03 Ақпан, 2011

Сәбең саралаған сөздер

686 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Көрнекті жазушы Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» романының үш кітабын қайыра бір оқып шыққанымызда, көнеден кестеленген ежелгі ел, жер атаулары көптеп кездесіп, санаға түрлі ой салды. Кейбірі қазір қолданыстан шығып қалса да қайтып қатарға тұрар қауқарлығымен қымбат секілді. Енді бірі ономастикалық комиссияның талабын әлі де өтеп жіберерлік мән-мағынасымен құнды екен. Бұрынғы орысша атаудың бұғауында қалған жалтақтығымыздан батыл арылуға да себесіні тимекші. Оған атамзаманғы қазақы атаулардың өміршеңдігін теліп берсе жетіп жатыр. Және де тілдік қорымызды байытарлықтай орысшадан қазақшаға тәржімаланған сөздер – бүгіннің игілігіне айналса, несі айып? Сонымен Сәбең ден қойып, саралаған сөздердің түп-төркініне үңіліп көрелікші. Ұлы жазушының өзінің ту­ған жеріне қатысты баянында: «... біздің үй «Күрілдектің Кү­тірі» деген участокте отырды»,– деп түсіндіретіні бар. Қазақшаға судай орыс байы Күрілдек ата­лып кетіпті. «Күтір» дегені – хутор, кішкене поселке екен. Сол маңда «Құтырлаған» атты казак-орыс станицасы, орысша атауы Екатериновка болыпты. Қазақ-орыс достығы дәуірлей бастаған кез ғой, Екатериновканы жергілікті халық қалжыңдап «Құрт ұр­лаған» деп атап кетеді. Себебі, алғаш қазақ жеріне келген ка­зак-орыстар сөреге жайған құрт­­­ты таңсық көріп, қалта­ла­рына салып әкете беретін бол­ған. Содан «Құтырлаған» атауы шық­қан. Сол маңдағы орыс, қа­зақта ал­ғаш «ірбіт» шапқан бай әлгі Кү­рілдек бай ғана болыпты. Мұ­ны автор: «Ірбіт» (Ирбит) қа­зіргі Свердлов облысындағы орыс қаласы. Бұрын ол зор сауда орны болып қазақтар да бар­ған, ең ірі бай «Ірбіт шапқан» аталған»,– деп зерделейді. «... біздің аталарымыз Мәу­літ маңына көшіп кеп...» дегенде, меңзегені Мамлютка стани­цасы екен. «Аты ыраң­дап, ада­мы тыраңдап» деген мақалға тү­сінігі мынандай: «Ыраң» деген сөзді біздің ел ма­қалға қос­қан­мен, не екенін білмейді. Ол шөп­­тің бір түрі екенін мен бер­тін­де, Жетісу елінен ғана естідім» «Бай адам Мәкәржада қылар сауда, Басыңды қарап жүріп сал­­ма дауға», дегенінен, білгеніміз – қазақтар ертеде Нижний Нов­городты («Горький» боп та аталған) Мәкәржа дейді екен. Мә­­кәржаны көрмесе, ондай өлең қайдан шығады дей келіп, Есе­нейдің Мәкәржадан әкелген самауырынға суды қалай құйып, от­­ты қалай тұтатуын ешкім білмей дағдарғанда, жылқының бір құнанына жалданып келген орыс көрсетіп беріпті. Жаманшұбарлықтардың ескі жұртына 1953 жылы Докучаев атындағы совхоз орнапты. «Сол жұрттың үстінен «Қорған – Пески (Есіл)» аталатын тың темір жол тұрды», дей келіп, әке-ше­шесінің қабырларының ба­сына Мәс­кеу шеберлері жасаған құл­пытас орнатып, қазақ ою­лары тү­рінде әшекейлеген шар­бақпен қоршатқанын жазыпты. «Сендердің баратын жерле­рің Сырымбет тауының аржа­ғын­да, Саумалкөл деген