10 Маусым, 2016

*Лаңкестікке лағнет

232 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қастарынан табылуға да дайынбыз

Роман КИМ, Парламент Мәжілісінің депутаты Қазіргідей сәтте әрбір қазақстандық ақтөбеліктермен бірге болып, олардың қайғысына ортақтасып, бірге екендігін білдіргісі келетіндердің қатары аз емес бүгінде. Егер қажет деп табылса, олардың қасынан табылу үшін сол өңірге баруға да әзірміз. Ал енді Қазақстанда өлім жазасына жарияланған мораторийдің күшін жойғанымызбен, мәселе оң шешіле ме екен?!. Меніңше, қалай болғанда да қылмыскерлер қатаң жазаланулары керек. Ең бастысы – біз Тәуелсіздіктің 25 жылдығында ырысы ұйып, ынтымағы жарасқан елде тұрып, алаңсыз өмір сүріп үйреніп қалған екенбіз. Республикамыздың қай өңіріне, қай облысына, қай жеріне барсаңыз да ұлттар мен ұлыстардың тату тұрып, күн кешіп жатқан келбетін көреміз. Ақтөбе оқиғасының астарынан басына бақ қонған байтақ Қазақстанымыздың бүгінгідей бейбітшілігіне баз біреулердің қызғанышпен қарайтындығы айқын сезілді. Сондықтан да біз бұдан былай өте сақтықпен қадам басып, кейінгі толқын жастардың тәрбиесіне, олардың жүріс-тұрысына аса мұқият қарағанымыз абзал. Сонымен қатар, береке-бірлігі жарасқан Қазақстан халқына арнаған Елбасының ұлттық аза тұту күнін жариялауы өте орынды деп санайтындығымды білдіремін.

Жүрекпен сезінулері тиіс

 Анатолий БАШМАКОВ, Парламент Сенаты IV, V шақырылымдарының депутаты, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Бірден айтайын, Ақтөбедегі қанды оқиғаны ұйымдастырушылар өз елі мен жеріне құрметпен қарай алмайтын дінсіз басбұзарлардың нақ өзі. Егер олардың жүрегінде имани наным-сенімдері бар болса, қандай жағдайда да мұндай әрекетке бармаған болар еді. Ал ендігі жерде ел азаматтарының қай-қайсысы болса да өткен жексенбіде орын алған қанды оқиғаны ұйымдастырушылардың кез келгенінің бетіне түкіреді. Бұл әрі-беріден соң, теріс түсініктің құрбанына, белгісіз айтақшылардың құлына айналып көз жұмған немесе қылмыскер атанғандардың сүйегіне зор таңба болары сөзсіз. Сондықтан да мен Мемлекет басшысының қаралы үйдің қайғысына тұтас елді ұйыстырып, 9 маусымды ұлттық аза тұту күні деп жариялауын толық қолдаймын. Бұл күні әрбір отандасымыз ойда жоқта опат болған отбасылардың қайғысына ортақтасып, бейбітшілік заманның қадір-қасиетін жүрекпен сезінуі тиіс деп ойлаймын.

