мекендеген сан түрлі этнос өкілдерінің өзара жарасымдылығы мен үйлесімділігін үйреншікті үрдіске айналдыру. Солай болып та келеді. Бұл кейбір ішкі және сыртқы арандатушы топтарға ұнамайтын секілді. Ақтөбедегі лаңкестік әрекеттердің арғы астарында осындай зымиян саясат жатуы да ғажап емес. Сондықтан, терроршыларды қатаң түрде жазалап қана қоймай, адам өліміне әкеліп соқтырған қанды оқиғаның осындай қырларына және себептері мен салдарларына тереңірек ой жүгірту қажет деп білемін.
Магомед ЛОРСАНОВ,
Маңғыстау облысындағы «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы:
– Ақтөбе қаласында орын алған оқиға барша отандастарымыздың жүрегіне үлкен жүк түсіріп, көңілін құлазытып кеткен өте ауыр жағдай болды. Жаны жомарт, жүрегі кең, мейірімді қазақ халқының ұлан-байтақ жерінде өрескел құқық бұзушылықтың, қанды қырғынның орын алмауы керек еді. Бұл – біздің асыл дінімізге, ділімізге жат қылық.
Амал не, орны толмас өкінішті жағдай болды, бірнеше жазықсыз жан ойламаған жерде ажал құшты. Барлығының соңында аңырап отбасы қалды – біреуінің шиеттей баласы болса, екіншісінің үйінде қарт анасы бар, үшіншісі он екіде бір гүлі ашылмаған, әке-шешесі енді ғана қызығын көремін деп отырған қыршын жас.
Мұсылман жамағаты үшін Рамазан айының орны бөлек, бұл айды мейірім айы деп, кешірім мен шапағат айы деп қастерлейді, бұл айда қару ұстап қан төгіп, кісі өлтірмек түгілі біреудің көңілін қалдырмауға тырысады және әркімнің де бұрынғы біліп-білмей жасаған күнәлары үшін кешірім сұрап, тазаратын айы. Дәл осы қасиетті айда осыншалықты қаныпезерлікке тәуекелі жеткен, қаланың қанын сорғалатып, ел-жұртты қан қақсатқан жандарды шынайы мұсылман деп айта алмай