Қазақстандағы Қытай Халық Республикасы елшілігінің ұйытқы болуымен жақында Аспанасты еліне апталық арнайы сапар ұйымдастырылды. Бұл сапарға қызмет бабында қаза болған ішкі істер органдары қызметкерлерінің отбасы мүшелері арнайы таңдалып алынған. Елшіліктің полициямен байланыс бойынша бөлімінің бастамасымен ұйымдастырылған сапарда Қытай елінің Бейжің, Шанхай және Үрімші қалаларына бару, мұндағы сан ғасырлық тарихы бар орындарды тамашалау жоспарланған.
Сөз басында айта кетейік, Аспанасты еліне қызмет бабында қаза болған сақшылардың зайыбы мен ұл-қыздарын апарып, шежіресі 2 мың жылдан асып жығылатын елдің мұрағатымен, салт-дәстүрімен таныстыру туралы ұсыныс алғаш рет 2015 жылдың ақпан айында Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов пен Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше жəне өкілетті елшісі Чжан Ханьхуэймен кездесу барысында айтылған. Кейіннен еліміздің әр аймағынан қызметтік міндеттерін атқару кезінде опат болған сақшылардың зайыбы мен балаларын ҚХР-ға сапарға жіберу туралы екіжақты келісім жасалады.
Дәл осындай келісімді Ресей ІІМ мен ҚХР Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі осыдан 20 жылдай бұрын жасаған. Қазақстан – Қытай елімен келісімге келген екінші ел. Өз кезегінде ҚХР-да елінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде ауыр жарақат алған немесе қаза болған Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі қызметкерлерінің балаларын Мәскеу, Санкт-Петербург секілді даңқты қалаларға апарып, тарихи-мәдени ошақтарын аралап көрсетуді дәстүрге айналдырған.
Қазақстаннан алғаш сапарға шыққан делегацияны бастап барған ҚХР-дың Қазақстандағы елшісінің кеңесшісі, еліміздегі ҚХР ҚҚМ-нің өкілетті өкілі Дай Сюйкуй екі елдің ішкі істер органдары батырларының жұбайлары мен балаларынан құралған топты шақыру, арнайы тағылымды сапар ұйымдастыру Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсетінін атап өтті.
«Бұл сапардан қазақстандық делегацияның әр мүшесі, аналар да, балалар да үлкен әсер алды деген ойдамын. Себебі, мұндай бастамалар, кездесулер мен жүздесулар екі ел халқының арасындағы достықты нығайтып, сыйластықты арттыра түседі. Бейбіт күн батырларының ұл-қыздары осы салтты одан әрі жалғастырып, аға ұрпақтың салып берген жолын жалғастырар, терең білім алып, болашақта Отанын гүлдендіруге өз үлесін қосар деген сенімдемін. Және де бұл сапардың соңғы болмайтынына да сенім мол», – деді ол.
Расымен де, Аспанасты еліне алты күнгі сапар танымды-тағылымды ғана емес, мазмұнды өтті. Шараны ұйымдастырушылар – ҚХР Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің өкілдері сапар бағдарламасына балаларға қызықты жерлерді ғана емес, ел тарихымен таныстырар, үлкенді де тамсандырар саяхатты қамти алған. Сол себепті, бұл сапардың қазақстандық қонақтардың есінде ұзаққа қалары сөзсіз.
Қазақ елінен Қытайға аттанған делегацияның құрамында басы-аяғы 20-дан астам адам болды. Оның ішінде, Халық Қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың жұбайы Гүлжамал Тәжиева мен ұлы Арманжан; қарағандылық жол сақшысы, 2008 жылы елордаға жолға шыққан автобус толы балалардың өмірін аман алып қалам деп, опат болған Қайрат Жұмабековтің жары Назгүл Жексенбина мен ұлы Ғалым; осыдан бес жыл бұрын Ақтөбенің Шұбаршы елді мекенін ғана емес, дүйім жұртты шулатқан қылмыстық топты қолға түсіру кезінде жалғыз оқ ғұмырын қиып кеткен «Арлан» арнайы жасағының аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Руслан Жолдыбаевтың зайыбы Айгүл Жолдыбаева мен қызы Аида; аса қауіпті қылмыскерді құрықтау кезінде мерт болған Алматы қалалық ІІД Патрульдік полк полициясының аға сержанты Ғалымжан Әбдіровтың зайыбы Гүлнәз Мереева мен қызы Аяжан; қанды қарашада қандықол қарақшының қолынан көз жұмған жамбылдық жампоз, МКҚБ-ның полиция аға сержанты Полат Аянқұловтың отын өшірмей отырған Миясар Юсупова мен қызы Жансая; 2008 жылы қызметтік міндетін атқару кезінде қайтыс болған керекулік тәртіп сақшысы, Қашыр аудандық ІІБ-нің полиция капитаны Фарид Какабаевтың жары Ләззат Какабаева мен қызы Амина; елдің есінде «Кеңқияқтағы қырғын» деген атаумен қалған қанды оқиға кезінде Ақтөбе жерінде қаза тапқан «Сұңқар» арнайы мақсаттағы жасақтың бөлім бастығы болған полиция майоры Айболат Иманбаевтың артында қалған атұстары Айбар мен жары Феруза Мәлікова; қызметтен тыс уақытта жүрсе де, көршісіне көмекке келем деп, ажал құшқан Шу стансасындағы ІІЖБ-нің полиция аға сержанты Рахат Амантаевтың жары Айман Айтқұлова мен ұлы Нұрболат; 2012 жылы 18 қаңтарда қаңырап бос қалған ғимарат ішін тексеріп жүріп, бір ессіздің мылтығынан атылған оқтан жедел жәрдем көлігінде көз жұмған Көкшетау қалалық ІІБ-нің жедел уәкілі, полиция лейтенанты Қайрат Жүсіпбаевтың ізін жалғап қалған ұлы Әлтаир мен өмірлік серігі Маржан Жүсіпбаева; тура 40 жасында қаныпезердің атқан оғынан қаза болған Алматы облыстық ІІД «Арлан» арнайы жасағының аға инспекторы Ержан Ахметовтің қызметтік жолын жалғап қалған зайыбы Баян Ахметова мен әке арманын үкілеп өсіп келе жатқан ұлы Азамат бар.