Бұл –  орны толмас өкініш

 Наргиза МАХМУДИ, Ұйғыр жастар орталығының төрайымы Біз қай кезде қандай да бір жетістікке жеткенде Көк туымыздың биікте желбірейтінін білеміз және оны көріп жүрекпен тебіренеміз. Ал енді бүгінгідей қайғылы жағдай болғандықтан, Туымыздың төменге түсірілуі, елімізде болатын ойын-сауықтардың тоқтатылуы мен үшін орны толмас үлкен өкініш болып тұр. Қазалы отбасылардың әрбірінің қайғысына ортақтаса отырып, Қазақстан жастарының атынан көңіл білдіргім келеді. Ал қаскөйлерді өлім жазасымен жазалау туралы Елбасымыздың ойын құптаймын. Себебі, өзі өмір сүріп отырған қоғамның шырқын бұзып, өз замандастарына қарай оқ жаудырған жауыздар қандай жазаға болса да лайық. Егер жоғарыда айтқан өлім жазасына кесу туралы үкім шығару тетігі заңнамалық тұрғыда қарастырылып, іске қосылатын болса, террорлық актілердің қайталанбауына да оң ықпалы тиюі әбден мүмкін. «Жауды аяған –  жаралы»Нұралы ӘБІШЕВ, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Ақтөбе қаласындағы террорлық актінің салдарынан көптеген отбасылар қара жамылып қалды. Ол тек бір облыстың ғана қайғысы болған жоқ, барлық қазақстандықтарға ауыр тиді. Жақында Шардара ауданындағы  Көксу ауылында жалындап тұрған жас жігіт Сапар Досболдың денесі жер қойнына берілді. Ол Ақтөбеде Ұлттық ұланға шабуыл жасалғанда оққа ұшқан. Арманы асқақ, Отан алдындағы борышын өтегеннен кейін, ол Спорт және денешынықтыру академиясына түсіп, спорт маманы болуды армандаған екен. Жас жауынгердің арманы кесілді. Үмітін үзгендер – діни фанатизм миын улаған, әлдебіреулердің арандатуынан қолына қару алған қаскөйлер. Ақтөбедегі оқиға салдарынан қанша шаңырақ күйзеліп, аза тұтып отыр. Біздің отандастарымыздың жазықсыз төгілген қаны – бәрімізге ортақ трагедия. Сондықтан, 9 маусымды Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың ұлттық аза тұту күні деп жариялағаны барша қазақстандықтардың ниетімен қабысты. Діннің атын жамылған есіріктерді қасиетті Рамазан айы да тоқтата алған жоқ. Тәуелсіздік қазаққа оңай келген жоқ. Оның қадірін баршамыз түсініп, барынша нығайтып, қорғауымыз керек. Ел ішін іріткісі келетіндерге бірден тосқауыл қойып, Елбасының төңірегіне топтасуымыз керек. Өйткені, біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ, болмақ та емес және керегі де жоқ. Шымкент

Елбасы төңірегіне топтасайық

Иманәлі БАЙДӘУЛЕТОВ, медицина ғылымдарының докторы, Шымкент қаласының құрметті азаматы Елбасы Ақтөбедегі лаңкестік оқиғаға байланыс­ты қаза болған азаматтардың шаңырағына көңіл айтты. 9 маусымды ұлттық аза тұту күні деп жариялады. «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол», дейді дана Абай. Біздің отандастарымыздың бейбіт күнде оққа ұшуы – орны толмас қасірет.  Лаңкестерде Отан, отбасы деген құндылықтар болмайтындығын Ақтөбедегі оқиға тағы да айғақтап берді. Қару асынған жауынгерге кекті-ақ болсын, ал өз шаруасымен жүрген қарапайым адамдарды оққа жығуын олар қандай шариғатпен түсіндіріп бере алады? Қысқасы, бейкүнә адамдарды өлтіру олардың тексіздігін танытады. Экстремизм мен терроризм тек біздің елдің ғана емес, бүкіл әлемнің қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Сондықтан, баршамыз бұрынғыдан да тығыз топтасып, ел ішінде бейбітшілікті, тұрақтылықты сақтап қалуға қызмет етуіміз керек. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дейді қазақ. Сол шірік құмалақтар қазақ жастары арасынан шыға бастағаны мұның артында қоздырушы, итермелеуші күштердің бар екендігін көрсетеді. Кешегі ТМД елдерінің кейбірінде болған «түрлі-түсті рево­люциялардың» сол мемлекеттерге қаншалықты залал әкелгендігін, елдің бүлінгенін, ұлт тұтастығына қатер төнгенін көріп отырмыз. Кеше ғана туысқан болып отырған мемлекеттер бір-біріне жау пиғылмен қарайды. Лаңкестерді есірткендер террорлық әрекеттерінен бас тартар емес. Ата-баба армандаған тәуелсіздігімізге сына қағып алсақ, мемлекет үшін үлкен қатер. Қауіптің бар екенін байқадық. Ел іші бүтін болуына барша қазақстандық атсалысып, Елбасының төңірегіне топтасуы тиіс. Оңтүстік Қазақстан облысы

Жан дүниеммен қарсымын

 Салтанат ШАЙДАРОВА, Қарағанды қаласындағы №4 емхананың директоры Барша қазақстандықтар сияқты мен де Ақтөбе қаласында болған лаңкестік әрекеттерге бей-жай қарай алмаймын. Мұндай шектен шыққан оқиғаларды айыптаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін толықтай қолдаймын. Тыныштығымыздың шырқын алатын лаңкестік әрекеттерге барлық жан дүниеммен қарсымын. Дәл осындай сын сағаттарда біз Тұңғыш Президентіміздің маңайына тұтаса түсуіміз керек. Бүкіл қоғам болып осындай жауыздықтарға қарсы тұрмасақ, күйрете соққы бермесек, іс насырға шабады деп ойлаймын.
Соңғы жаңалықтар