10 Маусым, 2016

Сіз үшін не бағалы?

697 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Лайла-1Пәтер мен көліктен тәжірибе құнды «Бүгінге дейін табыстылықтың «дәстүрлі» көр­сеткіші саналып келген жекеменшік бас­пана мен автокөлікке иелік ету – қазіргі күн үшін өзекті мәселе емес. Уақыт өткен сайын оларды сатып алғысы келмейтін жастардың қатары дүниежүзі бойынша артып келеді». Батыс мамандары жүргізген көп зерттеудің ұзын-ырғасы, міне, осындай қорытындыға саяды. Бұл зерттеушілердің пайымдауынша, 30 бен 35 жас аралығындағы азаматтардың басым көпшілігі үйге қол жеткізуді қажет деп таппаса, автокөлік сатып алғысы келмейтін жастардың саны тіпті де көп. Ондай азаматтардың ойынша: «Құны аса қымбат заттар мен мүліктерді сатып алу – еш ақылға сыймайтын қисынсыз дүние». Міне, осы себепті де, бүгінде Америкада 35 жасқа дейінгі азаматтарды арендаторлар, яғни «жалға алушы буын» деп атайтын түсінік кеңінен қалыптасқан. Неге мұндай үрдіс көрініс табуда? Кейбір социологтар мұны: «Бүгінгі заман жастары шамадан тыс «қаржылық катаклизмдерді» бастан кешіп жатқандықтан, олар үлкен сомадағы несиелерді алудан қорқады, я болмаса қашқақтайды, себебі, бұл, тиісінше олардың санасына әсер етпей қоймасы анық», – деп түсіндіруге тырысады. Бірақ, бұл да басты мәселе емес секілді. Себебі, қазіргі жастар алдыңғы аға буын кезінде бағаланған құндылықтар бойынша өмір сүрмейтіні, олар үшін құндылық атаулының сипаты мен мәні өзгеріске ұшырай бастағаны жасырын емес. Яғни, о заман мен бұ замандағы құндылықтардың бағалануында айырмашылық бар деген сөз. Демек, қазіргі жастардың табыс пен табысқа жету деген ұғымдарды басқаша қарастыруын заңдылық деп түсінген де жөн. Мәселен, бұрын баспанасы мен өз автокөлігі бар адам­дар «табысты» саналса, ал бүгін өз қаржы-қара­жатын біліммен тәжірибе жинақтауға жұм­саған жандардың – саяхатшылардың, экстре­малдардың, стартапшылардың «құрмет пен беделге» ие екендігі байқала бастаған. Сон­дық­тан, жастар жылжымайтын мүлік, тіпті, жиһаз алудан саналы түрде «бас тартып», бас­па­наны жалға алып тұруды жөн көреді екен. Бұл – қазіргі адамдардың «мүлік жинауды» және «тұрақты ортаны қалыптастыруды» қажет етпей, оның орнына өзіне ыңғайлы график түзіп алып, қаржылық жағынан да, географиялық жағынан да тәуелсіз болу­ды қалайды деген сөз. Сол себепті, Батыс аза­мат­тарының арасында: «Егер Uber немесе Lyft (бұлар дүниежүзі бойынша кең таралған жүргізушісі бар таксилер қызметі) болса, АҚШ-та автокөліктің болғаны не керек, себебі, олардың қызметін пайдалану, өзімнің жеке автокөлігім болудан анағұрлым арзанырақ емес пе?», «Егер, интернеттегі ыңғайлы тетіктер арқылы дүниенің кез келген қиырынан баспана тауып алуға болатын болса, табиғаты көркем жерден алдын ала үй сатып алып, ол жерге ара-тұра барып демалып тұрудың не қажеті бар?», «Себебі, ондай кезде арендаға алдын ала ақша төлеудің немесе өзіңе ұнаған қаладан жылжымайтын мүлік сатып алудың қажеттілігі болмай қалады емес пе?», – деген сипаттағы сауалдардың туындауы, бір жағынан заңдылық секілді. Бұл мәселеге қатысты батыс басылым­дарын­да біраз пікірлер көрініс тауыпты. Мәселен, Atlantic басылымының шолушысы Джеймс Гэмблин «Қандай да бір мүлікке ие болу өзекті емес» деген тұжырым туралы өз ойын былайша түйіндеген: «Соңғы ондаған жылдар ішінде психологтар көптеген зерттеулер жүргізіп келді. Ол зерттеулер бақыт пен деніңнің аман-саулығын шынайы түрде сезіну үшін қаржыны жаңа заттар мен мүліктер алуға емес, жаңа тәжірибе жинақтауға жұмсаған дұрыс. Ол сізге анағұрлым көбірек қуаныш сыйлайды». Шолушының бұл тезисімен Psychological Science журналы да келіседі. Мәселен, бұл басылымда Джеймс Гэмблиннің: «Адамдарды сіздің қай жерден үй алғаныңыз туралы әңгіме қызықтырмайды. Олар үшін бос уақытыңызды қалай өткізгеніңіз анағұрлым қызығырақ», «Нашар тәжірибенің өзі түптің түбінде «тамаша тарих» болып қалуы мүмкін» деген секілді ойларының жарық көруі – соның дәлелі. Ал Корнелль университетінің