11 Маусым, 2016

Бірлік пен тұрақтылық мақсатқа жетуіміздің басты алғышарттары

403 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
01-28Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төраға­лығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Жиында биылғы 5-6 маусымда Ақтөбе қаласында орын алған оқиғаға баға беріліп, елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралардың тізбесі анықталды. Сондай-ақ, Бас прокурор Ж.Асановтың, Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы В.Жұмақановтың және Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаевтың баяндамалары тыңдалды. Қазақстан Президенті қаза болған әскери қызметшілер мен еліміздің бейбіт тұрғындарының туған-туыстары мен жақындарына кеңес мүшелерінің және жеке өзінің атынан көңіл айтты. Қаза болғандардың отбасыларына мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсетілетіні атап өтілді. Нұрсұлтан Назарбаев қылмыс­кер­лерге қатысты әрекеттерді қолдағаны және кешегі Ұлттық аза тұту күнінде бірлік көрсеткені үшін барша қазақстандықтарға алғыс айтты. Мемлекет басшысы полиция, Ұлттық ұлан, арнаулы бөлімшелер қызметкерлеріне террористерге лайықты қарсы тұра білгендері үшін ризашылық білдірді. Қазақстан Президенті жасалған шабуылдарды мәнсіз және зұлым әрекет ретінде атап өтті. – Мұның дәстүрлі емес салафизм діни ағымы жолын ұс­тану­шылар тобының террористік шабуылы екенін біз қазір біліп отыр­мыз. Республикада дін ұстану бос­тандығына кепілдік бере отырып, біз діннің атын жамылып елдегі жағ­дайды ушықтырушылардың барлығына қатаң тойтарыс беру ниетіндеміз, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев терро­рис­тердің жоспарына қарамастан, бейбіт халық арасында көп адам шығынына жол берілмегеніне назар аударды. – Күш құрылымдарының әре­кеті қылмыскерлердің түгелге жуы­ғының көзін жоюға мүмкіндік берді, бірнешеуі іздестірілуде. Біз­дің құқық қорғау органдарымыз бар­лығын табады деп ойлаймын, олар тиісті жазасын алатын болады. Террористік актілер қоғамның көңіл-күйін өзгертті, халық оларды әділ айыптап, батыл әрекет күтеді, – деді Қазақстан Президенті. Осы орайда Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық және жүйелі сипаттағы бірқатар тапсырмалар берді. Атап айтқанда, Қазақстан Президенті Үкіметке екі айдың ішінде терроризм мен экстремизмге, қару айналымы мен оны сақтауға және сатуға қарсы әрекет ету саласындағы, көші-қонды және діни бірлестіктерді реттеу саласындағы заңнамалық бастамалар жиынтығын әзірлеуді тапсырды. – Халықаралық террористік ұйымдарға қатысы бар Қазақстан азаматтарын жазалау шараларын күшейту мәселесін қарас­тырған жөн. Бұл ретте, олар мемле­кетіміздің мүддесіне сатқындық жасап, өз Отанына қарсы соғыс жо­лына түсіп отырғанын ескеру қажет. Бұдан бөлек, террористік қауіп жөніндегі дабыл бойынша өткізілуі ықтимал арнаулы шұ­ғыл шаралар ұйымдастыру жеңіл­детілсін. Осы заңнамалық баста­малардың барлығын биылғы заң шығару жұмысы жоспарына енгізу қажет, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев болып өткен оқиғалар әлеует құры­лым­дарының жұмыс тәсілдерін түбірімен қайта қарау қажеттігін көрсеткенін айтты. – Заңнамамызды қатайтып, осы салаға қатысты қабылданған бағдарламаларға талдау жүргізетін және тиісті өзгерістер енгізетін кез келді,  – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы АҚШ, Израиль, Германия және өзге де бірқатар шет мемлекеттерде шет­тен келетін қаражаттың пай­да­ла­нылуының жариялылығын қам­та­масыз етуге бағытталған түр­лі тә­сілдер қолданылатынын атап өтті. – Үкімет осы тәжірибені қа­растырып, Қазақстанда біздің азаматтар мен ұйымдардың шетелдерден қаржыландырылу ісінің мониторингін енгізуге қатысты ұсыныстар беруі қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті қарудың барлық түріне елімізде тыйым салу жөнінде қоғамда көтеріліп отырған мәселе мұндай  радикалды шараларды қолданбай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкіндігі тұрғысынан мұқият зерттеуді қажет ететінін айтты. – Заңнамалық тұрғыдан қару айналымын, оны сақтау тәртібін қадағалау күшейтілсін, бұл тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілік қатайтылсын, осы қызметпен айналысатын барлық субъектілерге кешенді тексеріс жүргізілсін. Ішкі істер министрлігі тез әрі рұқсатсыз қолдануға жарамды қаруды сатуға тыйым салатын, сондай-ақ, қару, оқ-дәрі және жарылғыш заттар