(Ақын Жүрсін Ерманның «Асыл ажар»
өлеңдер жинағына сын-сараптама)
Ақын біткеннің аттап кете алмайтын екі нәрсесі бар. Бірі – ұқсастық, бірі – даралық. Алдыңғысынан ақын біткеннің аман қалуы екіталай, соңғысына ақын біткеннің жетуі екіталай. Ұлылыққа үндесу, «болмаса да ұқсап бағу» кемшілік пе? Керісінше, өлеңдерін солардың өлшемімен өлшеуге болатын ақын бақытты. «Абсурд!» – дерсіз. Бірақ Жүрсін жырларынан Абайлық ақыл, Махамбеттік мінез, Қасымдық қайсарлық, Мұқағалилық мұң көрем десем, таңданбаңыз... «Кім ұқсауға тырыспайды, даралығы бар ма?» – дерсіз. Әр ақын өзінше дара. Жүрсін даралығы неде? Ең әуелі қай қазақ ақыны: «Мені әлем қазақтары түгел таниды», деп мақтана алады? Бұл тек Жүрсіннің ғана маңдайына жазылған сирек бақыт. Әлемнің қай түкпірінде болса да айтыс көрмейтін қазақ жоқ. Айтысты білген қазақ Жүрсінді де білері хақ.
Екінші даралығы – ешуақытта Жүрсін өлеңді қумапты, өлең Жүрсінді қуыпты. Сондықтан да оның өлеңдері жоспарлы мақсаттан тумай, жазбаса болмайтын қажеттіліктен туыпты. Әр ақынның өмірдегі адамдық мінезінен өлеңдегі ақындық мінезі туса керек. Өмірде сезімнен гөрі сергек ақылдың, уайымнан гөрі шешімтал іс-әрекеттің, қажудан гөрі қайраттың, мұңнан гөрі мықты ерік-жігердің, ешкімге сөз ұпайын да, өз ұпайын да жібермей, есесін қайтарып, есебін түгендеп жүретін адам болғасын ба, Жүрсін жырлары бет қаратпас шындық, бұлтартпас уәж, өткір әжуадан тұрады.
Абаймен үндестік. Абаймен үндесу дейтінім – біріншіден, ақындық пен хакімдіктің (терең толғаныс, пәлсафалық түйін, жаратылыс пен табиғаттың өзгермес ұлы заңдылығы) қатар өріліп жатуы. Екіншіден, удай ащы шындық пен кермек мысқылдың жымдаса келуі. Үшіншіден, әр өлеңнің аяғында негізгі ойды бір шумақпен не егіз жолмен түйіп тастап отыру. Міне, ақынды Абаймен үндестіріп тұрған осы үш сипат. Егер «данышпан тек өлгендер, тірілер тек пенделер» деген қазақы қағидадан бір сәт арылып, ақын өлеңіне үңілсеңіз, бұған көзіңіз жетеді. Абайды оқыған адам оның өзін емес, заманын, сол заман қазағының сипатын айнадан көргендей көрмей ме. Ал сіз өз замандасыңыздың бейнесін, қазіргі қазақтың сипатын, қазіргі қазақ қоғамының бейнесін көргіңіз келсе, Жүрсінді оқыңыз.
Жүрсіннің бір әдісі – ата қазақтың тектілігін, қасиетін іздей отыра, бүгінгі қазақтың қасіретін ашады. Япыр-ай, жетілдік, жеттік дегендегі бейнеміз осы ма деп өкінесің. «Әлемдік өркениетке жеттік» деп алақайлағаныңа ұяласың. Кенен болдық дегеніміз – кемдік, жетілдік дегеніміз – жетесіздік екен-ау деп өкінесің.
– Жеткіземіз деп жүріп жолдарды айға.
Жиреншені, алмаймыз Алдарды ойға.
Шырт түкіріп, шақшасын қағып қойып,
Қабағымен ықтырар шалдар қайда?
– Ажал жетсе арысқа жоқтау айтып,
Жесір қайда жұбанбай солқылдаған?
– Қарындастың басына күн туғанда,
Жігіт қайда табылар ту түбінен?
