10 Маусым, 2016

Қажылық киесі

721 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Тоқсан тоғыз бәленің бәрін көріп, Тоқсан бірде тәуелсіздік алып тәй-тәй басқан еліміздің жиырма бес жылда жеткен жетістіктеріне шүкір етпей, күпір етіп жүргендер де қаншалық. Сондықтан, көштің жүре түзелерін көңілімізге медеу қылайық. Ол үшін кемшіліктің бетін көпшілік болып қайтару қажет. Маң-маң басқан түйелі керуен­нің көшіндей өмір өз жырасымен жылжып барады. Оны тоқтатуға я өзгертуге Құдайдан басқаның құдіреті жете қоймас, сірә. Өткен өмірі­міздің өзекті өзгерістері, мұң­ды да құнды құбылыстары осы көшке ілесіп бірге кетіп бара жатыр. Бақыттың балын тату үшін, сор­дың сорпасын ішкен елміз деп қайғылы қатпарларымызды қаузай бермей, азаттықтың азаны естілген бүгінгі күннің қадіріне жете алсақ жарар еді. Аузымыз аққа тиіп, шаңырағымызға шат­тық­­тың шамы жағылып, Отаны­мыз бен отауымыздың гүлденіп жат­қаны бейбіт күннің бергені емей немене?! Кешегі Кеңес кезін­де бес уақыт намазға беліңді бүк­пек түгілі, дәрет алуға да дәр­мені­міз жетпеген. Құдайдың барын құптамай, қияметті қиял дей­тін ызғарлы күннің ызасы ел есі­нен өшпек емес. Надандықтың найза­сын сілтесе де, адалдықтың кәли­масын, адамдықтың қағи­дасын арын­дай ардақтаған ақсақал­ды аталар мен ақжаулықты ана­лары­­мыздың жаратылғанға емес, Жарату­шыға жалбарынып, тақуа­лық таныт­қанын тағылымды тағ­дыры­нан тану қиын болмас. «Әттеген-ай» дегізген әлгі әлеу­­меттік мәселелер қатарынан соң­ғы кезде қасиетті дініміздің қара­сы көрініп жүргені қабырғаңа бата­ды екен. Мәселе дінде емес. Мәселе бес парыздың бесіншісі сана­латын қажылық сапарында болып тұр. Қажылықты өз дәре­же­сінде өтей алып жүрміз бе? Еліміздегі қажылық сапарын ұйым­дастыратын компаниялардың жағ­дайы қалай? Рухани таза­лық­тың мәні мен маңызы неде? Бұл елді толғандырған елеулі сұрақтардың бір парасы ғана. Енді осы мәселенің мәнісіне бойлап, жауабын табуға тырысып көрейік. Сенің денсаулығың бар, отыра­сың, жатасың, тұрасың, жүре­сің, ойнайсың да күлесің. Ал кей­бір адамдар үшін өз бетімен қимылдаудың өзі мұң болып қалған. Сен қалағаныңды ішесің, тойып тамақ жеуге де толықтай мүмкіндігің бар. Ал кей адамдар үшін өз қолымен ас ішу арманға айналған. Сен барғың келген жердің бәріне бара аласың. Жүгіру де қиын емес. Біреулер мүгедектің арбасына таңылған. Олар үшін сен сияқты ұзақ жаяу жүрмек түгілі, отырған арбасын бір айналып шығудың өзі жетістік. Сен айналаңдағылардың бәрін көресің. Көзің жетпегендерді ғаламтордан тамашалауға мүмкіндігің бар. Ал көп адамдар қоршаған ортадағы таскерең қоғамдағы заттардың атын ғана біледі. Мен мұны ойдан шығарып отырған жоқпын. Бәлкім, бір-екеуін болса да көшеден кездестірген шығарсың. Оларды көріп ойландың ба? Өзіңде бармен өзгеде жоқ нәрсенің арасын өлшеп көрдің бе? Құдай Тағала оларға ауру берсе, жеккөргендіктен емес, саған денсаулық берсе, жақсы көргендіктен емес. Ол саған да, оған да сынақ болуы мүмкін. Осыны ұмытпа. Сен шетелге барып демалғың келеді, ал кейбіреулер үшін туған жердің ауасымен тыныстау да ауыр. Тұмсығына тұмылдырық кигізгендей аппарат­пен тыныс алып жүрген адамдар қаншама? Олардың өмірге деген көз­қарасы мүлде бөлек. Олар тыным­сыз тіршіліктің жалған еке­нін жақсы түсінген. Түнде