Шанышқылы Бердіқожа батырға Арқада ас беріліп, мазар тұрғызылды
«Ерді ел үшін, жігітті жұрт үшін мақта» деп қазақтың хас батырларының өткен ғасырдағы жалғасы Бауыржан Момышұлы айтқандай, көзі тірісінде ел мен жұрттың ортақ ұранына айналып, әулиеге теңелген батырлар мен абыз ақылмандар ұлтымызда аз емес. Олар қазақ мемлекеттігінің құрылуына, іргесі бекіп қалыптасуына, халықтың еншісі тұтас қалпында бүгінге жетуіне орасан зор үлес қосқан. Ел мен жердің, ұлт пен ұлыстың тағдыры шешілер тұста, жұдырықтай жұмылып, білектей бірігіп, жыраулар сөзіне жүгінсек, «қарағай басын шортан шалған», «буыршын мұздан тайған» тұста адал сүт емген ерен ұлдар ұран шақырып, жұрт намысын қамшылап, «толарсақтан саз кешіп» сынға түскен. Сын сағатта елге қорған болған батырлар жігері жасып, қанды қырғыннан қаймығып, есеңгіреп қалған елдің еңсесін көтерген. Қалғып бара жатқан рухтың қайта оянуына себепкер болған. Болу немесе бордай тозудың аз-ақ алдында тұрған жұртты қарсыласына жұмылдыра білген. Жеке басынан жалпақ жұрттың, атаның намысынан жалпы ұлттың, отбасы-ошақ қасынан байтақ Отанның мүддесін жоғары қоя білген. Сол жолда басын бәйгеге тіккен мұндай батырлардың соңына елі де зор сеніммен ерген. Оны арғы-бергі тарихқа көз салған адам айқын аңғарады.
Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ», деп айтқан көреген сөзі халқымыздың сан ғасырлық тарихи жолын әлем алдында бой тіктеп тұрып айтуымызға айқын бағыт берді. Елбасымыздың ұйытқы болуымен жария етілген «Мәңгілік Ел» идеясының да басты мақсаты – ел мен халықтың бірлігі, оның жасампаздығын, қазақ жерін қорғаудағы тарихи тұлғалардың орнын, олардың ерлігін айта отырып, атқарған істері арқылы жастарды отаншылдық, патриоттық қасиеттерге баулу, үйрету, өнеге беру. Демек, тарихи зерттеулерде, мақалаларда және басқа да туындыларда әрбір дара тұлғаның шынайы да шын орнын айқындау арқылы ұлттық идеяны ұрпақ санасына сіңіру.
Иә, қандай қолбасшы, қандай батыр болсын – бәрі қазаққа ортақ. Ерліктерін артық-кем деу ағаттық. Қарадан шығып хан болмаса да қас батыр болғандар жетіп артылады. Бірақ, мына қағидатты тарихшылар мықтап есіне сақтауы қажет: әскери қолбасшы мен батырдың рөлі мен орнының аражігін айқындап алулары қажет. Онсыз тарихи дерек бұрмаланады. Ал хандардың арасында да жауға қосарлана шауып, қол бастаған аталарымыз аз емес. Айталық, ХVIII-ХIХ ғасырларда мұндай лайықты атаққа қазақ хандары Әз-Тәуке, Қайып, Әбілқайыр, Абылай мен Кенесары және басқалар ие болған. Сондықтан, «Хан кеңесінің» шешімімен атаққа ие болғандарға өзінің шыққан руының аты қоса жалғануы бұл тегін болмаса керек. Кез келген қолбасшы, не батыр оны өзі қосып ала алмайды. Оған тиісті еңбек сіңіруі керек. Ол атақ хан мен билер, қолбасшылар, батырлар мен сұлтандар қатысқан кеңесте ел-халыққа жария етіліп, ерлігін көрсете отырып берілетін болған. Осындай зор атаққа ие болған қолбасшылар санаулы, көбі ХVIII ғасырда тарих сахнасына жоңғар-қалмаққа қарсы болған «Ұлы Отан» соғысында айрықша көзге түскендер: Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шанышқылы Бердіқожа, Шапырашты Наурызбай, Табын Бөкенбай, Тама Есет, т.б.