орыс қа­­ласы, орысша аты – Криба­зор­ный болу керек. Атбасар ба­зарына барғанда жолда көр­ген­біз» деуінен, Криво­озер­ное­ның кейін Көкшетау облысындағы Ай­ыртау ауданының орталығы болған Володаровка екенін аң­ғарамыз. Ал оның негізгі түпкі атауы – Саумалкөл болған ғой! Оны орыстар бекерге Кривоозерное демейді екен. Бұл көлдің тү­рі өгіздің ими­­­ген сы­ңар мүй­і­зіне ұқсап бітіпті. Кей­­де Имек- ­­көл делінуі де сон­дық­тан бол­са керек... Ақ­мо­­ла қа­ла­сын Қара­өт­кел деп те атай­ты­нын ескерте келіп, оның тұсынан ағатын Есіл, Нұра өзен­дерінің ара­сындағы он-он бес ша­қы­рым­дай кезеңді тұрғын елдің «Қозы көш» деп атап кеткенін, атақты Ақан серінің өзінің лашын құсын осы жерде жоғалтқанын тәптіш­теп жазады. «... Марьевка дейтін қалада «Ылиын» атты базары боп жатыр екен», дегеннен не аңғарамыз? Бұл атаулардың төркіні былай екен. «Ылиын» – «Ильин» деген сөз екен де, ал Марьевканың ор­ны 1969 жылы Есіл өзенін бө­геу­ден жасалған теңіз астында қа­лыпты. Жа­ман­шұбар­дың батыс жа­ғын­да, отыз ша­қы­рым жерде қа­зақша «Жар­көл», орыс­ша Анновка ата­ла­тын поселке барын да Сә­бең­нен біліп отыр­­мыз. Қа­зір­гі жағ­да­йы, күйі қа­лай ол жер­дің, бей­­мәлім. Спандияр Кө­беевтің елге келгенін суреттей келіп С.Мұқанов: «Жа­сы­нан орыс­ша оқыған бұл жігіт соңғы он жыл­дың ішінде, Тілес (Федоровка) дейтін орыс поселкесінде ашыл­ған русско-киргизская школада учитель екен, қа­зір Қы­зыл­жар барып келеді екен», – деп жер атауынан да, ел қона­ғы­нан да мол мағлұмат береді. Қос­танай облы­сында әлі күнге дейін Федоровка дейтін аудан бар. Сонда бұл қай өңірдегі атауға жатады екен? Қара қазақ баласы «Анас­та­сьев­каны» «Нәс­тәсіп» деп атай береді екен. Жазушының өз мәнерінде орыс­­­­­­ша, басқаша кірме сөздерді қа­рабайыр түсіндіру жағы да бе­лең алған сыңайлы. Мысалы, «Ма­ни­фесті» – Мәнәпес, яғни жар­­­­­лау, есіркеу деген ұғымға сый­дырып жібереді. «Гер­­­мания­ны» – Ерманса дейді, «Түр­­­­кия­ны» Түрт­­шина деп ай­дар­лай­­ды. Үй сыр­­­­тын­дағы қаң­та­рулы «хо­­­док­­ты» үс­ті жал­­­пақ тақ­тайлы тарантас деп, та­би­ға­тына сәй­­кес­тен­діріп ұғын­ды­ра­ды. «Енді Стап­қа барып орысша оқи­­­мын депті», де­генінде, Прес­но­горь­ковская ста­ни­ца­сын ол жердегі қазақтардың осылай атай­тынын меңзейді. «Уфаны» – Үпі деп, «Орал­ды» – Теке қаласы деп атап, жазады. «Явленко» елді мекені Мүсін боп түсіндіріледі. Ба­қырілген – «Петровка» боп кеткен. «Кпитан»– Пресновка! «Кпитаннан шыға біз, «линия» аталатын қазақ-орыс стани­ца­ла­ры: Болатнай (Новорыбинск), Кі­ләбін (Кладбинка), Саржан (Сенжарка), Добраунай (Дубров­ный) арқылы жүрдік», – деп станица атауларын қос ұғымда тізбелеуінен не ұғуға болады екен? Түпкі қазақшасы солай ма, әлде орысша айтылуын икемдей үн­дес­тіріп әкет­кен түрі ме? Сәбең Қызылжар қаласының Петропавл аталып кетуінің сы­рын былайша мәлім етеді. «Ерте кезде