ұйқыға жатқан сайын таңертең сап-сау болып оянуды армандайды. Көп нәрсенің қадіріне жетуді көздейді. Барын бағаламай жүргендерге денсаулықты, уақытты қалай пайдалану керектігін түсіндіргісі келеді. Бірақ біздің нәпсісі мен тәкаппарлығына құл болған көп пенделер олардың сөзін сөз құрлы көрмейді. Естісе де ескермейді. Көрсе де көңіліне түймейді. Себе­бі, адам дейтін жаратылыс – бір нәр­сенің мәні мен маңызын өз басына келмейінше түсінбейтін тіршілік иесі ғой. Ал сенің басың аман, он екі мүшең орнында. Олай болса, ой­лан да, шүкіршілік ет, тәубе де! Міне, қажылық осыншама ны­ғ­мет берген Раббыңа деген разы­лығыңды білдіретін бірегей амал. Періште болмағасын пен­делікке салынып, кейде бір істің жылдам әрі сәтті аяқталуын асыға күтетініміз жасырын емес. Оның жолында кездескен кедергілерге төзімділік танытуға сабырымыз жетпей қалатын сәттер де болады. Ал осы қажылық сапары момын мұсылманның қажыр-қайратын қарап, төзімін тексеріп, сабырын сынайтын сауапты да жауапты жол. Өткен жылғы оқыс оқиғалар мен қайғылы жағдайларға толы болған үлкен қажылыққа 4,5 мың қазақстандық аттанғанын айта кетсек дейміз. Соның ішінен төртеуі сол сапарда қаза тапқан. Былтырғы қажылық сапары соңғы 25 жылдағы ең қанды қажылық ретінде мұсылмандардың есінде қалды. Өйткені, Мекке мекенінде жүздеген адамның өмірін қиған екі бірдей қайғылы оқиға орын алды. Әуелі, құлшылық сапардың басталар сәтінде Әл-Харам меші­тіне құрылыс краны құлап, 107 адам қаза тапқан еді. Артынша адам нөпірінің көптігінен 800-ден астам мұсылман мерт болды. «Мұның барлығын Сауд Арабиясы Қажылық министрлігінің қажы­лықты ұйымдастыруда жіберген қателіктері», – дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. Әрине, жан қиналмай жән­нат­тың да жоғы белгілі ғой. Сон­дықтан, осы сияқты оқиға­лардың орын алуы тағдыр тақ­тасында таң­ба­ланып тұрғанына сенгеннен басқа амал жоқ. Негізінде, салмақты сапардың сәтті өтуіне себепкер болатын бір­ден-бір ұжым, ол – қажылық компаниялары. Мысалы, Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасымен және Дін істері жөніндегі агенттікпен тікелей байланыс орнатып, қажы­лық­қа барушыларға жоғары сапа­дағы бірнеше бағдарламалар түрін ұсынып жүрген, өз тұтыну­шы тұлғаларының сеніміне ие болған компаниялар да жетер­лік. Биылғы қажылық сапарын­да қызмет көрсететін турфир­ма­лар­дың санын емес, сапасын жақ­сарту мақсатында ҚМДБ ком­па­ниялар арасында конкурс жария­лаған болатын. Сол кон­курсқа 10 компания өтініш білдіріпті. Олардың ішінде, «Хидаят нұр», «Яссауи», «Атлас Туризм», «Хикмет Тревел», «Дельта Тревел», «Қызмет Саяхат», «Әл-Маруа», «Санабль», «Аңсар Круиз», «Нұр-Қазақстан» сияқ­ты өз ісін жоғары деңгейде ат­қарып жүрген ұжымдар бар. Кон­курстан қалыс қалған ком­паниялар тізімде көрсетілген 10 фирманың құрамына енеді. Атап айтқанда, «Сембекова и К» фирмасы «Яссауи» компаниясымен, «Кәусар Саяхат» компаниясы «Дельта Тревел» фир­масымен, «Иман Тревел» фирмасы «Әл-Маруа» компания­сымен, «Робинзон» – «Санабль» фирмасымен, «Ордабасы» – «Аңсар Круиз» фирмасымен, «Мина Тур», «ТВВ Тур» компаниялары «Нұр-Қазақстан» фирмасымен бірігіп, қасиетті сапардың жүгін жұмылып көтеретін болады. «Аталған 10 туристік фирма­дан ғана тиісті құжаттарды қабылдадық. Осы