Қазақстан аумағын аэрофотоға түсіру бұдан 80 жыл бұрын жүзеге асты
Қазақстан Аэрофотогеодезиялық іздестіру мемлекеттік институты республикамыздағы жерге орналастыру қызметінің ең ежелгі кәсіпорны болып саналады. Бүгінгі таңда аталмыш мекеме өзінің құрылуының 80 жылдық мерейтойын атап өтуде. Салтанатты іс-шараға орай кәсіпорынның тарихы мен даму болашағы туралы «Ауыл шаруашылығы аэрофотогеодезиялық іздестіру мемлекеттік институты (АШАІМИ)» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры, ҚР Ұлттық инженерлік академияның корреспондент-мүшесі, экономика ғылымдарының кандидаты Әбдіғали БЕГМАНОВТЫ әңгімеге тартқан едік.
– Әбдіғали Салбекұлы, сол өткен ғасырдың 30-ыншы жылдары бұл кәсіпорынды құру қандай өмірлік қажеттіліктен туды деп ойлайсыз? Жалпы, мекеме қалай дүниеге келді?
– Кәсіпорынның дүниеге келу кезеңі жаңадан құрылып жатқан колхоздар мен совхоздардағы ауылшаруашылығы өндірісін ұйымдастыру науқанымен тұспа-тұс келді десек қателеспейміз. Жаңадан отау тіккен кеңестік шаруашылықтардың өркендеп қанатын жаюы үшін оның негізгі өндіріс құралы ретінде ең алдымен жер қорын зерттеу қажет болды. Сол кезде республикадағы ауылшаруашылығы алқаптарын картографиялауға деген зәрулік туды. Бұл мәселені шешу, әсіресе тез арада шешу тек аэрофототүсіру көмегімен ғана іске асыруға болатын еді. Ақыры 1936 жылы Алматыда Мәскеудің «Сельхозаэросъемка» кәсіпорнының тұңғыш Қазақ филиалы ашылады.
Мекемеге жерге орналастыру, ауылшаруашылығы үшін картографиялау, топырақ қыртысы мен геоботаникалық зерттеулер жасау, мелиоративтік-жол және кеңшарлар құрылысы үшін жер қорларын іздестіру міндеті жүктелді. Орта Азия республикалары мен Алтай өлкесінің жерлерін түгендеу іс-шаралары да осы жаңадан құрылған мекеменің мойнына артылды.
– 80 жыл аз уақыт емес. Осы мерзім ішіндегі қазақ филиалының жүріп өткен, бүгінге дейін сан қырлы, ауқымды атқарған жұмыстары туралы қысқаша түйіндеп айтып беріңізші?
– Әрине, кәсіпорын өзінің даму тарихында талай-талай қиын күрделі соқпақтарды басып өтті. Өндірістік базаны қалыптастыру мен дамыту, кадрлар құрамын даярлау жұмыстары оңай болмады. 30-шы жылдар ғой. Қазақ филиалы кәсіби жұмыстарын орындауға арналған дәл геодезиялық аспаптармен, фотограмметриялық құралдармен және ұша жүріп суретке түсіретін жабдықтармен жеткілікті дәрежеде қамтамасыз етілмеді. Фотопландардың репродукцияларын дайындауға арналған аппаратуралары да болған жоқ, сондықтан да кәсіпорынға ара-тұра Қазақ карта жасау кәсіпорнының технологиялық құрал-саймандарын пайдалануға тура келді.
Кәсіпорынға соғыс жүріп жатқан 1941-1945 жылдары тым ауыр соқты. Астық өндіретін аудандар мен қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарын жоспарлы-картографиялық материалдармен қамтамасыз ету жұмыстары қатар жүргізілді. Мекеменің 50-ден астам қызметкері кәсіби зәрулікке қарамастан Отан қорғау үшін майданға аттанды. Аэрогеодезия өндірісінде қалған әйелдер жұмыс орындарынан кетпестен күн-түн демей жұмыс істеді.
Тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңінде – 1955 жылдан бастап 1959 жыл аралығында біздің кәсіпорын жаңадан құрылып жатқан совхоздар үшін 30 миллионнан астам гектар алқаптарды зерттеу, ауылшаруашылығына дешифрлау және жоспарлы-картографиялық материалдарын дайындау жұмыстарын жүзеге асырды, яғни, іс жүзінде Қазақстанның айдалған тың жерлерінің барлық көлемін зерттеп, зерделеп шықты.
«АШАІМИ» РМК орындайтын, атқаратын жұмыстардың негізгі түрлері төмендегідей болып келеді: Ең бірінші, аэрофототүсіру жұмыстары – далалық дешифрлау материалдарын пайдалана отырып, растр негізінде 1:10000, 1:25000, 1:50000 масштабтарында сандық талап үлгісіндегі ауыл шаруашылық карталары мен 1:2000 масштабында елді мекендердің құрылыс жүргізілген аумақтарының сандық үлгідегі аумақтарын жасау. Кәсіпорын қызметін топырақтану және агрохимия, география, ауылшаруашылығының мал мен жем-шөп өндірісі кәсіпорындары да қолданады.
– Бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі еліміздің аграрлық секторы мен жерді тиімді пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөліп отырған шақта, оның үстіне қазір республикамызда Жер реформасы бойынша республикалық комиссияның апта сайынғы отырысына халықтың назары ауып отырған тұста «АШАІМИ» РМК қызметінің алар орны қандай дәрежеде болуы тиіс?
– Сапалы жоспарлы-картографиялық материалдардың арқасында жасалған жерге оңтайлы мониторинг жүргізу аграрлық және өндірістік секторда жерді тиімді пайдаланудың басты негізгі көрсеткіші болып табылады. Біздің жоспарлы-картографиялық материалдарымыз кезекші кадастрлық карта орнына жүреді.
Ауылшаруашылығына қажетті топырақ қыртысын зерттеу мен геоботаникалық іздестірулердің және түсірілімдердің барлық түрлері аэрофототүсіру материалдарының жинақталған мәліметтеріне сәйкес жүргізіледі. Әсіресе, жер қыртысын зерттеушілер іс барысында өз жұмыстарын нақты да дәл орындау үшін фотобейнелеулерді мұқият пайдаланады. Қазіргі уақытта біздің мекеме Қазақстанның жер аумақтары мен бұрынғы КСРО-ның Алтай өлкесіндегі аэрофототүсіру жоспарлы-картографиялық материалдарын дайындайтын жалғыз кәсіпорын болып табылады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2012-2014 жылдары біздің кәсіпорын ауыл шаруашылығы айналымына тартылған ауыл шаруашылық алқаптарды түгендеу бойынша ауқымды жұмыстарды іске асырды. Кәсіпорын жарғысына «Облыстардың, аудандардың, елді мекендердің әкімшілік шекараларын, оның ішінде жер учаскелерінің, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың, орман және су қорларының, өзге санаттағы жерлердің шекараларын анықтау, олардың сол жердегі шекараларын қалпына келтіру, сонымен қатар, жерге орналастыру бойынша жобаларды (сызбаларды) әзірлеу мен оны жасау жұмыстарын жүргізуді» көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
– «АШАІМИ» РМК бүгінде қандай мамандық иелеріне сұраныс беріп отыр? Кәсіпорында тәлімгерлік жүйесінің дәрежесі қандай?
– АШАІМИ де әркезде де геодезистер мен жерге орналастырушы мамандарға, топографтар мен картографтарға сұранысқа ие болып келген, ол талап болашақта да сондай үрдісте болып қала бермек. Өндіріс ерекшелігіне орай кәсіпорында аэрофотогеодезистер мен фотограмметристер сынды сирек мамандық иелері жұмыс істейді. Бүгінгі күні кәсіпорында жұмыс істейтін жас мамандардың дені Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ҚазҰАУ, Семей топография техникумы, Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің түлектері.
Орайы келгенде айта кетейін, білікті мамандарымыздың арасында кезінде республикамыздан тыс жерлерде де, Моңғолия, Мозамбик, Ливия, Алжир, Ангола, Кения сияқты алыс шетелдерге шақырылып, қызмет атқарғандары да бар.
– Айтулы мерейтойды кәсіпорын ұжымы қандай лайықты жетістіктермен қарсы алып отыр?
– Кәсіпорын жұмысы мемлекет тарапынан уақыттың әр кезеңінде, әр ауысымында да лайықты бағаланып келді. 2013 жылы Қазақстанның шаруашылық қызметін жүргізетін субъектілерінің толық тізімін ранжирлеу нәтижесінде, ҚР Статистика жөніндегі агенттік төрағасының 2008 жылғы 20 мамырдағы №67-ші бұйрығына сәйкес АШАІМИ РМК «Активтер мен міндеттемелер көрсеткіштері», «Табыстылық көрсеткіштері», «Өтімділік көрсеткіштері» жөнінен үш номинация бойынша Алматы қаласында 4-ші орынды, Қазақстан Республикасында 13-ші орынды иеленіп, «Қазақстан-2013 көшбасшысы» Құрметті атағын жеңіп алды. 2014 жылғы мамыр айында кәсіпорын шығаратын өнімінің сапалылығы үшін Еуропалық Гран-При иегері (Женева қаласы, Швейцария) атанып, «Ерекше өндіріс және дәстүрді сақтау» дипломымен және «Жоғары сапа мен мүлтіксіз қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 06 тамыздағы №875-ші Жарлығымен «АШАІМИ» РМК Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің құрамына кірді.
Кәсіпорынның осы жылдар ішінде өндірістік сипатта сақталып қана қоймай, дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанына өз басым қуаныштымын. Бүгін біз, «АШАІМИ» РМК ардагерлерінің де көзіне ұялмай тік қарай аламыз, кәсіпорынға олардың жылдар бойғы сіңірген еңбектерінің еш кетпей, керісінше қанаттанып, өріс жайып келетінін зор сеніммен айта аламыз. Біздің даңқты дәстүрлеріміз әрі қарай да қолдау алып, өз жалғасын табады деген ойдамын. Бұл үшін бізге, біздің өндірістік қызметімізге қажеттінің бәрі бар.
Әңгімелескен
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