Міне, осынау бір батырлардың шоғырының арасынан өзінің әскери іске жетіктігімен, алғыр сөзімен, ұйымдастырушылығымен көзге түскен, «Хан кеңесінің» беделді мүшесі Шанышқылы Бердіқожаның есімі бөлек тұр. Батырдың бағын ашып, елге таныту ісінде бекем істің берік ұйытқысы болып келе жатқан «Бердіқожа батыр» қорының төрағасы, белгілі азамат, техника ғылымдарының докторы Бақтыбай Қасымбековтің ой-байламдарына зейін қойсаң, Алаш алдаспаны жайлы көптеген мәліметтерге қанық боласың.
Белді батыр Бердіқожа туралы қазақтың көрнекті қаламгері Қабдеш Жұмаділов өзінің «Дарабоз» атты романында оның достыққа берік, адамгершілігі мол, қиындықта әрдайым жолдас-жораның жанынан табыла білетін қасиетті адам екенін келістіре суреттейді. Жазушының пікірінше, Қабанбайдың «Дарабоз» атануына себепші болған да сол Бердіқожаның ақбоз аты екен. Шежіреші Мәшһүр Жүсіптің: «Шанышқылы Бердіқожа – Абылай заманындағы ең атақты, ең сенімді батырлардың бірі», деген сөзі алдағы ойды бекіте түседі. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Жалаңаш баба» деген шығармасында Абылай туы астында біріккен Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шанышқылы Бердіқожа, Көкжарлы көкжал Барақ батырлар туралы айтады. Зерделі қаламгер Ақселеу Сейдімбек қазақ халқының жоңғар (ойрат, қалмақ) шапқыншылығына қарсы жүргізген «Ұлы Отан соғысында» ұлт батырының арасында Шанышқылы Бердіқожа батырдың атын ерекше атайды.
Қаламы қарымды жазушы, тарихи тақырып білгірі Мұхтар Мағауин «Шанышқылы Бердіқожа батыр» атты мақаласында былай деп сөз өрнектейді:
«... Хан Абылай аттанды дегенді естіп,
Келіпті Шанышқылыдан Бердіқожа...
Мәнісі мол, жүгі ауыр осы бір өлең жолдарын алғаш рет аспирант кезімде, ежелгі жыраулар мұрасын айғақтап, қадым кітап, көне жазбаларды қопарыстаған сәтті күндердің бірінде, қазақтың барлық ескілікті сөзін көкірегіне түйген Мәшһүр Жүсіптің «Мес» жинағынан ұшыратқан екем. Екі жүз жылдық ойрат – қазақ соғысының ақырғы, шешуші кезеңі, Абылай хан үш алашқа сауын айтып, қалмақтың бетін теріске бұрған әуелгі ұлы жорықтарының біріне дайындалып жатқан шағы болса керек. «Келіпті Шанышқылыдан Бердіқожа». Әрине, жалғыз емес. Соңында аз ба, көп пе, тастүйін жасағы бар... Мінгені Бердекемнің қара ала аяқ... Көз алдыма ақбайпақ қара тұлпарға мінген, мұздай құрсанған жаужүрек жас батыр елестеген. Сол күннен бастап Бердіқожа есіміне назар аударып едім. Ғылым академиясының қолжазба қорында «Бердіқожа батыр» атты жыр бар екен. Арнайы алдырып көрдім. Шақпақ жол оқушы дәптеріне араб әрпімен жазылған. Көлемі әжептеуір, бірақ әлдебір ұмытылған эпостың екі бөлек үзігі сияқты, аяғы және жоқ – жақсылығын көре тұра көңілім толмайды, іздегенім табылмаған. Әйтсе де, Бердіқожаның Абылай заманындағы атақты ер екені, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Керей ер Жәнібек, Көкжарлы Барақ батырлармен үзеңгілес серік, қарулас батыр болғаны аңдалған».
Мұхтар Мағауиннің сөзіне ден қойсақ, Мемлекеттік сыйлыққа ие болған «Аласапыран» тарихи роман-диалогиясындағы Шанышқылы батырдың тікелей прототипі Бердіқожа батыр екен.