жылы өтініш білдірген 10 турфирмамен жұмыс жа­сауға ниет­тіміз. Алайда, сіз­дер осымен бұл кон­курстан то­лық өттіңіздер деген сөз емес. Конкурстың негізгі үлкен екі талабын орындауларыңыз – мін­дет. Біріншісі, әуе тасымалы­мен ай­на­лысатын «Флай Нас» әуе ком­па­ния­ларының опера­тор­ларына билет қар­жысының 300 кісіге кемінде 30 пайыз төленгені туралы түбіртектің болуы, екіншісі, Сауд Арабия­сы Корольдігі Қажылық министр­лігі­нің жаңа талаптарына сәйкес, Хадж чек (қажыларды Жидда-Мекке-Мадина қалаларына тасы­мал­дау және Мина мен Арафат жазы­ғын­дағы шатырларда орна­ласу үшін тө­ле­нетін жарна) қаржы­сы­ның 300 кісіге төлен­гендігі тура­лы түбір­тек­тің болуы. Осы екі талап­ты орын­даған соң ғана сіздер кон­курс­тан өт­кен болып санала­сыз­дар», – деді Алма­ты қаласында өткен Қа­жы­лық ко­миссиясының мәжі­лі­сін­де комиссия төрағасы Серікбай Ораз. Әрине, осындай талаптардан өткен фирмалардың әлсіз болуы әсте мүмкін емес сияқты. Себебі, олардың арқасына бір адамның ғана емес, бір мемлекеттің жүгі артылғанын естен шығармаған абзал. Сегіз жылда сенімге селкеу түсірмей, серіктестеріне берген сертін адал атқарып келе жатқан компаниялардың қатарында «Хикмет Тревел» ұжымының еңбе­гін ерекше атап өткен жөн. – «Біз Туристік саланың бар­лық ба­ғыттарын қамтимыз. Халық­ара­­лық туризмнен бастап, виза­лық сү­йемелдеу, әуебилеттерді сату және қонақүйлерден орын алып қоюға дейінгі қызметтерді көр­­­се­­теміз. Десек те, басты бағы­ты­­мыз – Қажылық пен Ұмраны ұйым­­дас­­тыру. Біз қажылыққа бару­­шы­­ларға жоғары сападағы бір­­неше бағ­дар­ламалар түрін ұсы­намыз. Әбден тексерілген, сенім­ді серік­термен ғана жұмыс істей­міз. Сондай-ақ, Қазақстан мұсыл­ман­дар діни басқармасымен және Дін істері жөнін­дегі агент­тік­пен тікелей қыз­мет­теспіз. Тәуел­сіз­дікке қол жет­­кіз­ген сәт­тен бас­тап, біздің елі­міз­де бар­лық ба­ғыт­тар бойынша жол ашыл­ды. Алла­ның қалауымен ер­­кін жү­ріп-тұрудың арқасында біз дін ұс­­тану еркіндігіне қол жеткіз­д­ік. Бұл көп­теген қажылық-компа­ния­­­лар­­дың пайда болуына ықпал етті», – дейді «Хикмет Тревел» ком­па­­ния­с­ының дирек­торы Айдос Дүйсенов. Базарға барсаңыз да, дүкенге барсаңыз да бағасы қымбат тауардың сапалы екенін білесіз. Ақшаңызды қимай тұрсаңыз да оны ұзақ тұтынарыңызға сенім­дісіз. Біз сөз қылып отырған ком­па­ниялардың да қызметін солай сипаттауға болады. Қара­жаты­ңыз қаншалықты көп, қал­таңыз неғұрлым қалың болса, соғұрлым жайлы орынға жайға­са­сыз. Қиял­­да­ғаныңызды қиын­дықсыз табуға мүмкіндік аласыз. Жұ­пыны жағдайдағы емес, жұл­дыз­ды қона­қүй­дің тұрғыны боласыз. Кез келген істің ілгері басуы­на басшылық тараптың тигі­зер әсері мол. Олардың жүйелі жұмысы, ұйымдастыру қабі­леті, басшылық бағыты түзу бол­са, ойға алған шаруаны шар­ша­­май, шалдықпай жеңіл әрі жеңіс­­пен аяқтауға жол ашық. Бұл ора­йда Алланың үйіне зиярат етуші­лерді зиянға ұшырамасын деп, көзі­нің қарашығындай қор­ғап, қарияларға қарайласып, құрдас­тарын құрметтеп, жастар­ға жана­шыр болып, сапар мінде­тін сапа­лы жүргізіп жүрген Қазақ­стан мұсыл­мандары діни басқар­ма­с­ы­ның ат­қарған ісінен аттап өтуге болмас. – Қажылықты ұйымдастыру орайында қаперде болатын бірнеше мәселе бар. Біріншіден, қажыға баратын отандастарымызды