11 Маусым, 2016

Діни сенім – таным-түсініктен

1042 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ERA_5265Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің, қоғамдық діни ұйымдар мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен «Қазақстандағы дін» тақырыбында «Эксперт» пікірталас клубының отырысы өтті. Мәселе қаншалықты күрделі болса, оған қатысты туындайтын сауалдар да сан қилы болатыны белгілі. Сондықтан, клуб жетекшісі Нұрлан Ерімбетов пен журналистер қойған сауалдарға аталған министрліктің Дін істері жөніндегі комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары Серік Ораз, Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының оқытушысы Айдар Әбуов ұғынықты жауап беруге тырысты. Біздің еліміз тұрғындарының қанша пайызы діни сенімі бар, яғни мешітке, шіркеуге барып, сыйынатын азаматтар? – деген алғашқы сауалға жауап берген Ғалым Шойкин 2009 жылы жүргізілген халық санағы мәліметіне сәйкес, тұрғындардың 70 пайызға жуығының діни сенімі бар екендігі, ал Дін істері комитетінің ұдайы жүргізіп отыратын зерттеулері бойынша, халықтың шамамен 10-15 пайызы тұрақты түрде мешітке барып, құлшылық амалдарын орындайтыны белгілі болған. Бұл туралы Серік Ораз да: «Құдайға сенетін адамның барлығын діни-таным түсінікте сенімдегілер деп қабылдайды. Ал күнделікті барлық құлшылық амалдары мен парыздарын орындап жүргендерді толыққанды мұсылман деуге болады. Расында да, біздің есебіміз бо­йынша, азаматтардың 15 пайызы әрбір ғибадат-құлшылықты толыққанды орындайды деп айтуға болады», – деп жауап берді. Ал Исламдағы ағымдар жайында қойылған сауалға қатысты өз пікірін айтқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары: «Мұхаммед Пайғамбарымыз: «Мен дүниеден өткеннен кейін сендер 73 түрлі ағымдарға бөлінесіңдер. Соның 72-сі адасып жүреді де, біреуі ғана түзу жолмен баратын болған. Олар менің сүннетімді толық ұстанғандар, менің айтқандарымды ұстанып, оны кейінгі ұрпаққа жеткізетіндер және соның соңынан еретіндер» деген екен. Ал бүгінгі таңда салыстырмалы түрде, олар 73 емес, бәлкім, сол 73-тің ішінен де бөлініп-бөлініп шыққан бірнеше жүздеген ағымдар бар болуы мүмкін. Ислам атын жамылғандар мен исламофобия, дінді құбыжық ретінде көрсеткісі келетіндер туралы мәселе қозғаған Нұрлан Ерімбетовтің ой-пайымына Айдар Әбуов исламофобия кеше немесе бүгін пайда болмағанын, ол дәл қазір күн тәртібінде тұрғандығын жеткізді. Бұл туралы ол: «Исламофобия XX ғасырдың екінші жартысынан бері бар. Әрбір әлемдік дін сенім иелерін тура жолға бастайды. Соларға жол табады. Бұл жолда түрлі кедергілер кездеспей қоймайды. Бүгінде, өкінішке қарай, «жасанды кедергілердің» жасалатыны жасырын емес. Олар түрлі «желілерден», әлеуметтік, экономикалық, саяси қарама-қайшылықтардан пайда болып жатады. Осыдан келіп, исламофобия мәселесі қайта-қайта күн тәртібіне шығып тұр. Соған қарамастан, дүниежүзі елдерінің басым бөлігі терроризмді Ислам дінімен байланыстырмайды», деп түйіндеді өз ойын. Яғни, оның айтуынша, исламды терроризммен байланыстыруды мақсат ретінде қойған адам, түбінде оны әлемге солай көрсетуге ұмтылады. Алайда, бұған келіспеген Нұрлан Ерімбетов: «Ендеше, Ислам дініндегі идеологиялық-ұйымдастырушылық жұмыстар дұрыс жолға қойылмаған. Идеологтар қайда? Ақпараттық қауіпсіздік, қолдау қайда?» деп қайтара са­уал тас­тады. «Әлемнің көп елінде ислам әлемі өркениеті, мәдениеті жан-жақты көрсетіледі. Түрлі салалар бойынша жеткен жетістіктер насихатталады. Яғни, Ислам діні «терең дағдарысты» бастан кешіп жатқан жоқ. Сондықтан, біздің бұқаралық ақпарат құралдарымыз мұсылман әлеміндегі жетістіктерді кеңінен насихаттай беруі керек», деді бұл сұраққа жауап берген Айдар Әбуов. Ал Ғалым Шойкин қазіргі таңда исламды өзінің мақсат-мүддесіне пайдаланғысы келетін ағымдардың барған сайын көбейіп келе жатқанын, оны Ислам дініне назар аударушылар қатарының артып келе жатқандығымен де байланыстыруға болатынын жеткізді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»