қа­зақ жері екен» дейді мұны. «Осы жарқабақта Дәулет­келді дейтін бай қыстайды екен» дейді, руы атығай. О заманда, біз­дің елдің ханы Абы­лай болған. Бурабайда отырған Абылайға Петр және Павел деген аға­йын­ды екі жігіт барып, Дәулеткелді отырған қабақтан, бір өгіздің терісіндей жер сұраған. Абы­лай бұл сөзді қы­зық көрген де, «ал» деген. «Әлгі екі жігіт өгіз терісін ша­рық жіптей жіп-жіңішке қып тіліп әкел­­­ген екен» дейді, соны жазып жібергенде, осы қаланың орнын тү­гел алып кеткен. Абы­лай уә­десін жұ­та алмай, сұраған жерін берген, соған екі жігіт қала салып, со­лар­­дың аты­мен «Петропавл» боп кет­кен», деп әл­де аңыз, әл­де шын­­­­­ды­ғы мол қоспа сөз бе, әй­те­уір, көңілді сен­­­діре баян­дай­ды. Тағы бір қи­сынды дерек – осы Қы­зыл­жар қа­ласында сол кезде «Бей­­нет­қор», кейін «Совет» ата­латын аудан­ның 1935 жылға дейін ор­талығы болып­ты. Ма­ңын­да Шо­лақ Досжан дейтін мекен тағы кездеседі екен. Абылай ханның жүріп өткен жерлерін термелеп жазған автор: «Оның қайны: Бескөл (Биш­­кул), Дәнежін (Надежька), Кегерін (Ново-Николаевка), Мү­сін (Явленко) Ақжар (Петровка) атты станциялар мен поселкелерді басып жүргенде, Қызыл­жардан сексен бес шақырым жерде екен», дейді. Осының өзі­нен-ақ қаншама атаулардың сы­рына қанығуға болады. Есілдің арғы жағындағы Пыласкеу, яғни Плосское қаласының болға­ны­нан қазір екінің бірі хабардар ма? Немесе, автордың:«... мен бетімді қазақша «Жекекөл», орыс­ша «Благовещенка» атала­тын селоға туралап келем, он­дағы ойым – Ғабит Мүсіре­повке соғу», деп жазғанынан да қанға сіңген жер иісі жұпардай тұшындырмай ма! ... Иә, көрнекті жазушы С. Мұ­қановтың «Өмір мектебі» ро­ма­нының үш кітабында келтірілген кейбір жер атаулары ой­ды әр саққа жетелейді. Бұрын құлаққа әбден сіңімді болған ғой. Қазір ше? Түрпідей тиетіні де бар шы­ғар? Әлде, заман ық­палымен өңі сол­ғынданып, сөлі құрғап, маз­мұн-мәні де өз­ге­ріске ұшыраған жер, елді-мекен, т.б. атауларды ресми са­раптап, нақты тұрақ­тандыру жағы кемшін соғып отыр ма? Әрине, деректі шығарманың өн бойы­нан сүзіп алынған атаулы сөз­дердің сықпасы барлық шын­дық­тың бет-пердесі бола қой­мас. Ай­ныт­пай қолданысқа жа­райтын орнықты үлгі деп те кесіп айтудан аулақпыз. Дегенмен де Сә­бең тіркестерінде дән бар, атамзаманнан ілесе келіп, бүгін­гінің де ажарын ашарлық мәнді, та­ри­хи негізді балама жатқаны дау тудырмаса керек. Ендеше, дұрыс ден қойып, ой елегінен екшеп өткізіп, ұлттық пайым­мен таңдау жасау – уақыт еншісіндегі мұратты іс болмақ. Жо­ғар­да келтірілген әртүрлі ба­ғыттағы атаулардың өмір сүруге хақылысы да кездесіп қалар немесе саптан ысырылатындары да анықталар. Әйтеуір, салыс­тыр­ма­лылық сара ойға жетелері анық қой. Сондай пайдалы ойға та­мызық тастамақ ниетіміз болды. ... Сәбең саралаған сөздердің тылсымынан тұнық тіркестер сы­лып алып, тұрақтандыратын болсақ, қанеки. Қайсар ӘЛІМ.