Бердіқожа батыр жөнінде бізге жеткен деректердің ішінде ең бір қомақтысы әрі құндысы – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында сақталған шығысқазақстандық Ержан Ахметовтың (1879-1967 ж.ж.) көнекөз қариялардан жазып алып ел ішінде таратқан «Бердіқожа батыр» атты тарихи жыры. Бұл жырды белгілі ғалым Бекмұрат Уқатов Е.Ахметовтың аузынан 1958 жылы жазып алған екен. Мәлімет молынан. Қазақтың айтулы ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлының «Бердіқожа батыр» дастанындағы:
«Айқасып қырғызбен де, жоңғармен де, Шығыпсың атой салып жау келгенде. Түспепсің өле-өлгенше ат үстінен, Қорған боп қасиетті ел мен жерге, Қабанбай, Көкжал Барақ – жан жолдасың, Кезіпсің Сарыарқаның тау мен тасын. Кенде емес ақылға да, айлаға да, Талайдан батырлығың болған басым», – деген жолдар батырдың жорықтағы шын бейнесін береді.
Жақында осындай ұлт дарасына құрмет көрсету үлгісі болды. Ол кеншілер қаласы Қарағандыда өтті. Шанышқылы Бердіқожа батырға арналған сол алқалы жиынға, кесенесінің ашылу салтанатына құрамына елімізге есімдері белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғалымдар және батырдың ұрпақтары жиналды. Арқа төсіне ат аялдатқан қонақтарға облыс әкімі атынан құрмет көрсетілді. Одан кейінгі шара қаладағы Достық үйінде Шанышқылы Бердіқожа батырға арналған «Алаштың алдаспаны» атты басқосуға жалғасты. Облыстық тарихи-өлкетану мұражай өткен ғасырлардан бізге жеткен жәдігерлерді жинастырып, көрме ұйымдастырған екен. Көрменің төрінен Бердіқожа батыр мүсіні де орын алыпты.
Халықаралық Түркі академиясының президенті, профессор Дархан Қыдырәлі ашып, жүргізіп отырған жиынға өңір басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков, мемлекет және қоғам қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков, Өмірбек Байгелді, ақын Несіпбек Айтұлы, Ресей ғылым академиясы Этнология және антропология институтының М. Герасимов атындағы зертхананың қызметкері Елизавета Веселовская және тағы басқалар қатысты. Шанышқылы Бердіқожа батырға арналған жиынның шымылдығы қазақ мемлекеттігінің тарихында өшпес із қалдырған тұлға жайындағы мол мағлұматтарға иек артқан арнайы репортажбен ашылды. Сахна төрінде батырға арналған ән шырқалып, қобыз сарынына үн қосқан толғау төгілді. Айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлы жырдан шашу шашты.
Жиындағы алғашқы сөз Нұрмұхамбет Әбдібековке берілді. Ол Шанышқылы Бердіқожа батырдың өміртарихын зерттеуші ғалымдардың еңбегіне зор баға бере келіп, ұлан-ғайыр жерімізді пиғылы теріс басқыншылардан аман-есен қорғап қалып, біздерге аманат қылып тапсырып кеткен батыр бабаларымыздың қандайы да болса құрметке лайық екенін атап өтті.
Көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбеков атақты хан, батырларымызды ұлықтауға келгенде аянып қалмау керектігіне баса мән берді. «Мысалы, – деді ол, – кезінде Абылай ханның 300 жылдық мерейтойын Көкшетаудың түпкіріне апарып, жетім қыздың тойындай қылып өткіздік. Тарылмайтын жерде тарылдық. Содан не ұттық? Бүгінгі күнгі дағдарыс, қиыншылықтардың зардабын тартып отырғанымыздың бір себебі де осыдан емес пе екен? Менің айтайын дегенім, ардақты хандарымыз бен атақты батырларымыздың тойы Астананың қақ төрінде, өз дәрежесінде өтуі тиіс».
