09 Маусым, 2016

Беріктік көрсеткен Берікжан

369 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
IMG_0480атына заты сай екенін танытып, ерлікпен қаза тапты Ораза алдындағы маусым айының 5-і – демалыс күні еді. Дәл осы күні түс ауа мұздай қаруланған бір топ терроршы Ақтөбе қаласындағы №6555 әскери бөлімге шабуыл жасады. Олардың басты ойы осындағы қару-жарақ қоймасын басып алу болатын. Осындай сыни сәтте мұндағы ішкі қарауыл қаруланған қылмыстық топқа тойтарыс бере білді. Сөйтіп, экстремистердің көздеген мақсатына жетулеріне жол бермеді. Қарулы қақтығыстар кезінде атқыштар батальоны сапындағы әскери қызметші Берікжан Қалиев қаза тапты. Кеше қылмыскерлерге қасқайып қарсы тұра білген есіл ерді өзі туып-өскен Орал өңірінің жұртшылығы соңғы сапарға шығарып салды. Жәнібек ауданының Жақсыбай ауылында өткізілген қаралы митингке Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов, Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының басшылары және Ақтөбедегі № 6555 әскери бөлімінің өкілдері қатысты. – Берікжан Қалиев терроршылармен тіресу кезінде атына заты сай берік жан екенін таныта білді. Ол елдің тыныштығы мен тәуелсіздігінің тұғырлы бола түсуі үшін шыбын жанын пида етті. Ұрпаққа ұран бола алатындай ерлік көрсетті. Осындай батыл да батыр ер тәрбиелей білген Берікжанның ата-анасына қайғырып көңіл айтамыз. Олардың алдында басымызды иеміз. Сын сағаты туған кезде Берікжан тайсалған жоқ. Оның есімі ел есінен өшпейді, – деді қазақтың қайсар бір ұлын соңғы сапарға шығарып салу рәсімі кезінде А.Көлгінов. Содан соң өңір басшысы облыстық әкімдік атынан қаралы отбасына материалдық көмек ретінде қомақты конверт ұсынды. Бұдан кейін сөз алған Ұлттық ұланның Ақтөбе қаласындағы №6555 әскери бөлімі бастығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Бақберген Әнешев шайқас кезінде мерт болған Берікжан Қалиевті мемлекеттік марапатқа ұсынғандарын айтты. Сонымен бірге, Жәнібек ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин ерлікпен көз жұмған батыр жерлесінің есімін өзі туып-өскен ауылдың бір көшесіне беру жөнінде өкілетті органдарға тиісті ұсыныстармен шығатындарын жеткізді. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы,
Соңғы жаңалықтар