– Қыздар қайда – Мәжнүннің ғашығындай.
Келін қайда – аспанның ашығындай.
Бала қайда – арқардың асығындай?
– Түтінін сағындым-ау тобылғының,
– Таңдайыма татиды ыстың дәмі.
Тері мес, жез самауыр, мыс құмғаны, – дегенде, осы заттарды таба алмай іздеп жүр ме? Жоқ, ақын қазақы мінез, қазақы қасиет, қазақы салт пен тәрбиені іздеп аласұруда. Қазақтың ішінде отырып қазақ іздеуден асқан сор бар ма.
– Алты алаштың арманын арқалаған,
Асып туған атадан қазақ қайда?
– Қазақ іздеп жүрмін мен қазақ іздеп,
Күндіз шырақ ұстаған Диогендей.
Қазіргі қазақ бейнесін, қазақ қалпын, қазақ салтын, қазақ мінезін айта отырып, Абайға мұң шағады, онымен іштей тілдеседі, үндеседі.
– Ақыл – алтау, ой – жетеу, қазым – сенсің.
Жан алқымға тірелді, қолда, баба! – дей отыра, сол бабаның өзінше жыр төгеді.
– Мәз болады қазағың,
Бірін-бірі алдаса.
– Шекпен үшін, шен үшін,
Сатуға әзір баршасын.
– Ауылдаста өші бар.
Ағайында кегі бар.
– Сәлемін де патшадан.
Бере қоймас басқаға.
Ауыл – оған ат-шапан.
Арақ – оған астана.
– Таусылады азабың,
Ойлап сор мен азабын.
Өзгергенмен заманың,
Өзгерген жоқ қазағың! – дейді.
Әлі күнге ру мен жүзден аса алмай, әркім өз шыққан тауым биік болсын деп жүрген бүгінгі атқамінерлердің күйкілігіне күйініп: «Алты алаштың намысын түгел жоқтар азамат қайда? – деп сұрау салады.
Бір ру, бір жүз емес, күллі қазақтың туын көтерген қайран ерлердің жоқтаусыз, сұраусыз қалғанына қамығып, көрдегі аруақпен қоса аунақшығандай болады. Кенесарының басын, Кейкі батырдың, Сәкеннің моласын, Мұстафа Шоқайдың сүйегін жоқтайды.
Абылай ханға:
– Орыстың да тілін тапқан Абылай,
Қытайдың да жынын қаққан Абылай.
десе, Кейкі батырды жоқтап:
– Қазаққа қорған болған оққағардай,
Асынып алмас қылыш тақпағандай.
Қараусыз жатыр Кейкі сай түбінде,
Ұрандап қалың жауға шаппағандай.
Мұстафа Шоқай туралы:
– Маңдайдағы марғасқа маңғазымды,
У берген қасқырдай ғып кім өлтірді?
– Тасбауыр ел талпынып іздемеді-ау,
Тағдырына тәуелсіз талас ұлдың.
Елейді деп ел қашан есіл ерді,
Сол бейіттің басында аласұрдым, – дейді.
Моласы жоқ Сәкеннен ұялады. Сен кірмеген үйге кірдім-ау деп Қасымнан, сен жасамаған жасты жасадым-ау деп Мұқағалидан, Төлегеннен, Жұмекеннен, Кеңшіліктен кешірім өтінеді.
«Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер», демекші Жүрсін қадіріне жетіп, қастерлеп талай қайраткер мен қаламгерге өлең арнады. Табынып жазады, сағынып жазады, еркелеп жазады, әзілдеп жазады. Бәрі де жарасымды, бәрі де кешірімді.
Ақын азаматты ғана емес, қазанатты, кербұғыны, ақбөкенді, ұларды, тобылғыны, ырғайды, баялышты жоқтайды. Қайсысын айтпасын – аржағында ұлт тағдырына алаңдау тұрады.
– Бұландының – бұланы жоқ.
Құландының – құланы жоқ.
Бүркіттінің – бүркіті жоқ.
Тағылының – тағысы жоқ.
Бұғылының – бұғысы жоқ.
Теңізінің тереңі жоқ.
