10 Маусым, 2016

Болашағы зор жаңа бағдар

292 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
транзиттік жолдарының тынысыЕліміздің транзиттік жолдарының тынысы кеңейе бермек. Мәселен, Аспанасты елінің астанасы Бейжіңде Қытай – Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол бағдарының тұсаукесер рәсімі өткізілген болатын. Бұл халықаралық шара елімізден өтетін жүк көлемін арттырумен қатар, экспорттың ұлғаюына да өз әсерін тигізері анық. Шараны Қазақстан мен Түрікменстан мемлекеттерінің Қытайдағы елшіліктері және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бірлесіп ұйымдастырған. Мемлекет басшысының сәуірдегі Тегеранға сапары барысында Қа­зақстан Иранмен бірлесіп «Жібек жолы» бағдарының көліктік-логистикалық әлеуетін дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасын қабылдаған болатын. Бұл бағдарлама бәсе­келестікке сай тариф белгілеу мен шекара­лық стансаларды дамытуды және шекарадан өту мерзімін қысқартуды, Қытай – Қазақстан – Түрікменстан – Иран – Үндістан бағытында және кері бағытта жүк айналымын ұлғайтуды көздейді. Аталған магистраль Қазақстан мен Қытайдың «Нұрлы Жол» және «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бағдарламасының нақты орындалуының көрсеткіші болып табылады. Жаңа теміржол желісі бағыттың бәсекелестігі мен контейнерлік тасымал қыз­метін жандандыра түсетін жоғары көліктік әлеуетке ие. Біздің елде құрлық дәліздері арқылы транзиттік көлік әлеуетін көтеру тиімді. Осы орайда теміржол желісі мен логистикалық инфрақұрылым жасақталып, жүктерді жеткізуді жеделдету мен көліктік шығындарды айтарлықтай қысқарту жүзеге асады. Тұсаукесер рәсімінде сөз сөйлеген ком­­­­­па­ния­ның логистика жөніндегі вице-президенті Қанат Алпысбаев қазіргі таңда Ляньюньган портындағы Қазақстан – Қытай терминалын, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА бірлесе пайдалануға зор мүмкіндіктер бар екенін айтқан. Ляньюньган портындағы логистикалық терминалда өткен жылы 193 мың контейнер өңделген. Сондай-ақ, аталған порттан Орталық Азия мен Қазақстанға 498 контейнерлік пойыз жіберіліпті. Бұйыртса, 2020 жылға қарай терминал арқылы жылына 500 мың контейнер жөнелтілетін болады. Бүгінде осы портта ШЫҰ логистикалық аймағын дамыту жоспарлануда. Ол арқылы 2020 жылға қарай 2,2 миллион контейнер жүкті шоғырландыруға болатын көрінеді. Негізі, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА Қытай – Ресей – Орталық Азия – Оңтүстік Кавказ, Еуропа бағытына шығатын жүк ағындарын шоғырландырудың көліктік-логистикалық хабы болып табылады. Өткен жылдың екінші жартысында Құрғақ порт арқылы 14 мың контейнер өңделген. Иран тарабымен бірлесіп көліктік-логистикалық инфрақұрылым жасақтаудың жол картасы бойынша Инчебурун стансасы, Бандер – Аббас теңіз порты контейнерлік терминалында да тиімді жобалар жүзеге асырыла бастаған. Біздің ел Қытайдың бизнес қауымдастығымен Түрікменстан арқылы Иран бағытына, Парсы шығанағы елдеріне транзиттік контейнерлік тасымалда кешенді мультимодальдық сервистік қызмет көрсетуге дайын. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан»