жарасым тапқан отбасылардан алар үлгі-өнеге көп
Жұртшылық тарапынан кең қолдау тапқан, отбасылық құндылықтар мен үлгі-өнегелерді, ұлттық салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, ата-анаға деген берік сыйласымдылық пен кішіпейілділік қасиеттерді насихаттауды, таратуды, тәжірибеге айналдыруды басты мақсат еткен «Мерейлі отбасы» байқауы Қызылжар өңірінде де кеңінен атап өтілді.
Жыл өткен сайын игі шараға қатысушылардың қатары көбейіп, сапалық жағынан да қуаттана түскенін аңғару қиын емес. Елбасы жастарды берік отбасы институты шаңырақтағы жарасымдық пен татулық арқылы орнайтынын үнемі айтып келеді. Сол себепті болар, жақсы бастама дәстүрлі арнасын тауып, осымен үшінші рет кең қанат жайып отыр. Сайысқа барлық аудандар мен Петропавл қаласынан шашасына шаң жұқтырмаған кілең озық отбасылар қатысты. Олардың қай-қайсысы болсын еңбекте де, тұрмыста да өз орнын тапқан, тамырларын тереңге жайған мәуелі бәйтерек іспеттес.
Н.Погодин атындағы орыс драма театрына жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде аймақ басшысы Ерік Сұлтанов Президенттің «Отбасы – біздің қоғамымыздың құндылықтарын сақтаудың аса маңызды институты», деген пайымын алға тарта отырып, әр адам алғашқы тәрбиені алтын діңгек отбасынан алатынын, әке-шешеге, туған-туыстарға деген құрмет, елге, жерге деген махаббат отбасы, ошақ қасынан бастау алатынын жеткізді. Отбасы еңбекке, жауапкершілікке, береке-бірлікке, ізгі татулыққа, достықты, жолдастықты қадірлей білуге, мейірім мен инабаттылыққа үйретеді. Көпбалалы, еңбекқор отбасылар қай кезде болсын елдің мақтанышы саналады. Өскелең ұрпақ ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан осындай сабақтастықтарды бойларына сіңіріп өссе, Қазақстанның мақтан тұтар азаматтары болып өсері кәміл, деді Ерік Хамзаұлы.
Байқауға қатысушылардың жақсы дайындықтармен келгені, жеңістен үмітті екендіктері сөздерінен де, іс-қимылдарынан да анық байқалып тұрды. Биылғы сайыстың ерекшелігі сол, жекелеген аталымдар бойынша 28 отбасының арасынан кіл мықтыны анықтау қазылар алқасына оңай соққан жоқ.
Мағжан Жұмабаев ауданынан келген Поляковтар, шалақындық Рахымберлиндер, Уәлиханов ауданының намысын қорғаған Кухаренко отбасылары «Жасампаз ұстаз» аталымы бойынша жүлдегер атанды. «Спорт саласындағы көрсеткіштер» аталымында Петропавл қаласынан Дробязко, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан Қалықовтар отбасылары топ жарды. «Еңбексүйгіш отбасы» аталымында Тимирязев ауданынан Әлиевтер, Мағжан Жұмабаев ауданынан Құсайыновтар, Аққайың ауданынан Қасымовтар, Жамбыл ауданынан Мамедовтар отбасылары ерекшеленді. «Үздік еңбек әулеті» аталымында Тимирязев ауданынан Балсейітовтер, Тайынша ауданынан Жомартовтар отбасыларының мерейі үстем болды. «Отбасылық дарындар» аталымы бойынша Ақжар ауданынан Закариндер, Аққайың ауданынан Аманжоловтар әулеттері марапатталды. «Көпбалалы отбасы» аталымында 10 баланы өмірге әкеліп, ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырған Айыртау ауданының тұрғындары Нашарбаевтар және Есіл ауданының үмітін арқалаған Жәнібековтер отбасы ерекше ілтипатқа бөленді. «Интернационал отбасы» аталымында Айыртау ауданынан Мусиенко, Есіл ауданынан Криворучко, Қызылжар ауданынан Нұрмұқановтар, Жамбыл ауданынан Соболевтер, Мамлют ауданынан Жаркеновтер отбасылары жеңімпаз атанды. «Жүрек жылуын балалармен бөлісемін» аталымында Қызылжар ауданынан Курбатовтар, Тайынша ауданынан Есинеевтер отбасыларының асығы алшысынан түсті. «Мерейлі отбасы» байқауында Уәлиханов ауданынан келген Нұрбаевтар және Петропавл қаласынан Мартемьяновтар отбасылары үшінші орынға лайық деп танылды. Екінші орынды Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның намысын қорғаған Сұлтановтар және Мамлют ауданынан келген Қарабалаевтар отбасылары иеленді.
Олардың арасынан Курбатовтар жайлы ерекше айта кеткен жөн. Үш баланы қамқорлығына алған Андрей мен Виктория жүрек мейірімін, алақан жылуын аяған емес. Өздері де, балалары да шеттерінен өнерлі, саламатты өмір салтын серік еткен. Вероника суретті жақсы салады, күреспен айналысады. Стас таэквондоның шебері болуды армандайды. Максимның арманы – музыкант болу. Нұрбаевтар әулетін биыл гауһар тойларын атап өтуге ниет етіп отырған Олжабай ақсақал мен Сақыпжамал әжей бастап келді. Олар бір кіндіктен 11 ұл-қыз, 21 немере, 4 шөбере өрбітіп, қызығын көріп отырған жайлары бар.
Бірінші жүлделі орын Окуневтер мен Жандос Мәдиқажының әулетіне бұйырды. Окуневтер Шал ақын ауданында ауыл шаруашылығымен айналысса, 5 бала өсіріп отырған Жандос отбасымен бірге қолөнер дәстүрін жалғастырып келеді.
Атамекеннің тұтастығын, ағайынның татулығын, ата-ана мен бала арасындағы өзара сыйластықты паш еткен байқау жеңімпаздары дипломмен және сертификаттармен марапатталды. Байқауда жеңген үздік отбасылар Астана қаласында өтетін республикалық кезеңде облыс намысын қорғайтын болады.
Ырысы мен ынтымағы сүттей ұйыған, шаңырағы шалқыған мұндай отбасылар өңірде аз емес. Олар мемлекетіміздің дамуына өз үлестерін қосып, өзгелерге үлгі көрсетуді басты мұрат еткен. Демек, жоғары қоғамдық және рухани-адамгершілік мәні зор мұндай байқаулардан көкейге түйеріміз аз болмаса керек.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
ПЕТРОПАВЛ
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