Өзенінің ағысы жоқ, – деп тозған табиғатты айтса,
– Құлынының желісі жоқ,
Қозысының көгені жоқ,
Атымыздың тұрманы жоқ,
Айтымыздың құрбаны жоқ,
Бәтуа жоқ ісімізде,
Сөзіміздің тұрлауы жоқ, – деп тағы да азған заманды түршіге толғайды.
Тірі бұғының мүйізін кесіп, кеселеп қанын ішкен, тірі қасқырдың терісін сыпырған қазақ үшін кербұғыдан, көкбөріден кешірім өтінеді. «Қазақ, қайда барасың!» – дейсің күрсініп. Абайдың қазақ мінезін сынаған, мінеген өлеңдерінің бар астарында әжуа жатушы еді. Қазақ атынан сөйлеп отырған ақын бір қарағанда өзін де «өлтіре» сынап отыр.
– Ер Тілеулі көп ұл сүйген
Қазақ, башқұрт, түрікменнен, қалмақтан.
Біз батырдың ұрпағымыз, – деп келеді де,
Жан баққан! – дейді, мырс етіп күліп.
– Кезім аз ба мен айтсын деген кезде,
Қара қылды қақ жарып айта алмаған.
– Талағым тарс айрылар жерлерінде,
Үндемеген қайтейін ездігімді.
– Кездерімді қайтейін бұғып қалған.
Қылышымды қайтейін боққа шапқан.
– Мойындау қандай қиын өзіңді-өзің.
Ездердің етекбасты бірімін деп.
– Үш жүздің басын қосқан Ұлытауда,
Үш жүз грамм ішіп тұрды үш қазақ.
Кешегі қазақ – бүгінгі қазақ.
Сұмдық контраст емес пе.
– Досы да жоқ сеніскен, қасы да жоқ,
Бар дұшпаны – қатыны үйіндегі.
– Ел мен жердің тағдырын не қылады,
Түгел болса ұпайы бір басының, – деп қазіргі ұрпақтың, «жаңа қазақтың» бейнесін айнадан көргендей көрсетеді.
Сол баяғы «күркіреуі бар, жауары жоқ» қазақы мінез... Тегінде, Жүрсінді ерекшелейтін де осы сақпандай сарт еткізіп қарап тұратын мінезі-ау. Оңашада өзің де мойындауға жасқанатын, бірақ бұлтарып кете алмайтын, өмірі қуыстанып өтуге мәжбүр ететін бір шындықтар болады. Сондай шындықтың бірі – ана туралы. Иә, сенің де, менің де, оның да, керексе күллі қазақтың шындығы.
– Төсегін ең соңғы рет жинағасын,
Аһ ұрып, «анам-ау» деп қиналасың.
Құдықтан су әкеле жатқанында,
Иықтан алып па едің иінағашын?
– Салдырап екі қары талған кезде,
Қолынан алып па едің диірменін?
– Қолына су құйып па ең құрақ ұшып,
Кебісін салып па едің киінгенде?
– Салып па ең бар ақшаңды қалтасына?
– Малып па ең екі қолын жылы суға,
Алып па ең дұрыс келін білетін бап?
– Қасында отырып па ең үнің шықпай,
Мұқатса оны келін қасын керіп?
– Анаңды әлпештеп пе ең алақанда,
Сөзіне сөз қайтарып жекімеп пе ең?
– Тірлікте жете алмасаң қадіріне,
Жылама, көзіңе онда құм құйылсын!
Жыламаған қайда? Өзегіңді өкініш кернеп, қыстыға жылайсың. Жалпы, Жүрсінде әйел затына деген махаббат мөлдіреп, сезімі сорғалап тұрмаса да, нағыз қазақ әйеліне тән қасиет, «шіркін, сондай болсашы» деп арман еткен қасиет – «Қасымның жары – ақынның жары» өлеңінде тамаша айтылған. Оған бір сөз қосу да, алу да мүмкін емес.
Махамбет мінез. «Шамдансам, шалқамнан түсер асаумын, шамырқансам – сынар болатпын», деген екен қайран ер кезінде. Жүрсіннің де кей жырларындағы Махамбет мінез – өрлік, тарпаңдық, тіпті, тентектік мені таңдандырды. Бұл не? Ерлік пе, әлде «алдынан найза бойы жар келсе, жабыдайын жалтаңдап, түсер жерін қарамас» ақкөздік пе?
