Алдағы уақытта Қазақстан теміржолының Семей жол бөлімшесіндегі теміржолшылары үшін ерекше кезең басталмақ. Мәселен, аймақтағы автокөлік, ұшақ қызметін пайдаланушы ірі өндірістік компаниялардың теміржол қызметіне көшуі жүк тасымалын арттыратын болса, жаңадан бой көтеріп жатқан «Ертіс» көлік-логистикалық орталығы, сауда терминалдары транзиттік әлеуетті еселемек. Одан бөлек, бөлімше басшысы Марлен Көкірекбаевтың бастамасымен теміржолшылардың әлеуметтік ахуалын жақсарту және бөлімше мекемелері аумағын абаттандыру саласында бірқатар жоспарлы істер межеленуде. Ал бұл ретте, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Семей жол бөлімшесі филиалы басшылығы өңірдегі атқарушы билікпен тығыз әріптестікте қарқынды іс-әрекетке көшетін болады. Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын іске асыру аясында, өңірлер қуаттылығын арттыруда теміржолшылар мен жергілікті билік арасында бірлесіп шешер мәселелер көп. Міне, осы мақсатта, алдағы уақытта Семей жол бөлімшесі басшылығы әкімдікпен бірлесіп, нақты іс-шаралар жоспарын орындауға көшпек. Бұл жайында өңір басшысы Ермак Сәлімовтің бөлімше мекемелерін аралауы барысында кеңінен талқыланды. Теміржол саласының ел шығысындағы экономикалық әлеуетіне қосар үлесін бағамдау мақсатында және жергілікті сала мамандарының тыныс-тіршілігімен танысу үшін қала басшысы алдымен бірқатар мекемелерді аралады. Семей стансасында болып, пойыздардың маневрлік қозғалысы, вагондарды сұрыптау және қауіпсіздік шараларымен танысты. Қазіргі күні телімдегі контейнерлік жылжымалы құрамдардың жүріс өнімділігі үш есеге дейін артқан. Өндірістегі жетістіктермен танысқан Ермак Бидахметұлы сұрыптау дөңесіндегі үдеріс барысына да қанықты. Сондай-ақ, Семей локомотив пайдалану депосында отандық өнім – Эволюшн тепловоздарының қызметі, машинистер еңбегіне де куә болды. Бұл жайында депо директоры Дәулет Ыдырысов таныстырды. Қазіргі күні локомотив шаруашылығында да компьютерлендіру ісі жолға қойылған. Мәселен, машинистер бригадасын жұмысқа жіберу барысындағы автоматтандырылған тексеру, ұшақ «қара жәшігі» тәрізді тепловоз кабинасындағы іс-әрекеттердің дыбыс жазбасын сақтайтын қондырғы қызметі, қауіпсіздік т.с.с. шаралар жаңашыл технологиялар аясында жүзеге асып отыр.
Осы ретте, локомотив шаруашылығында қолданылатын, құрылысқа арналған құмның қажеттілігі жайында сөз қозғалды. Локомотившілер оны іргелес облыстан жеткізеді екен. Өңір басшысы жергілікті құмды арнайы сараптамадан өткізіп, қолданысқа енгізуді ұсынды. Бұл тарапта атқарушы билік көмек жасауға әзір.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ Семей жол бөлімшесі филиалының басшысы Марлен Көкірекбаев сала мамандарымен кездесуге ағымдағы жылғы жетістіктер жайлы ақпараттандырып өтті.
– Бүгінде жаһандық дағдарыс салдарына қарамастан бөлімше бойынша жүк тасымалы оншалықты кеміген жоқ. Мәселен, осы кезеңге дейін Дегелең стансасында 900 мың тонна көмір тиелініпті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен жоғары. Маусымдық жағдайға байланысты жүк тасымалының 62 пайызын қатты отын құрайды. Сондай-ақ, өңірдегі кәсіпорындар өндіретін құрылыс материалдары да басымды үлеске ие. Оның ішінде цемент пен орман шаруашылығының өнімдері мол, – деп атап өтті М.Көкірекбаев.
Ал қала басшысы бүгінде 6 мыңнан аса еңбеккері бар ҚТЖ-ның Семейдегі филиалы облыстағы ең ірі салық төлеуші мекеме екенін айта келе, аймақтағы әлеуметтік мәселелерді бірлесіп шешуде ортақ келісім қажет екенін айтты. Мәселен, шпал мен өндіріске қажетті құм алуда жергілікті кәсіпкерлерге қолдау жасауға шақырды. Сонымен қатар, Президенттің «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында Семей өңірін дамытуға бөлінген 1 млрд. 800 млн. теңгені игеруде теміржолшылардың да әлеуметтік ахуалын жақсарту көзделіп отырғанын жеткізді. Бұл ретте теміржол вокзалы алаңы абаттандырылмақ.
Тағы бір жайт, жергілікті бюджетке 700 млн.-нан аса қаражат теміржолшылардың салығы есебінен түседі екен. Ал облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша, қаланың қаржы қоржынын өзінде қалдырып, одан тиісінше қаражат бөлу арқылы шаһарды көркейту ісі жолға қойылып отыр. Ал креативті бастамалары мол бөлімше басшысы Марлен Кәрімұлы бұл ретте, теміржол ауданын көріктендіру жоспарын ұсынуда. Бұл шаралар алдағы уақытта бірлесіп атқарылмақ.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА
Семей