Ал Өмірбек Байгелді: «Біздің қазақтың жері байтақ. Неге десеңіз, басқа елдерге қарағанда, қазақта батыр көп болған ғой. Елі, жері үшін жанын пида еткен сондай тарихи тұлғаның бірі Шанышқылы Бердіқожа. Өскелең ұрпақ мұндай батыр бабаларын біліп жүруі керек. Мұның тәрбиелік мәні зор. Батырдың бейітін тауып, оның мазарын тұрғызуға қамқорлық көрсеткен, ас беріп, алқалы жиын өткізуге қолдау көрсеткен Қарағанды облысының халқына, облыс басшысына зор алғыс айтқым келеді», – деп ілтипат танытты.
Бұдан кейін сөз алған ақын Несіпбек Айтұлы Шанышқылы Бердіқожа батырдың өміртарихының, оның өмір сүрген ортасы туралы мағлұматтардың әлі де тереңдей зерттелуді қажет ететінін тілге тиек етті. Ресей ғылым академиясы Этнология және антропология институтының М.Герасимов атындағы зертхананың қызметкері Елизавета Веселовскаяның сөзіне жұрт асқан қызығушылықпен құлақ асты. Елизавета Валентиновна Бердіқожа батырдың бейнесін қалпына келтіру бойынша атқарылған антропологиялық және генетикалық зерттеулердің жай-жапсарын егжей-тегжейлі айтып берді. «Өзінің өткеніне құрметпен қарайтын халықтың болашағы жарқын болады», деді Елизавета Веселовская.
Осыдан бес жыл бұрын шілде айында қазақстандық танымал архео-логтарының қатысуымен Дағанделі өзенінің бойындағы батыр бейітіне археологиялық-этнографиялық зерттеулер жүргізілген екен. Бұл туралы Мәдениет қайраткері Мырзахан Ахмет сөзіне ден қоялық: «Бердіқожа батырдың сүйегі қазып алынып, Ресей ғылым академиясының Санкт-Петербургтегі Этнология және антропология институтының М.Герасимов атындағы зертханасына жіберілді. Мұнда Бердіқожаның сүйегін антропологиялық талдау үшін батырдың бас сүйегін реставрациялау, оны сипаттау және өлшеу, бас сүйегін жазықтық пен көлемдік шешімдер арқылы қайта қалпына келтіру, бас сүйегінің түзілісін зерттеу, әдеттегі физикалық күшін қалпына келтіру, сүйектерін рентгенографиялық тәсілде зерделеу, палеопатологиялық талдау, сүйекті изотоптық тәсілде саралау, сүйек қалдықтарын митохондриялық ДНК-сының нуклеотидтік реттілігін анықтау және анықталған мтДНК галотипінің филогенетика-талдауын жасау жұмыстары жүзеге асырылды. Осының нәтижесінде ресейлік ғалымдар Бердіқожа батырдың бет келбетін қайтадан қалпына келтірді. Дене сүйектерінің сипаттамасын жасап шығарды. Антрополог ғалым Татьяна Сергеевна Балуеваның сипаттауынша, Бердіқожа батырдың бойы 177 сантиметр болған және өзі құралпылас замандастарынан денелі келген, кең иықты, жауырынды, өн бойында артық еті жоқ, бұлшық еттері шиыршық атқан, жастайынан садақ пен суық қаруды мейлінше шебер меңгерген. Мойыны жуан әрі ұзын келген. Маңдайы кең, бас сүйегі тастай қатты, көзі өткір, шашы қалың болған екен. Жаулар қылышпен шауып кескілеп өлтірген. Сүйекті екі жылға жуық зерттеген зертхана ғалымдары Т.Балуева мен Е.Веселовская осындай қорытынды жасап, батырдың бет келбеті қалпына келтірілді. Шанышқылы елінің азаматтарынан ДНК алынып, сүйек шанышқылы Бердіқожаның сүйегі екені анықталды. Генетикалық зерттеулер Ресей ғылым академиясының Н.И.Вавилов атындағы Жалпы генетикалық институтының зертханасында жүргізілді. 2012 жылы Бердіқожа батырдың сүйегі өзінің бұрынғы орнына қайта жерленді».
Екі мүсіні сахнаның төрінде тұрды. Бірі басында дулығасы бар, Шанышқылы Бердіқожа батыр болса, екіншісі жалаңбас тұрған адам. Бір таңғаларлығы, бұл мүсіндердегі батырдың түр-тұлғасы мен оның өміртарихын зерттеуші, тікелей ұрпағы болып саналатын Бақтыбай Қасымбековтің бет-бейнесі арасындағы ұқсастық қайран қалдырды. Зерттеу мен зерделеу осылай жүрсе кейде айтылып қалатын күмәнға жол қалмайды екен.