Алдымен қазағының бейғам тойшылдығына, жомарттығы – жалтақ, жағымпаздыққа, ақкөңілділігі – ақымақтыққа, нанғыштығы – намыссыздыққа айналып бара жатқанынан шошынады.
– Жібімей ме Жаратқан жаббар әлі.
Айырмай-ақ қойдың-ау, ақ-қараны.
Табағыңа түсетін сыбағаңды.
Тағы біреу қымқырып ап барады.
– Басыңа кеп мен азан шақырайын.
Бастығырылып жатырсың, оян, қазақ! –дейді. Әрі қарай сөйлеп тұрған ақын емес, қазақ деген халық.
– Ел боламыз дегенсің,
Еркі өзінде егемен.
Жұрт бал жалап жатқанда,
У ішемін неге мен?
– Тістей-тістей тілімді.
Тілім әбден тілінді.
– Жандайшабың шаршатты,
Шаш ал десе, бас алған.
Махамбет мінез, Қасым қайсарлық, тарпаңдықтың ешбір арнаға сыймай асып-төгіліп, поэзиядағы форма, ұйқас, буын, бунақ нормаларын «белден басып», тіпті саясат, идеология сынды бөгеттерді тасқындай бұзып кеткен бір өлеңі «Тәуелсіздік тойы» өлеңі. Ақынның ғана қиял дүниесіне сиятын асқақ романтика... Күлтегін қағанның күмбір-күмбір үні, Ақтамбердінің күркіреген дауысы, Бұқар бабаның күңіренген күйзелісі келеді құлаққа. Тірі қазақ түгілі, өлген қазақты көрінен тұрғызатын өлең ғой мынау. Ерлік, ірілік, тектілік, дәулет...
– Аспанға шарбы бұлттан шатыр тұттырып.
Отар-отар қойымды,
Үйір-үйір жылқымды,
Келе-келе түйемді,
Баталы құлдарға жайратып.
Үш жүзге сауын айттырып,
Саба-саба қымызды
Сарыкеңгірдей ағызып,
Күбі-күбі қымыранды
Қаракеңгірдей ағызып.
Қазанды бүлк-бүлк қайнатып,
Сарала сере қазыны
Ақындарыма былқ-былқ шайнатып,
Немере-шөберелерімді
Кемпірқосақпен ойнатып,
Қытай менен қалмаққа
Қонағымды күттіріп,
Орыстың ойнақтаған сұлуларын
Саулы інгендей ыңырантып,
Бура санды бұла жігіттеріме қызмет еткізіп,
Беу, дүние-ай, айтарын айтып өлген ақында да арман бар ме екен.
«Іші – алтын, сырты – күміс сөз сарасы». Теория тілімен айтсақ, Жүрсін сыршыл лиризмнің емес, сыншыл реализимнің ақыны дедік. Бұл да шартты ұғым. Болмаса шумақтары шамырқанбаса, туламаса, бұла сөздері сезімді сілкімесе, жүректі жұлқымаса, «жүректің басына у төгілгендей, жылатып – күлдірмесе», санаңды сарсаңға салып, әлдебір құпия әлемге шақырып сиқырдай арбамаса, сағындырмаса, зарықтырмаса, өлең болмай адыра қалғаны да. Оқырманды мойындататын да осы құдірет қой. Қанша қаламгер туралы жазсам да осыны қайталаудан танған емеспін. Қаламгердің тілін құйқалы, сүмелі, шөгел ететін, торғындай торқа көркем ететін, жанарды жеп, көзіңді суыратын – көне сөздер байлығы ғой. Бұл күнде көзден бұл-бұл ұшып, екінің бірінің қолына түсе бермейтін нағыз таза қанды қазақы, текті сөздер. Бұл жағынан Жүрсін қалай мақтаса да сыяды. Тумысынан жаны қазақ, тілі қазақ.
Әмина Құрманғалиқызы,
сыншы
АЛМАТЫ