Алматыға ресми сапармен Мысыр туризмінің әкімшілігі мен Мысыр мейманханашылары қауымдастығының өкілдері атбасын бұрды, олар журналистермен туризм нарығының ахуалы турасындағы ақпаратпен және осы саладағы жаңа бастамалармен бөлісіп, сондай-ақ, мысырлық шипажайлардың туристік қызметінің жаңа мүмкіндіктерін паш етеді. Ресми делегациямен қатар Алматыға 13 жетекші мысырлық туристік операторлардың өкілдері де келді. Мақсат – туристік қызметтер көрсететін қазақ компаниялармен нәтижелі ынтымақтастық орнату.
Сонымен, бірден Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев пен Оңтүстік Синай губернаторы Халид Фуда екі аймақтың туризм саласындағы ынтымақтастығы туралы меморандумына қол қоюдан басталған баспасөз мәслихаты тұсаукесерлерге ұласты.
Мысыр елі үшін туризм саласы ерекше мәнге ие. Ал енді соңғы 60 жылда әлемдегі туристер саны бір жылда 25 миллионнан 1 миллиард адамға дейін артты, бұл сала тұрақты түрде өсуде және қазіргі таңда ғаламшарымыздың әрбір 11-ші тұрғыны туризм саласында қызмет етуде. Дәстүрлі түрде туризм Мысыр экономикасының ең маңызды құрамдастарының бірі болып табылады: 4 миллионнан астам мысырлықтар туристік салада жұмыс жасайды, ел ІЖӨ-сінің 12 пайызға жуығы туризмнен түсетін табыс. Соңғы онжылдықта Мысырға бағыт алған туристік ағын үш есе артқан (5-тен 15 миллионға дейін), ал курорттардың сыйымдылығы 18 мың бөлмеден 280 мыңға дейін өскен.
Саяхаттағанды сүйетіндер үшін Мысыр ең қолжетімді және тартымды туристік бағыттардың бірі болып қалуда, ол демалушыларға көне мәдениет пен заманауи курорттық инфрақұрылымның қайталанбас үйлесімін, жыл он екі ай бойы тамаша ауа райын, бірден курорттарға тікелей жақын маңдағы бірнеше заманауи әуежайларға ұшып келу мүмкіндігін және түрлі деңгейдегі және баға аралығындағы ыңғайлы қонақ үйлерді таңдауды ұсынады.
Қазақстан тұрғындарына арналған Мысырдағы туристік мүмкіндіктерге келер болсақ, Мысырдың туризм министрлігі және мысырлық туроператорлар екі елдің тиімді ынтымақтастығының жалғасуына ниет білдіріп, бүгінгі күні қазақстандық туристерге жоғары сападағы қызметтердің жаңа тартымды қатарын ұсынуға даяр. 2014 жылғы Қазақстаннан Мысырға бет алған туристер ағынының біршама саябырсуынан кейін қазақтар арасындағы мысырлық курорттардың танымалдылығы қайта артты: өткен жылда Мысырға Қазақстаннан 22 мыңнан астам қонақ барса, ең сәтті сапарлар желтоқсан, қаңтар және наурыз айы деп есептелінеді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