10 Маусым, 2016

«Үміт» үйінің үміткерлері

288 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
IMG_9556«Қазцинк» қызметкерлерімен кездесті Таяуда «Қазцинк» ЖШС қызметкерлері Өскемендегі «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездесу өткізді. Еліміздегі ірі металлургиялық кешеннің мамандары балалармен сұхбатты Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жастық шағында Қарағанды металлургиялық комбинатында шыңдалып, өмірдің үлкен белесінен өткенінен, Шығыс Қазақстан өңіріне келген жұмыс сапарларында жергілікті металлургтермен жиі жүздесетінінен бастады. IMG_9561Жалпы, бұл кездесу «Үміт» үйінің тәрбиеленушілеріне үміт сыйлаған жарқын кездесу болды. Түсті металлургия өндірісінің майталмандары жастардың келешегіне азық боларлық кәсіп, болашақта маңдайын жарқырататын маман­дық таңдау туралы әңгіме шертті. – Адам алдына биік, бірақ орындалатын мақсаттар қоюы керек. Қазіргі дағдарыс кезеңінде қандай кәсіпорындар ағысқа қарсы талмай жүзіп келе жат­қанын қараңыздар. Олардың арасында біздің компаниямыз да бар. Иә, біз дәл қазіргі уақытта әлемдегі түсті металл құнының төмендеуін бастан өткерудеміз. Бірақ шығарылатын өнімдердің әртүрлілігінің арқасында, кәсіп­орынның жағдайы тұрақты. Кірістің 60 пайызын тұрақты сұранысқа ие алтын өндірісі бе­реді. «Қазцинк» – Қазақстандағы құнды металдардың ірі өндірушісі. Сондықтан, қазіргідей қиын сәтте кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуі экономикамыз үшін өте ма­ңызды, – деді «Қазцинк» ЖШС-ның әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев. Андрей Павловичтің айтуынша, қандай қиындық туса да «Қазцинк» қызметкерлерін қысқартпайды. Бүгінде кәсіп­орында 350 бағыттағы мамандық иелерінен құралған 25 мың адам жұмыс істейді. Алып кәсіпорынмен әріптес болып отырған түрлі саладағы мердігер-серіктестіктер де жетерлік. Бұл кездесуде «үміттіктер» ком­па­нияның жетістіктері мен мүм­кіндіктері туралы фильмді тамашалады. Кәсіпорынның жастар кеңесінің белсенділері Виктория Грохотова мен Артур Мышагин «Қазцинкте» жұмыс істеуге қа­лай келуге болатындығын әң­гі­меледі. Олардың айтуынша, кез келген жасқа жұмысқа деген құлшыныспен бірге білім де қажет. Сондықтан, Шығыс Қа­зақстан облысының орта және жоғары оқу орындарымен, оның ішінде Өскемендегі Д.Серік­баев атындағы Шығыс Қазақстан мем­лекеттік техника­лық уни­вер­­ситетімен, политехникалық және гуманитарлық-техникалық, Риддердегі аграрлық-техни­ка­лық және көп салалы, Зыряндағы аграрлы-техни­калық, құрылыс және көлік колледждерімен тығыз әріптестік байланыс орнатқан. Компания университеттердегі «түсті металлургия», «тау-кен маркшейдер ісі», «түсті металды байыту» және тағы басқа ма­мандықтар даярлайтын фа­культеттердегі студенттерді оқу мерзімінде-ақ таңдап, мақ­сатты бағдарламаларды іске қо­сады. Өскемен металлургиялық кешенінде 2011 жылдан бері ШҚМТУ кафедрасының филиалы жұмыс істейді. Аталған кафедрада оқу үдерісі университет­тегі оқу бағдарламасымен қатар жүр­­гізіледі. Яғни, ІІ курста сту­денттерді іріктеп алса, ІІІ-ІV курста қосымша даярлау бағ­дарламасымен филиалда оқытыла бастайды. Студенттер міндетті түрде техникалық ағылшын ті­лін меңгереді. ІІІ курстан кейін болашақ мамандар