Қызылорда қалалық мәслихатының соңғы екі шақырылымындағы депутаты, облыстық кәсіпкерлер палатасының төрағасы, «Аквалайн» серіктестігінің бас директоры Ғалымбек Жақсылықов осындай дәрежеге қалай жетті? Қарапайым ғана отбасыдан шығып, отызында орда бұзып, жұрт қызығарлықтай жетістікке жеткен жігіттің табыс формуласы қандай?
Тоқшылық кеп, 90-жылдардағы тоқырауды ұмытып кеткендейміз ғой қазір. Әйтпесе, сол кездері ішерге ас, киерге киім таппай қиналғандардың көп болғаны шындық. Ғалымбектің бозбала шағы сол уақытқа сәйкес келді. Студент еді. Үйелмелі-сүйелмелі шаңырақтың шығыны да аз емес-тін. Сондықтан ата-анасына салмақ салмай, өз бетінше жетілуді жастайынан ойлады. Ең алдымен өзінің күнделікті шығынын есептейтін дәптер арнады. Күн сайын қанша тиын жаратқанына дейін жазып отырды. Солайша, айлық шығынын есептеп шығарды да, солардың арасынан мақсатсыз жұмсалған қаржыны тапты. Келесі айда ондай артық ақша жұмсалмайтын болды. Дәл сол шақта Қызылордадан «Темірхан ТВ» деген жекеменшік арна ашылды. Жас жігіт телеарна басшылығына өзінің бағдарламасын ұсынды. Журналистиканың ауылынан алыс болса да, Ғалымбектің талабы ұнап, қабылданды. Сөйтіп, ол «Темірхан ТВ» арнасында қылмыс хроникасын жүргізе бастады. Операторын ертіп алып қалада орын алған қылмыстық оқиғалардың басында жүрді. Жалақысы көп болмаса да, өзінің қажетін өтейтін. Бірақ телеарна екі-ақ жыл жұмыс істеді. Сосын жабылып қалды. Енді не істеу керек? Әрі-бері ыңғайлы жұмыс іздеп көріп еді, реті келмеді. Ақыры, кондукторлық жұмыс тапты.
Кеше ғана телеарнада елдің алдына шығып жүрген жігіт бүгін билет кесіп отырды. Бірақ оған арланған жоқ. «Адал еңбек, маңдай теріммен тапқан табысым үшін ұялуым керек пе?» дейді өзі.
Оқу бітірер жылы дарияның бойынан алақандай жерді жалға алып, демалушылар үшін кәуап сатпақ ой туды. Ойға алғанын жүзеге асыруды жастайынан әдет қылған Ғалымбек бірден іске кірісіп кетті. Сөйтсе, кәуаптың қалай жасалатынын да білмейді екен. Бір досына өтініш айтады. Түнімен екеуі етті бұқтырып, тұздап, дайындайды. Таңертең жағажайға барып, еттің бетін ашып қалса... сасып кетіпті.
Амал жоқ, кәуаптың қыр-сырын білетін адам жалдап, өзі содан үйреніп, жұмысын бастайды. Дегенмен, сол жылы күннің көзі ашылмай, демалушылар аз болып, жұмысы жүрмейді. Табандылығы сол, пайда таппаса да қаракүзге дейін жағажайдағы жұмысын жалғастыра береді.
Кәсіпкерліктің дәмін татқан жігіт өзі тұратын Қызылжарма ауылынан шағын дүкен ашады. Ең алғаш базарға барып 500 теңгеге құрт, шоколадтар мен сағыз сатып әкеледі. Екі-үш айдан кейін 800 теңгеге зат алатын болды. Одан айналымы 1000 теңгеге жетті. Ал 1200 теңгеге сауда жасағанында өзін шын бақытты сезінді. Соның өзін үлкен жетістік санап, шүкіршілік қылғанын әлі күнге ұмытпайды.
Қазір өзі басқаратын «Аквалайн» ЖШС-інде елуден аса адам жұмыс істейді. Ал мекеме тұтастай Қызылорда қаласын таза ауызсумен қамтамасыз етіп отыр десек те болады.
Ғалымбектің тауыспаған оқуы жоқ. Бизнеске қажетті білімнің бәрін жиған. Өзі каратэден қара белбеу иегері. Жаттықтырушылықпен де айналысты. Шәкірттері облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардан жүлдемен оралды. Қысқасы, бесаспап жігіт. Білімді, білікті, кәсіпкер, жомарт азаматтың өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі боларлықтай деп ойлаймыз.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
ҚЫЗЫЛОРДА