09 Маусым, 2016

Шарайна

306 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Шарайна 08 06 2016 -1Пирамидаларды да жарамыз дейді «Ислам мемлекеті» (Қазақстанда ты­йым салынған) делінетін баскесер топтың мүшелері Мысыр пирамидаларын жарамыз деп қоқан-лоқы жасап отыр. Бұл туралы аталған топ таратқан бейнежазбада хабарланады. Бейнежазбада сәулет өнерінің таңға­жайып ескерткіштерін жоюға уәде берген жихадшылар көрсетіледі. Олар осыған дейін Ирактың Нимруд қаласындағы Набу храмын жарғандарын мәлімдеп, оның бейнежазбасын жариялаған еді. Топ баскесерлерінің пікірлерінше, ежелгі ескерткіштерді қирату керек, өйткені оларды кәпірлер тұрғызған. Терроршылар үстіміздегі жылдың тамыз айында Сирияның Пальмира қаласында екі көне храмды жарып жіберген-тін. НАТО оқу-жаттығуындағы құрбандық Польшада НАТО-ның адам айтқысыз кең ауқымды оқу-жаттығулары жүріп жатыр. Оған альянсқа мүше 24 елден 30 мыңнан астам әскери қатысуда. Тұтастай алғанда, маневрларға үш мың шамалас әскери техника, 100-ден астам тікұшақ пен ұшақ және 12 корабль тартылған. Бір өкініштісі, түнде «Анаконда-2016» деп аталатын оқу-жаттығудан қайтып келе жатқан америкалық жанар-жағармай құюшы көлік Төменгі Силезиядағы А18 автострадасында жеңіл көлікпен соқтығысқан. Полицияның мәліметтеріне қарағанда, жол-көлік оқиғасы салдарынан бір поляк қаза тапса, екіншісі ауыр дене жарақатын алған. Жанармай құюшы көліктің жүргізушісі зардап шекпеген. Оқыс оқиға салдарынан аталған трасса бірнеше сағатқа толықтай жабылыпты. Тексеру жүргізілуде. Шарайна 08 06 2016 -2Қытай жойғыш ұшағының «олжасы» Қытай жойғыш ұшағы Шығыс-Қытай теңізінің әуе кеңістігінде америкалық барлаушы ұшақты «ұстап алған». Бұл туралы Пентагондағы шенеунікке сілтеме жасай отырып, «Рейтер» агенттігі хабарлады. Оқыс оқиғаға қатысушылар – Қытайдың J-10 және АҚШ-тың RC-135 ұшақтары. Дерек көзіне қарағанда, Қытай ұшағы аса жоғары жылдамдықта ұшқан, сондықтан соқтығысып қалу қаупі жоғары болған. Бұған дейін АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керри Қытайды «арандатушылық іс-қимыл танытылатын біржақты шешім қабылдамауға» шақырған болатын. Ақ үй өкілі бұл жерде Бейжіңнің Оңтүстік-Қытай теңізінде әуе шабуылынан қорғаныс жүйесін құруға ұмтылысын меңзеп отыр. Қысқа қайырғанда:
  • Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған бұрнағы күні депутаттарға тиіспеушіліктің күшін жоятын заң жобасына қол қойды. Президент мұндай қадамға ел парламентінде көлемі жөнінен үшінші фракция болып табылатын күрдтер жағындағы Халықтар демократия­сы партиясына қатысты барып отырған сыңайлы.
  • Бурундиде ел президенті Пьер Нкурунзизаның фотосуретін сызғылады деген күдікпен орта мектептің 11 оқушысы қамауға алынған. 14 пен 19 жас аралығындағы жасөспірімдер мен бозбалаларға мемлекет басшының ар-намысын аяққа таптады және күлкіге айналдырды деген айып тағылып отыр.