өндірістік тәжірибеден өтеді. Оқу уақытында оларға шәкіртақы төленеді. Оқу­ды аяқтаған кезде студенттер дипломмен бірге компаниядағы жұмыс орнына кепілдік беретін кафедра филиалының сертификатына ие болады. Филиалдағы оқытуды «Қазцинктің» үздік мамандары жүргізеді. Компанияның Еңбек ре­­сурс­тары басқармасының бас­тығы Мария Куимованың айтуынша, мамандықты кәсіпорындағы жұмыс үдерісі барысында алуға да болады. Яғни, олар қоғам­ға қажетті немесе қызықты шығар­ма­шылық мүмкіндіктерді кеңінен жүзеге асыруды қолдайды. Мария Александровна балалар сауалына орай, кәсіпорында металлург пен қорытушы сұранысқа ие мамандықтар қатарына жататынын айтты. Бұл мамандықтан әрі қарай қызметтік өсуге қол жет­кізуге болады. Өйткені, олар өндірістің барлық технологиялық үдерісін біледі. Металлургтің мықты адам бол­ғаны абзал. Жұмыс ауыр, бірақ онда қара күштің иесі болу аздық етеді. Ішкі рухани өзегі барлық қиындықтарды еңсерерліктей шыдамды, шыңдала түсуге бейім жан ғана металлург бола алады, деді А.Лазарев. Бұл сөзді өзінің «Қазцинктегі» еңбек жолы туралы айтып берген «Нұр Отан» партия ұйымының төрағасы, Өскемен қаласы мәслихатының депутаты Нұрлан Омарбеков те қостады. Университетті «металлургия» ма­мандығы бойынша бітірген соң балқытушы болып жұмысқа ор­наласқан ол алғашқы күндері қатты шаршағаны соншалық, үйге келгенінде келесі кезекке дейін дел-сал болып ұйықтайтынын, бірте-бірте ауыр жұмысқа көндігіп, цех, бригада мен жұмысшылар өмірінің бөлінбес бір бөлшегіне айналып кеткенін жеткізді. Сондай-ақ, ауыр жұмысқа жақсы еңбекақы төленетінін, біртіндеп табысын пәтер, кейін көлік сатып алуға жинақтағанын, қоғамдық өмірге белсене араласа бастағанын айтты. Сондықтан, ауыр жұмыстан қорқудың қажеті жоқ. Бастысы, алғашқы айда шыдамдылық таныту. Оның үстіне бүгінгі мырыш өндірісі біз жұмысты бастаған кезге қарағанда сапа, автоматтылық жағынан айтарлықтай өсті, деді металлургтер арасынан депутат атанған Н.Омарбеков. Ал қызметкерлерді оқыту және дамыту басқармасының бастығы Светлана Плотникова кәсіпорын­да қатаң тәртіптің сақталатындығын, жауапкершілік танытпағандар мен жаман әдеттерге әуес жандар жұмыстан шеттетілетінін де жасырмады. – Әрине, казармадағыдай әс­кери тәртіп деп ойлаудың қажеті жоқ. Тәртіп үлкен жауапкершілікті сезіндіреді. Жұмысқа адам ты­нығып, сау санамен келуі тиіс. Әйт­­песе, жарақатта­нып қа­луың, өзің­нің, болмаса өзге әріптестеріңнің өміріне қауіп төнуі мүмкін. Ең бас­тысы, еңбек, еңбек бәрін жеңбек, – деді Андрей Лазарев. Кездесудің «Үміт» үйінің балаларына жақсы әсер қалдырғаны болар, олар металлургиялық кешенмен танысу үшін саяхат ұйымдастыруды өтінді. Айта кетелік, қазір балалар үйінде 200 тәрбиеленуші болса, олардың 30-ы биыл 9-11 сыныптарды аяқтайды. Компания жетекшілері балалардың арман-мақсаттарын тыңдап, олардың оқу оқып, кәсіпорынға жұмысқа келулеріне, батыл шешім қабылдаған бала­ларға қажетті жағдай жасауға барлық мүмкіндіктердің барлығын жеткізді. «Үміт» үйі балаларының үмітін оятқан осы кездесу талай баланың жүрегіне от жаққаны анық. Олардың арасынан келешекте алтын шайқап, мыс қазатын металлургия майталмандары көптеп шығуы ғажап емес. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»  ӨСКЕМЕН