Сапардың алғашқы күні қазақстандық делегация Қытай елінің астанасы – Бейжің қаласының көрікті әрі тарихи жерлері – патша әулетінің сарайы, Тяньаньмэнь алаңы мен 2008 жылы Бейжіңде өткен жазғы Олимпиада ойындары нысандарын аралап көрді. Ал, кешке қазақ елінен келген қонақтарды ҚХР Халықаралық достықты дамыту қоғамының бас хатшысы Чэнь Шаосинь мырза ақ дастарқан жайып күтіп алды.
Қоғам тыныштығы күзетінде жүріп қаза болған полиция қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне сый-құрмет көрсеткен генерал Чэнь Шаосинь мырза: «Қазақстан мен Қытай – ынтымақтастығы жарасқан елдер. Ал, қазақстандықтар ежелден біздің достарымыз. Сол себепті, бүгінгі Қытай еліне келулеріңіз, осында өткен күндер сіздерге жарқын жақтарымен есте қалады деп сенеміз. Халықаралық достықты дамыту қоғамы – елдер мен мемлекеттер арасындағы достықты, қарым-қатынасты тереңдетуді ұстанған мекеме. Біз Қазақстан халқымен тығыз қарым-қатынас орната білдік. Жалпы қазақтар – достықты жоғары бағалайтын ел. Ендеше, достығымыз артып, сыйластығымыз жараса берсін!», – деп ыстық ықыласын білдірді. Кеш соңында бас хатшы қоғам атынан әр ана мен балаға сыйлықтарын тарту етті. Дастарқан басында аналардың ақ тілегін жеткізген Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың жұбайы Гүлжамал Тәжиева: «Біздер үшін, балаларымыз үшін осындай сапар ұйымдастырып, бастама көтерген сіздерге алғысымыз шексіз. Қытай – үлкен әрі тарихы терең ел. Осындай елге келіп, көне тарихын көзбен көру – біз үшін ғанибет, балаларымыз үшін үлкен тағылым. Ерлеріміздің есімін ұлықтап, ерлігін дәріптеп қана қоймай, артында қалған ұрпағына осындай салиқалы, мазмұнды сапар ұйымдастыруға мұрындық болғандарыңыз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Ешқашан сақшылар қылмыскердің қолынан қаза болмасын, аспанымыз ашық, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!», – деді.
Келесі күні Ұлы Қытай қорғаны мен Фу Го теңіз әлемін тамашалаған делегация мүшелері ҚХР Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің өкілдерімен кездесті. ҚХР ҚҚМ Кадр департаменті бастығының орынбасары, ҚХР ҚҚМ-нің қаза болған қызметкерлері қорының бастығы Чэн Жэньхуа мырзаның басшылығымен өткен шағын басқосу кезінде Қазақстан Республикасы ІІМ Кадр жұмысы департаментінің тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Рүстем Сәдуақасов Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың сәлемін жеткізіп, ІІМ-нің гербін табыс етті.
«Біз, қытай халқы, полиция қызметін өте жоғары бағалаймыз. Әсіресе, қызмет бабында қаза болған тәртіп сақшыларының артында қалған жарлары мен балаларына деген құрметіміз ерекше. Сіздер, аналар, ұлы адамдарсыздар. Бастарыңызға түскен қасірет пен қайғыға мойымай, бастарыңызды көтере біліп, жұбайларыңыздың ізін жалғап қалған ұл-қыздарыңызды өсіріп, лайықты тәрбие беріп келесіздер. Қазақстан да Қытай елі секілді ішкі істер саласында қызмет етіп жүріп, қылмыскерлердің қолынан қаза болған тәртіп сақшыларының отбасыларына ерекше қамқорлық көрсетіп, көмек қолын созып келеді. Біз халық татулығы мен ел тыныштығы, қоғам қауіпсіздігі мен заң үстемдігі үшін жанын қиған ерлердің есімін ешқашан ұмыт қалдырмаймыз», – деді ол.
Әрине, алып елдің Ұлы Қытай қорғаны, Тяньаньмэнь алаңы, императорлар сарайы секілді тарихи мекендері мен ҚХР-дың ең бай шаһары – Шанхайдан алған әсерді екі-үш сөзбен жеткізу еш мүмкін емес. Себебі, біз тек қойнауы аңыз бен ақиқатқа, шындық пен шырғалаңға толы тарихи мекендердің шет жағасын ғана көріп қайттық емес пе?!
Бану РАХЫМБАЙҚЫЗЫ,
журналист
Астана – Бейжің–Шанхай – Үрімші – Астана