09 Маусым, 2016

Алаңдайтын сұрақ көп

286 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
кең реформа жасау«Кім қайда бет алды?» Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан», 2016 жыл, 3 маусым Мақалада бүгінгі таңда жалпы білім беруде мұғалімдерді алаңдатып отырған, кең реформа жасау бағытындағы көкейкесті мәселелерге үлкен орын берілген. Оның өзіміз ұзақ жылдар айналысып келе жатқан, практикада көзіміз жеткен, кейбір тұстарына пікірімізді білдірсек. Жоғары сыныптарда жаратылыстану пән­дерін бірыңғай ағылшын тілінде оқытуда – негізгі пәндерден оқушылардың сол тілде білім ала отырып, әлемдік өркениетке кеңінен араласуына қолайлы жағдай жасау мақсат етіледі. Толықтай алғанда, бұл жалпы білім беруде алда тұрған перспективалық негізгі мақсаттардың бірі екендігін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ, осы міндеттерді барған сайын тиімді жүзеге асыруда, берілетін білім мен тәрбиенің нәтижелілігін қамтамасыз етуде, бүгінгі таңда күрмеуі қиын мәселелер баршылық. Олар: Біріншіден, жоғары сыныптарда төрт бірдей жаратылыстану пәндерін оқушылардың ағылшын тілінде жоғарғы деңгейде меңгеруге лексикалық базасы – тіл байлығы ғана емес, оқушылардың интеллектуалдық мүмкіндіктері жете ме? Жекелеген оқушыларда ондай қабілет, мүмкіндік болса, оны қамтамасыз етуге мұғалімдердің әзірлігі дайын ба, деген сұрақ бізді көбірек мазалайды. Екіншіден, бүгін біз, мектеп практикасынан көріп отырғанымыздай, 1-2 жаратылыстану пәндерін тереңдетіп оқытып, жалпы білімнің жоғарғы стандарты деңгейінде ана тілінде меңгертудің өзі үлкен қиындық келтіруде. Өйткені, бүгінгі мектептің жоғары сыныптарында 19-23 пән оқытылады. Оған қоса факультативтік пәндер, арнаулы курс­тар бар. Мектепте оқытылатын әр пәннің бағдарламасы, сол ғылымның ХХІ ғасырға дейінгі даму деңгейін, ертеңі мен бүгінін толық қамти отырып құрастырылған. Бұл бүгінгі бірыңғай бейінді білім беруді жүзеге асыруға тиіс, мамандандырылған дарынды балаларға білім беретін мектептердегі жағдай. Ал жай мектептер жөнінде не айтуға болады. Сонда бірнеше пәндерді ағылшын тілінде оқытып, мектеп стандартын одан әрі күрделендіргенде не ұтамыз? Үшіншіден, жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытуды оқушылардың барлығына бірдей міндеттеу – жалпыға бірдей нәтижелі бола ма? Керісінше, ол көптеген балалардың өз қабілет, қызығушылықтарына қарай кәсіби бағдарлы, бейінді білім алуына кедергі болмай ма? Төртіншіден, ұлттың рухани дүниесі оның тілінде сақталынып, сол ана тіл арқылы бір ұрпақтан екінші ұрпаққа беріліп отырылады. Ол жас ұрпаққа ұлттық, патриоттық тәрбие берудің де іргелі негізі. Тілдің қызметінің барған сайын аясын кеңейтіп, дамытып, ана тіліміздің – мемлекеттік тілдің ғылымның тілі, бизнестің тілі, технологияның тілі болып жетілуі үшін, оқушы білімді ең алдымен ана тілінде алуы қолайлы емес пе? Мамандандырылған дарынды бала­лар мектебінің практикасында жүзден астам түлегіміз «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлем елдерінің ең таңдаулы университеттерінде оқып білім алды. Олар – толықтай ана ті­лінде (қазақ бөліміндегілер қазақша, орыс бөлі­міндегілер орысша) бағ­дарлы білім алғандар. Демек, бұл жерде ең басты фактор – тіл емес, оқушылардың жоғарғы интеллектуалдық деңгейі, бір ғылымның саласынан сапалы, терең, жан-жақты іргелі білім алуында. Осы негізде ғана жалпы білімнің алда тұрған басты міндеттерін жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасауымызға болады. Сонымен қатар, осы мақа­ла­­да­ғы ав­­тор­дың «...бір типті мек­теп жасау» жөніндегі пікірімен келісу қиын. Қазіргі жалпы білім беруде, жастарды өмірдің сан-салаларына, небір күрделі мамандықтар әлеміне арнайы дайындайтын, ХХІ ғасырдың даму деңгейіне жауап бере алатындай, инновациялық мектептер жүйесі – гимназиялар, лицейлер, мамандандырылған дарынды балалар мектептері қалыптасып дамып келеді. Ондай мектептердің әлемдік білім берудің практикасында бірнеше ғасырлық тарихы бар. Оған біздің қолымыз ел егемендігінен кейін ғана жетті. Сонау өткен ғасырдың 90-шы жыл­дарының басынан-ақ, «Дарынды балаларға арналған мектептерді мемлекеттік қолдау және дамыту» жөнінде Елбасының жарлығы болды. Ол жарлық бірден дарынды балаларға бөлектеп білім берудің мемлекеттік дең­гейде маңыздылығын және оның біздің жағдайымызда көкейкестілігін көрсетті. Бүгінгі таңда әлемдік деңгейде білім алып жатқан жастарымыз, негізінен, осындай арнаулы мектептердің түлектері. Соңғы 10-15 жылда жалпы білім беруде жүргізілген «...кең ауқымды рефор­малардың» ішінде білім сапасына ерекше ықпал еткен жаңа типтік мектептермен қатар, білімді бақылау мен бағалаудың – тестілік моделінің енгізілуі. Мемлекеттік ҰБТ моделі – мектепке де, ата-аналарға да, білім мекемелеріне де тәуелсіз, білім үдерісіне сырттай бақылау мен бағалаудың бірыңғай жүйесін қалыптастыра отырып, білім сапасына да қолайлы ық­пал ететін, білімдік факторға айналды. Күнделікті білім беруде мектеп стандартының қандай дәрежеде жүзеге асып жатқанын қатаң бақылауда ұстағымыз келсе, қазіргі қолданыстағы ҰБТ-ның 4 пәндік форматын да, оны ұйымдастыру жүйесін де сақтауымыз қажет деп есептейміз.  Нәсіпқали ДӘУЛЕТОВ, Батыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының директоры