Ұрпақтары демекші, Бердіқожа батырдың ұрпақтары арасында есімдері мәшһүр тарихи тұлғалар мен елге белгілі азаматтар да баршылық. Мысалы, Ташкентті билеген датқа Молда Қошық, атақты күйші-сазгер Қазанғап Тілепбергенұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысов, жазушы Немат Келімбетов, әнші Жамал Омарова, ғалымдар Усмадияр Маханов, Досым Сүлеев, боксшы Нұржан Сманов, тағы басқа қазаққа танымал азаматтар Бердіқожа батыр ұрпағы болып саналады.
Зады, Шанышқылы Бердіқожа батыр туралы, оның өмір сүрген ортасы, ерлік істері баспасөз беттерінде там-тұмдап айтылып жүргенмен, қалың бұқара арасына әлі де болса кеңінен тарай қоймаған. Демек, батырды ұлықтау мен дәріптеу ісі болашақта да өзінің жалғасын табуы керек секілді.
Ғалымдар Бердіқожа батыр шамамен 1708 жылы Ташкент, Шыршық маңында дүниеге келіп, 1786 жылы Қарқаралы төңірегінде қаза тапты деген деректі алға тартады. Бұған негіз ретінде батыр моласының Қарқаралы жерінде, Көкшетау мен Дуана таулары арасында, Дағанделі өзенінің бойындағы биік төбенің басында тұрғандығын дәлел ретінде келтіруге болады. Бердіқожа батырдың қазақ-жоңғар соғысына қатысуы XVIII ғасырдың 20-50-ші жылдары екен. 1723-1727 жылдары жоңғар қонтайшысы Севан Рабданның 100 мың адамдық қалың қолы қазақ жеріне қайтадан жойқын шабуылын бастап, даламызды қанға бөктірген «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңінде:
«Тауының Арқар деген аты Құлжа,
Жігіттер, атқа түйе тегін олжа.
«Хан Абылай аттанды» дегенді естіп,
Келіпті Шанышқылыдан Бердіқожа», – деп атақты Мәшһүр Жүсіп жырлағандай, Бердіқожаның қол бастап Ташкенттің түбінен Арқаға келуінің себебі осында болса керек. Тарихта 1726 жылы қазақ хандары мен сұлтандары, билері мен батырларының Күлтөбенің басында бас қосып, жоңғарларға қарсы соғысуға сөз байласқаны да белгілі. Үш жүздің баласының басын қосқан бұл жиында Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би кемеңгерліктерімен көзге түсіп, аса үлкен қайраткерлік танытқан. Сөйтіп, тізе қосқан үш жүздің әскерлері Бұланты-Білеуті өзендері аралығындағы шайқаста жоңғар жасағына ойсырата соққы бергені. Міне, осы және бұдан кейінгі қанды қақтығыстарда хан Абылайдың қасында Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбайлармен қатар, Бердіқожа да қол бастап, ел мен жерді ата жаудан тазартуға ерен үлес қосқан.
Батыр ұрпақтары, қазақ тарихына жанашыр азаматтар тізе қосып, бас біріктіріп, Қарқаралы ауданындағы Темірші ауылынан бір көш жерде тұрған бейітті жаңғыртып, жаңадан күмбезді мазар тұрғызды. Мұндай игі һәм сауапты шараға облыс басшысы Нұрмұхамбет Әбдібековтің өзі қатысып, батырдың Ресей мен Қытайдан, Өзбекстаннан және де Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген ұрпақтарына қабыл болсын айтты. Батыр басына оншақты киіз үй тігіліп, мал сойылып, ас берілді. Құран қатым түсіріліп, ел мен жер үшін жанын пида еткен есіл ердің рухына тағзым етілді.
Сүлеймен МӘМЕТ,
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Қарқаралы ауданы
Бердіқожа батыр келбетін қайта қалпына келтіру
Семипалатинск облысы картасы
(ХІХ ғ. екінші жартысы, мұрағат)
И.Г.Андреев – топограф