03 Ақпан, 2011

Жүйелі даму кепілі

371 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазақстан халқы жыл сай­ын­ғы Президент Жолдауын асы­ға күтуді үйреншікті дағ­дыға айналдырғалы көп болды. Сонау 90-жылдардың соңында еліміз ең қарапайым тұрмыстық проблемалардан күйзеліп, Елба­сының батыл да оптимизмге толы жоспарларына тұрғындар әрі үмітпен, әрі күдікпен қа­раған кездерді де бастан кештік. Болашақ дамуымыздың бастауы «Қазақстан-2030» Страте­гия­лық бағдарламасы болды. Оның өзі жыл өткен сайын позитивтік толықтырулармен байытылып келетініне де көз бен құлақ қана емес, бүгінгі шынайы болмы­сымыз куә. Тәуелсіз Қазақстан – біздің ең басты құндылығымыз. Оның әлемдік озық өркениеттің ал­дың­ғы шебінен өз орнын ойып алып, берік орныға отырып, ілгерілей беруі үшін саяси әлеуетінің биік болуы жеткіліксіз. Ол үшін алдымен өзіндік жаңа негізде үздіксіз дамитын тәуелсіз экономикасы қалып­тасуы керек екенін  Елбасы талмай айтып қана қоймай, ылғи да тиімді идеялар мен жобалар ұсынып келеді.  Соның бірі әрі бірегейі – былтыр іске асырыла бастаған Инновациялық индус­трияландырудың үдемелі жос­па­ры. Оның бір жылдағы орын­далған жобаларының өзі таяудағы 5-10 жылда еліміздің экономикасы шикізат өндіру тәуелділігінен біржолата құты­лып, тұтынуға дайын өнім шы­ғарып тарату деңгейіне көтері­летініне көз жеткізіп отыр. Биылғы Жолдауда осы тарапта іске асырылатын шара­лар­дың экономикамызды қалай түрлендіретініне  нақты да дәй­екті дәлелдер келтірілген. Ұлы экономист-философ  К.Маркс айтқандай, адамдар саясатпен, көркемөнермен, философиямен айналысуы үшін ал­ды­мен қорегі, киімі және бас­панасы бо­латындай жағдайға жетуі керек. Әрине, бұл – ең қарапайым, бірақ қай заманда да мәнін жоғалт­пайтын ең қа­жетті өлшем. Қазіргі тілмен айт­қанда экономиканың дамуы алдымен халықтың әл-ауқа­тының, тұрмыс, өмір сүру дең­гейінің жақсара түсуіне қыз­мет етуі керек. Бұл мәселеде сонау социализм дәуірінен мұраға қалған, шешімін толық таппаған күр­делі мәселелер көп-ақ. Әлемдік қар­жы­лық-экономикалық дағ­да­рыс­тың қыспағына тап бол­ған соңғы өткен 2 жыл ішінде қиын күндері қажет болады деп жиналған қор қаражаттың едәуір бөлігін бас­талған әлеу­меттік  мәндегі ны­сан­дардың құ­рылысын аяқтау, жолдар салу-жөндеу, елді мекендерді аббаттандыру, тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылықтарды қайта жөндеу, жаңалауға жұм­сау­дың өзі Мемлекет басшы­сының асқан көрегендігі болды.  Мұн­дай  шараға 1930 жылдары АҚШ президенті Ф.Д.Рузвельт тәуекел етіп, үлкен нәтижеге қол жеткізіп, елінің тарихына өз атын ал­тын әріптермен жаздырып қал­дырған еді. Біздің Нұрекең де қиын шақта осын­дай деңгейден көріне білді. Сондықтан да халқымыз Елбасына алдағы дамуымыз­дың тағдырын сеніп тапсыруы керек деп білеміз. Әлмұқан ИСАҚ, Жамбыл облысының құрметті азаматы. Тараз.