жаппай сауаттандыру, оларға ағартушылық бағытта түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Екіншіден, жерлестерімізді Діни басқарманың діни әдебиеттерімен қамтамасыз ету. Үшіншіден, қажылықты табыс көзіне айналдырмау, керісінше, сауапқа кенелуді көздеу. Төртін­шіден, қайырымдылық бағытта қаржылық мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қажылыққа тегін апару. Бесінші, халық арасында ұлық сапардың мәні мен маңызын түсіндіру үшін арнайы кездесулер жасап, фильмдер, бейнероликтер шығару. Қажылықты насихаттау жұмысы жанданса, халқымыздың Алланың үйі – Қағбаға баруға ықыласы артады. Қажылық – тең­дессіз сауапқа кенелетін сапар. Сондықтан, бұған аса жауап­кер­шілікпен қарауымыз керек. Иман жолына түсе алмай жүр­ген қаншама бауырларымыз қажы­лық­тан кейін жаңа өмір бастай­ды. Мінезі түзеліп, иманы кәміл­де­неді. Біз осыған мән беруге тиіс­піз. Қажылық табыс табу емес, ол – сауапқа бөлену. Осы жағын ойлайық», – деген Қазақ­стан мұсыл­мандары діни бас­қар­ма­сы­ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қа­жы Малғажыұлы­ның мағы­налы мәлім­демесі сауап­ты са­пар­дың сал­мағын аңғартса керек. Енді Қазақстан қажылары үш қаладан тікелей тасымалданады. Бұл туралы Қазақстан Қажылық Миссиясының төрағасы, наиб мүфти Серікбай қажы Ораз Алматы­да өткен ҚМДБ Төралқа мәжілі­сінде атап өткен бола­тын. Дәлірек айтсақ, Сауд Арабия­сы Корольдігі Қажылық министр­лігінің қажылық сапарын ұйым­дас­тыруға енгізген жаңа ережесіне сәйкес, Алматы, Астана және Шымкент шаһарынан шығатын отан­­дастарымыз 5 сағат 30 минут­тың ішінде Мәдина мен Жиддаға жететін болады. Бұл, бір жағынан, уақытты үнемдесе, екінші жағынан жол азабын да азайтады. Әлем мұсылмандары үшін қуа­­ныш­ты жаңалық. Ол не дейсіз ғой? Waverly Labs деп атала­тын ком­па­ния қызметкерлері қажы­лық­­қа келген жандардың бір-бірі­­мен тіл табысып, емін-ер­кін сөй­­ле­се алуы үшін арнайы аудар­ма­­шы құрылғы жасап шығар­ды. Pilot деген атау берілген құрыл­ғы құ­­лақ­­қа киіп алуға өте ың­ғай­­лы жа­сал­­ған. Смартфон кө­мегі ар­қы­лы бас­қаруға болатын құ­рыл­­ғы көр­ші­ңіздің айтқан сөзін тіке­лей ауда­­рып береді. 250-300 дол­ларға ба­ға­­ланып отырған аудар­машы ас­пап сатылымға тек 2017 жылы шыға­рылмақ. Парызын өтеу­ші­лер­ге пайдалы құрылғыдан, өрке­ниет жетістігінен құр қалмай, оған біз­дің отандастарымыз да қол жет­­­кі­зетін болса, қажылықта қа­­­жет­­­­ті затын қиналмай тауып, алаң­­­­сыз жү­руіне анағұрлым көмек болар еді. Тоқсан ауыз сөздің түйініне келейік. «Кез келген амал ниет­ке байланысты» деген сөзді жиі естиміз. Бірақ сол сөздің мағына­сына мән беріп көрдік пе? Жоқ әлде естіген күйі ескерусіз қалдырдық па? Адам баласы қасиетті мекенге қадам жасаймын деп ауласынан аттап, ауылынан шыққан кездегі негізгі ниеті Құдайдың разылығы болса, онда ол міндетті түрде жетеді. Және оның қажылығы қабыл болары сөзсіз. Ал сауапты сапарды саяхатқа айналдырып, шариғаттың шартын ұстамай, шалалық танытқандардың шаруа­сы шекарада шешіліп жатады дейді көргендер. Не кері қайтады, не барып тұрып қоржыны бос келеді. Сондықтан да, бағытыңның бақытқа жеткізгенін қаласаң, амалыңның адал атқарылғанын тілесең, ниетіңді дұрыста. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»