  • Үстіміздегі жылдың алғашқы бес айында Антальяға шамамен 21 мың ғана ресейлік турист барыпты. Бұл – өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 96 пайызға аз көрсеткіш. Антальяға азды-көпті баратындар қатарында, сондай-ақ, нидерландтықтар мен британдықтар бар екен.
  • Кеше Ресейде жол қозғалысы ережесіне қатысты түзетулер күшіне енді. Онда «қауіпті жүргізу» деп аталатын жол ережесін бұзушылықтың жаңа түрі қарастырылады. Оның сипатына аса қысқа мерзімде көптеген ұсақ, бірақ басқа көліктер үшін қауіп туғызатын жол ережесін бұзулар жатқызылады.
Шарайна 08 06 2016 -3Президенттікке таласатындар белгілі «Суперсейсенбінің» қорытындылары бо­йынша, АҚШ-тағы алдын ала сайлау­да президенттіктен нақты екі үміткер – рес­публикашыл Дональд Трамп пен демократ, бұрынғы мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон айқын жеңіске жетті. Үміткерлердің праймериздері 7 маусымда Нью-Джерси, Нью-Мексико, Оңтүстік Дакота, Монтана штаттарында және халқы ең көп Калифорния штатында, сондай-ақ, тек демократтар ғана үшін Солтүстік Дакотада болып өткен еді. Республикашылардың праймеризінде барлық штаттарда жалғыз үміткер Трамп жеңіске жетті. Ал демократ Клинтон алты штаттың төртеуінде басым түсті. Оның бәсекелесі, Вермонт штатынан сенатор Берни Сандерс Монтана мен Солтүстік Дакотада көп дауыс алды. Сөйтіп, ақтық бәсекеге кімдердің шығатыны толықтай анықталды. Біреулер тойып секіреді... Швейцарияда ел халқының 75 пайызы ай сайынғы 2,5 мың еуро көлеміндегі тегін табыстан бас тартқан. Бұл осы мәселеге байланыс­ты жүргізілген референдум барысында белгілі болып отыр. Осылайша бұл жайт бүкіл әлемде қоғамдық пікір туғызды. Швейцария билігі ел халқына кепілді түрде мемлекеттік табыс – 2,5 мың еуро алуды не алмауды өздері шешуге ұсыныс жасаған еді. Сөйтіп, 2 миллионға жуық адам, яғни ел халқының 76,9 пайызы осындай мол ақшадан өз еріктерімен бас тартқан. Ай сайынғы тегін ақшаны қалтасына басқысы келгендер 23 пайызды құраса, бұл – 568 мың адам деген сөз. Жалпы, Швейцария әлемдегі ең бай елдердің бірі саналады, бірақ, елінің халқы да соншалықты көп емес. Сөз ретінде, мұндай бастама Финляндия мен Канадада және Австралияда талқыланып жатқанын айта кетейік. Шарайна 08 06 2016 -4Жаңа әуе кемесінің тұсаукесері «Иркут» корпорациясы Иркутск қаласында су жаңа ресейлік жолаушылар ұшағының тұсаукесерін өткізді. Ұшақ МС-21-300 деп аталады. Бұл туралы авиациялық блогер Артем Каширин ақпарат таратты. Лайнер кеңестік авиа­конструктор Александр Сергеевич Яковлевтің атын алып отыр. 2023 жылға қарай «Иркут» жыл сайын 70 МС-21 ұшағын шығаруды жоспарлапты. Ал алғашқы 4 машина 2018 жылға қарай құрастырылатын болады. Жақын және орташа қашықтықтарға ұшатын МС-21 жолаушылар ұшағы ескірген Ту-154 үлгісіндегі ұшақтарды алмастырады. Машина «Боинг-737» және А-320 аэробустары арқалап жүрген коммерциялық жүкке ұмтылыс танытып отыр, яғни осы ұшақтарға бәсекелес болмақ ниетте. Әуе кемесі бортына 210 жолаушыға дейін ала алады. Ең ұшу ұзақтығы 5 мың шақырымды құрайды. Интернет материалдары негізінде әзірленді