Амит Кума есімді докторанты: «Адамдардың бір-бірі­мен әлеуметтік қарым-қатынасы қашан да үлкен рөл атқарады. Сондықтан, сіз басқа адам­дармен жиі-жиі әңгімелесіп, көп дос табуы­ңыз қажет. Әрине, ол достарыңыз сіздің қан­ша баспана сатып алғаныңыз емес, қай жа­ққа сапар шеккеніңіз бен өзіңізге мүлдем бей­таныс елде қалай өмір сүргеніңіз туралы әңгі­меңіз­ді естігілері келуі мүмкін», – деп жазады. Ендеше, уақыт өте келе, жиған мүліктің құны төмендеп, сапасы нашарлауы мүмкін, ал сіз­дегі бар тәжірибені ешкім тартып та, «ұрлап» та ала алмайды. Бұл жердегі негізгі пайым – осы. «Комфорт аймағы»: сіз одан шыға аласыз ба? Ол – ыңғайлылық, жайлылық, қауіпсіздік сыйлайтын кеңістік. Ал оның сыртында сізді түрлі сынақтар, тәуекелдер, шиеленістер, қауіп-қатерлер күтіп тұрары анық. Ендеше, ол кеңістіктен шығу керек пе? Осындайда: «Сіз болашаққа  қазіргі қоныстанған мекеніңізде қанша уақыт тұратыныңызды білесіз бе? Әрине, білмейсіз, демек, өмір бойы арендалық үйде тұру керек деген ойды санаға күштеп сіңіріп, 30-40 жылға несие алудың қаншалықты қажеті бар?», – деген логикалық сауал туындауы мүмкін. Мәселен, Forbes журналы қазіргі заманғы америкалық жастар өз жұмыс орындарын орташа есеппен алғанда, үш жылда бір рет ауыстырады деген мәлімет келтірген екен. Түсіне білген адамға мұның ар жағында үлкен мәселе жатқандай. Себебі, адам күнделікті күйбең тіршілікке басы бүтін беріліп, рухани әрі моральдық тұрғыда тоқырамас үшін, ең ал­дымен, ішкі мотивацияны күшейтудің қажет­­тілігі туындайды. Сонда оның сана көк­жиегі кеңейіп, табысқа тезірек қол жеткізу мүм­кін­дігі көбеюі мүмкін. Бұл да қарапайым аксиома. Қазір өздеріне ыңғайлы, яғни «комфортты аймақтарынан» шығып, өзін басқаларға емес, ең алдымен, өзіне дәлелдеуге тырысатындар қазақ жастарының арасында да баршылық. Олар әлемнің әр қиырында жүр. Мақсаттары – білім іздеу, тәжірибе жинау. Малайзиядағы Limkokwing University of Creative Technology деп аталатын жоғары оқу орнында қоғаммен байланыс мамандығы бойынша білім алып жүрген Нұрзада Күмісбек – сондай жастардың бірі. Ол бізбен әңгімесінде жастардың «мүлдем басқа, ерекше, өзгеше» тәжірибе жинау үшін, ең бастысы, өзін өзі «іздеу», «табу» мақсатында арман қуып, басқа қалаға, тіпті, басқа елге баруы заңдылық екенін алға тартты. «Себебі, «комфортты аймағында», яғни өзінің үйреншікті ортасында, отбасында жүргенде кез келген азамат қатып қалған қағидамен өмір сүріп, нағыз еркіндіктің, еркін ойлаудың, еркін өмір сүрудің не екенін жете түсінбеуі мүмкін. Оны түсінген күннің өзінде бойында орнығып қалған сенімсіздіктен арыла алмауы мүмкін. Ал сол жас «комфортты аймағынан» шықса, оның арқасүйер ешкімі болмайды, тиісінше, барлығы нөлден басталады. Ол, әрине, қиын. Бастапқыда. Бірақ, сенде басқа нәрсе пайда болады. Ол – шешім қабылдау еркіндігі. Егер, қиыншылықты көрмесе, нағыз еңбек дегеннің не екенін білмесе, рухани құндылықты жоғары қоятын отбасында тәрбиеленбесе, осыны түсінетін достардың арасында жүрмесе, онда өмір бойы тойымсыздықтың, яғни материалдық құндылықтың құлы болады. Ал рухани құндылық сені: «Мен өзімдегі барымнан екі есе артық дүниені иеленсем, әрине, қуанамын, бірақ, иеленбесем де ренжімес едім» деген ойға жетелеуі мүмкін. Демек, рухани құндылық адамға қанағат сезімін сыйлайды. Біздің қоғам­да «жеке машинаммен келіп, кеттім», емес, «автобуспен, пойызбен барып, келдім» секілді ақшаны үнемдеу жолындағы қарапайым іс-әрекеттер де бағалануы керек. Егер, өзіме келер болсам, мен әкемнің сыйға тартқан машинасын сатып, шетелге оқуға түстім. Әрине, табысқа жетер, жетпесімді уақыт көр­сетер. Бірақ сол машинаға айырбасталған өмір­лік тәжірибе маған мың есе қымбат, бағалы. Мұны өзімнің болашағыма құйылған алғашқы инвестиция деп ойлаймын», – дейді Н.Күмісбек. Осындайда, Абайдың: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де ақымақшылық», – дегені еріксіз ойға оралады... Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»