сақталатын нысандар күзетіне қойылатын біліктілік талаптарын күшейтуді қамтамасыз етуге арналған өзгерістерді қажет болған жағдайда бір ай мерзім ішінде заңнамаға енгізсін. Бұдан бөлек, көппәтерлі үйлерде емес, арнаулы ғимараттарда болуға тиіс қару-жарақ дүкендерінің орналасқан жерлері анықталсын, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев бақы­лау­сыз көші-қонның, жерді өз беті­мен басып алғандардың заңсыз қоныстарының қылмыс үшін қолайлы ортаға айналып отыр­ғанына назар аударды. – Үкімет заманауи техно­ло­гияларға негізделген интеграл­данған миграциялық бақылау жүйесін құру жұмысын тездетіп, дактилоскопиялық тіркеу туралы заң жобасын әзірлеуге кірі­суі керек. Оған дейін  халықты тіркеуге қою және есепке алу механизмдерін орындау қам­тамасыз етілсін. Барлық әкімдерге осы жұмысты жүргізіп, әрбір жарты жыл сайын ол туралы баяндап отыруды тапсырамын. Елімізге келетін босқындардың міндетті түрде тіркеуге тұру мүмкіндігін қарастырған жөн. Осы айтылғанның бәрі заңдар мен басқа да нормативтік-құқықтық актілерде көрініс табуы керек. Бұл елдегі қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіптің мүддесі үшін жүзеге асырылады. Үкімет Ішкі істер министрлігі жанынан миграциялық үдерістерді бақылау мен реттеу және осы салада талдау жүргізу ісіне жауап беретін Көші-қон мәселелері жөніндегі ұлттық бюро құру жұмысын тездеткені жөн, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы Ақтөбе­дегі оқиғалар маңызды мекеме­лер­дің, халық көп жиналатын нысан­дардың күзетін күшейту қажеттігін де көрсетіп бергенін атап өтті. – Барлық әуежайларды, автовокзалдар мен теміржол вокзалдарын өзге елдердегідей заманауи тексеру жүйелерімен, аулаларды сапалы бейнебақылау құралдарымен жабдықтаған жөн. Бұл шаралардың бірі де азаматтарға қолайсыздық туғызбауы керек, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті терро­ристік акт және төтенше жағдай орын алған кезде жасалатын іс-әрекеттердің халыққа түсінікті алгоритмін әзірлеу қажеттігіне  назар аударды. – Әрбір үлкен қалада міндетті түрде халықты дереу құлақтандыру жүйесі жұмыс істеп тұруға тиіс, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев әс­ке­ри қалашықтарды, әскери бөлім­дерді, оқ-дәрі мен қару-жарақ сақталатын орындарды қоса ал­ғанда, барлық әскери нысандарды қорғау шараларына айрықша көңіл бөлу керектігін атап көр­сетті. Мемлекет басшысы халықпен жұмыс жүргізу ісін түбегейлі жақсарту керектігін айтты. – Әрбір жұмыссыз адам біздің есебімізде болуға тиіс. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі әкімдіктермен бірлесе отырып, әр адаммен жеке жұмыс жүргізіп, екі ай мерзім ішінде халықтың осы бөлігін жұмыспен қамту жөнінде ұсыныстар енгізуі тиіс. Қажет жағдайда Еңбек кодексіне тиісті өзгерістер енгізу жөнінде бастамалар ұсыну керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті полиция қызметкерлерімен халықтың қарым-қатынасы заңнама арқылы айқын регламенттелуі тиістігіне назар аударды. –  Полицейлерге шабуыл жасау, құрметтемеушілік факті­лері­нің барлығына құқық қорғау жүйе­сі тарапынан қатаң құқықтық баға берілуге тиіс. Қажет болған жағ­дайда заңдарға өзгерістер енгізген жөн. Форма киген адам мемлекеттің айрықша қорғауында болуы керек, қызметтік міндетін орындау барысында оның өміріне қол сұғылмаушылықтың қамтамасыз етілуіне  кепілдік берілуге тиіс. Бұл ретте полиция өкілінің өзі де соған сай болуы керек. Осыған байланысты барлық қоғамдық институттарды, азаматтық қоғамды құқықтық тәртіпті сақтау орган­дарына қолдау көрсетуге, ел қауіп­сіздігіне барынша үлес қосуға ша­қы­рамын, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев қыл­мыс­пен күресу үшін барлық қажетті ресурсты бөлу керек екенін айтты. – Неге біз мұндай шаралар қол­дануға мәжбүр болып отыр­ғанымызды азаматтарымыз дұрыс түсінеді деп ойлаймын. Еліміздегі тыныштық пен тұрақтылық – мемлекеттің дамуы үшін және біз барлық  мақсатымызға жетуі­міз үшін қажетті басты шарт. Біз бұл айтылған шаралармен шек­тел­мейміз. Жақын арада өзге мәселелер бойынша да кешенді шешімдер қабылданатын болады. Сөзімді Қазақстанның барлық азаматтарына арнаймын – біздің елімізде тыныштық пен тұрақтылықтың сақталуы қамтамасыз етіледі. Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар, ресурс­тар және адамдар жеткілікті, – деді Қазақстан Президенті. Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