09 Маусым, 2016

Мектепке мұқтаждық мәселесі

247 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
11Қарағанды облысында биыл толық шешіледі Қарағанды өңірінде әлеуметтік маңызға ие нысандардың құрылысы сапалы жүргізілуде, әрі белгіленген мерзімдерде аяқталып жүргені де рас. Десе де, бұл орайда туындап жатқан мәселелер де жоқ емес. Жуырда облыс әкімінің бірінші орынбасары Асылбек Дүйсебаев аудан-қала басшылары мен мемлекеттік құрылымдар жетекшілерінің қатысуымен өткізген селекторлық жиында осы жайттарды талқылады. Қарағанды облыстық құрылыс басқармасы биылғы жылы әлеу­меттік маңыздағы 36 нысанның құры­лысына тапсырыс берген еді. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 5,2 миллиард теңге, ҚР Ұлттық қорынан 2,7 миллиард теңге және облыстық бюджеттен 2,4 миллиард теңге бөлінген. «Нұрлы Жол» бағдарламасы бо­йынша жалпы сомасы 3,82 мил­­лиард теңгеге екі мек­теп са­лынып жатыр. Оның бірі Сәтбаев қаласындағы 600 орын­дық мектеп болса, екіншісі облыс орталығында тұрғызылып жатқан 1200 орындық білім ошағы. Соны­мен қатар, Қарағанды қала­сында 320 бүлдіршінге арналған бала­бақша салынуда. Бұл құрылыс­тар­дың үшеуі де аяқталуға жақын: Қарағандыдағы мектеп пен бала­бақша шілде айында, Сәтбаевтағы мектеп тамыз айында пайдалануға берілуі тиіс. Маусым айының басында об­­лыс орталығындағы көзі нашар көре­тін балаларға арналған 250 орын­дық мектеп-интернаттың құры­лысын аяқтауға өткізілген кон­курс­тың нәтижесі жарияланып, жалпы құны 1,5 миллиард теңге тұратын құрылысты жүргізуші болатын тараппен келісімшарт жасалады. Бұл нысанның құры­лысы келесі жылға дейін жал­ғасады. Биыл оның құрылысына Ұлт­тық қордан 600 миллион теңге қаражат бөлінген. Білім беру саласын дамыту бағдарламасы бойын­ша бөлінген 316 миллион тең­геге облыс аумағында өткен жыл­дар­дан бері бітпей келе жат­қан құрылыстарды аяқтау жоспар­ланып отыр. Олар: Жаңаарқа ауда­нын­дағы 150 орындық мектеп, Абай ауданындағы 320 орындық мектеп, Жезқазған қаласындағы 320 орындық балабақша және Қарағандыдағы тірек-қимыл жүйесі зақымданған балаларға арналған мектеп-интернатқа жанама ғима­рат­тың құрылысы. Екі мектептің құрылысы осы мау­сым айында аяқталып, бала­бақша да қыр­­күйек айына дейін пайдалануға берілуі тиіс. – Алдағы жылы облыста мектепке мұқтаждық мәселесі толығымен жойылады, – дейді Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Асылбек Дүйсебаев. – Мұны тарихи жетістік деуге де болады. Көзі на­­шар көретін балаларға арналған мек­т­еп-интернат пайдалануға беріл­­­ген­­нен кейін бұл бағыттағы жоба­­лар толығымен жүзеге асты деп есептейміз. Асылбек Жексенбайұлы атап өткен­дей, Қарағанды облысы аумағын­да қазір авариялық жағ­дайда тұрған орта білім мекемесі жоқ. Бір кезде айтар­лықтай проб­лема болған бір мектепте үш ауы­сыммен оқыту оқиғалары да кел­меске кеткен. Бюджеттен қыруар қаражат бөлініп, жыл сайын жаңа мектептер салынды. Жаңа мек­тептердің әрқайсысының құрылы­сына бюджеттен шамамен 1,2 миллиард теңгеден бөлі­ніп келді. Ендігі уақытта қаражат мек­теп­тер­­ді материалдық-техникалық қам­тамасыз етуге, ағымдағы жөндеу жұмыстарына бөлінетін болады. Облыстың аудан-қалаларында бала­бақша мұқтаждығы да көп азайды. Қазіргі жоспар бойынша, Теміртау мен Жезқазған қала­ларында тағы бір бала­бақшадан салу қажет. Ең үлкен сұраныс облыс орталығында: Қараған­ды халқының қажетін өтеу үшін тағы да 25 шақты балабақша салу керек. А.Дүйсебаев Қарағанды қала­сының әкімдігіне қазіргі эко­номикалық жағ­дайды да ескере отырып, балабақ­шаларды мем­лекеттік-жекеменшік әріптестік есебінен, яғни ортақ іске кәсіп­кер­лерді тарту жолымен салу туралы тапсырма берді. Барлық ком­муникация желілері тартылған осы мақсаттағы он жер телімі қазірдің өзінде дайын. Енді тек әлеуметтік жоба­­ларды қолдай алатын әлеуетті әріп­­тес­тер табу қажет. Ауылдық елді мекендерде был­тыр басталған 27 отбасылық дәрі­герлік амбулаториялардың құры­лы­сын аяқтауға «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойын­ша бюджеттен 1 миллиард 814 мил­лион теңге қаражат бөлін­ген. Соның ішінде 16 нысан респуб­ли­калық, қалған 11-і об­лыстық бюд­жет­терден қаржы­лан­дырылады. Ел қазынасынан қаржы бөлінген 16 нысаннан Бұқар жырау, Нұра және Абай аудандарындағы үш нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға беріліп те қойды. Қалған 13 амбула­тория 85 пайызға дайын, қажетті тех­но­логиялық құрал-жабдықтарына тапсы­рыс беріліп қойған. Республикалық бюджет қара­­жа­тына салынып жатқан амбула­то­рия­лар осы маусым айы­ның соңына дейін түгелдей іске қосылуы тиіс. Ал жергілікті бюд­жет есебінен са­лы­­нып жатқан 11 амбу­латорияға был­­тыр қаражат жеткі­лікті көлем­де бө­лін­бегендіктен, олар­дың құры­лы­сы ағымдағы жылдың тамыз айын­да аяқталады. Дегенмен, құры­лыс бас­қар­масының өкілдері мәлім­дегендей, мердігер ұйымдар бұл нысан­д­ардың көбі пайдалануға тамыз айынан бұрын беріледі деп сендіріп отыр. Асылбек Дүйсебаев Қараған­дыда 2013 жылдың соңынан бері салы­нып жатқан облыстық көп са­лалы балалар ауруханасының құ­ры­лысына да көңіл аударды. 200 орындық жаңа ауру­хананың құ­ры­лысына респуб­ликалық және облыс­тық бюджеттерден 5,195 миллиард теңге бөлінген. Биыл сол қаражат толық көлемде берілді. Құрылыс-монтаждау жұмыстары қалып­ты жүргізілуде, дегенмен, сәуір айын­да ел бюджетінен бөлінген қара­жат­тың 400 миллион теңгесі уақ­ты­лы игерілмеген. Мәжіліс бары­сын­да Құрылыс басқармасының өкі­лі мәлімдегендей, осы жағдайға орай, мердігер ұйымға игерілмеген қар­жы­ның 0,1 пайызы көлемінде айып­пұл салынған (келісімшартқа сәй­кес). Бұл сома бес күн ішінде тө­лен­­бейтін болса, Құрылыс басқар­масы оны сот тәртібімен өндіріп ала­ды. Тапсырысты орындаушылар бол­са, қаржы игерілмеуінің бір себе­бі ретінде доллар бағамының артуын көлденең тартты. Жаб­дық­тар­дың көбі шетелден сатып алына­тын­дықтан, олардың қымбаттаған баға­сы жалпы жобаның да қым­бат­тауы­на соқтыратын болып, құры­лыс жұ­мыс­тары аяқталуға жақын қалғанда жабдық алуды азайтуға тура келген. Асылбек Дүйсебаев бұл рет­те сыл­тау іздеу артық екенін ес­кер­тті. Жоба қымбаттайды деген сөз бол­мауы керек. Жабдықтарға керек қаражат 2008 жылдың өзін­де бекітілген. Медициналық техно­ло­гиялар жедел дамып келеді. Яғни, өткен сегіз жыл ішінде арзандамаса қымбаттаған жоқ. Сондықтан, доллар бағамы өсті деп сылтаурату бұл жерде жөнсіз болады. Қалай болғанда да, айтқан сөзде тұру керек: аурухана құрылысы биылғы жел­тоқсан айында аяқталуы тиіс. Өңір басшысының бірінші орын­басары облыстың Денсаулық сақ­тау басқармасына жаңа балалар ауру­ханасына алынатын құрал-жаб­дықтардың сапалы, әлемдік стан­дарттарға сай болуына қатаң қадағалау жасауды тапсырды. Өңірде әлеуметтік маңыздағы нысан­дардың жеткілікті болуына айрықша көңіл бөлініп отырғаны қуан­тады. Әсіресе, ел ертеңі сана­­латын өскелең ұрпаққа керек жағ­дай­дың жасалуы аса құп­тар­лық іс. Жақсы бастамалар бар­лық жерде бар, бірақ бастысы – сол бастамалардың дұрыс жүзе­ге асырылып, ел игілігіне жарауы. Қарағанды облысының басшы­лы­ғынан осындай берік ұстанымды көріп отырмыз. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